Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Дәстүрлі өнерді дәріптеген

Дәстүрлі өнерді дәріптеген

Ұлыстың ұлы күні – қашаннан қазақ халқы үшін ерекше қуанышты күн. Шығыс елдері үшін жыл басы болып саналған бұл мереке дәстүріміздің анық көрінісі. Ұлттығымызды ұлықтар шақта қаймағы бұзылмаған қазақылығымызды құрметтеуден еш тайынбаған елміз. Дәстүрлі мереке қарсаңында қазақтың әнін, үнін көкке шалқытып жүрген дәстүрлі өнерпаздарымыз жайлы айтпауға болмас.
Cыр өңірі – қашаннан хас таланттардың Отаны. Бұл өңірден түлеп ұшқан жырау, жыршы, шайырлардың, ақындардың санында шек жоқ. Әсіресе, Сыр бойының рухани орталығы болып есептелетін Арал мен Қазалы аумағы. Ата-бабаларымыздан мирас болып келе жатқан ақындық дәстүрді іргелі жалғастырушы қасиет қонған ірі өнер ордасы, жыр қазанын қайнатқан қара шаңырақ. VIII-ІХ ғасырларда ғұмыр кешкен ұлы Қорқыт бабалардан бастау алған Сыр бойының ақын-жыраулары өзіндік дәстүрімен өзге аймақтардан ерекшеленіп тұрады. Өлеңді өнердің пірі тұтып, басқа қонған бақ, абырой санап, оны аруақтай құрметтеп, жақсы жыр тудыруды басты мақсат тұтқан. Міне, осы жыр додасында ерен дарындылығымен суырылып алға шыққандарды халық – дүр ақын, жыр дүлдүлі, Сыр сүлейлері деп атады. Олардың есімдері ел аузында жатталды.
«Сыр елі – жыр елі» деп аталуы да содан болар. Сырдың құяр сағасына жақын, дарияның бойындағы биік жар қабағына орналасқан Мырзас елді мекенін нағыз жырдың ордасы деуге болады. Осы жыр ордасында дәстүрлі жыр мектебінің іргесі қаланып, небір атақты жыраулар тәрбиеленіп шыққан. Еспембет, Бітімбай шайырлар негізін қалаған бұл жыр мектебі Нұртуған шайыр тұсында кемеліне келіп, дәуірлеп тұрған. Алақандай ғана Мырзастан Еспембет, Бітімбай, Нұртуған, Жаңаберген, Сұлтан, Сағитжан, Еңсепбай, Көпжасар, Бақытжан, Кәрібоз, Жәмет, Сағира, өзге де ақын, жыраулар өніп өскен.
Қазір де бұл маңайда көмейіне бұлбұл ұялап, әуені көкке әуелеген дәстүрлі өнерді ұлықтаушылар аз емес. Өткеннің өнегесін бүгінгі ұрпаққа өлеңмен, жыр-термемен тарту етіп келе жатқан шоқтығы биік жыршы-термешілердің қатарында Серікқали Жұбаниязов та бар. Жастайынан Сыр сүлейлерінің өнеріне қанық болып өскен Серікқали Сыр мақамын нақышына келтіріп, желісін үзбеген жыршылық өнерді жұрт жадында жаңғыртып келеді. Тек аудан көлемінде емес, облыс, республикаға жақсы таныс жыршы-термешінің есімі елең еттірмей қоймайды. Шығармашылық, орындаушылық қоржынын Нұртуған Кенжеғұлұлы, Кете Жүсіп, Нұрмағамбет Қосжанұлы секілді өзге де жыршылардың туындыларымен толтыра білген өнерпаз «Қарасай Қази», «Тағай Мұрат», «Сартай» дастандарын жатқа айтады.
Міне, жергілікті жердің жыр жалауын желбіретіп жүрген жанның жуырда қалалық мәдениет үйінде шығармашылық кеші өтті. Теңіздің толқынынан шабыт алып, Аралдың арда өнерін өрге сүйреген жанның кеші сәнді сахнадағы толқын үні, шағаланың шаңқылы мен қасиетті қара домбыраның күмбірінен бастау алды.
Содан соң өнер иесінің жыр шашуы тыңдалды. Дәстүрлі өнердің жанашырлары мен жырсүйер көрерменнің қолдауынан-ақ Арал халқының сүлейлер салған сүрлеуді әлі де биік бағалайтыны анық байқалды. Жиналған қауым зор құрметке ие болған Серікқали Разақұлымен қатар кеш қонақтары, республикаға танымал жыршы-термешілер Айбек Тәңірбергенов пен Ғанибек Өмірзақовтың да өнеріне куә болды.
Оңталап  ТІЛЕУ
21 наурыз 2021 ж. 762 0