Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Аймақтық термешілер байқауы өтті

Аймақтық термешілер байқауы өтті

Аудандық мәдениет үйінде Арал қаласының 95 жылдығы аясында сыр сүлейі Нұртуған Кенжеғұлұлының 135 жылдығына арналған «Қанекей, тілім, сөйлеші» атты аймақтық термешілер байқауы өтті.
Әр өңірден келген жыршы-термешілер бақ сынасқан сайысқа аудан әкімінің орынбасары К. Бержанов қатысып:
-«Талай дарынның бесігін тербеткен Арал өңірі де от ауызды, орақ тілді атақты би-шешендер мен арқалы ақындарды өмірге әкелген тектілер мекені. Жыр да, бақ та қонған шежірелі өлке. Белгілі жыраулардың ішінде шоқтығы биігі – Мырзастан шыққан шайыр Нұртуған Кенжеғұлұлы болды. Ұлтымыздың рухани әлемінде өшпестей қолтаңбасын қалдырған Нұртуған Кенжеғұлұлының өнерін ұрпаққа аманат ету мақсатында жыршы- термешілердің басын қосып отырмыз. Елімізде Нұртуғандай асылдың ізін жалғаушы көрнекті ұрпақтары көп болғай!»- деп өнерпаздарға сәттілік тіледі.
Белгілі шайырдың 135 жылдығына арналған жыр додасына 11 өнерпаз қатысты. Қатысушылар алдымен Нұртуған Кенжеғұлұлының терме-толғауларын орындаса, екінші кезеңде еркін тақырыпта жыр толғады.
Термешілер сайысына «Құрмет орденінің» иегері, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, термеші Шолпан Бейімбетова, жыршы-термеші, аудандық мәдениет орталығының директоры Айна Тұяқова және мәдениет орталығының қызметкері, жыршы-термеші, «Дәріқұл жырау» үйірмесінің жетекшіс Ғанибек Өмірзақов қазылық етті.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Арал ауданынан қатысқан Кеңес Әли жеңіп алды.
Жүлделі І орынға қазалылық Жанболат Өмірзақ, ІІ орынға Ақтөбе қаласынан келген Естайұлы Абдурахман және Қазалы ауданынан қатысқан Айдос Тұрар ие болса, III орынды ақтөбелік Қайроллаев Ғани иеленді.
Осылайша, сүлейлер салған сара жолды жалғап, киелі өнерге бас иген жыршы-термешілер жыр жалауын желбіретіп, мақам сазын мөлдіретіп, халықтың ыстық ықыласына бөленді.
"Толқын" ақпарат
14 қазан 2022 ж. 3 666 0