Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жыршы қыздың жеңісі

Жыршы қыздың жеңісі

Сыр өңірі қашаннан жыршылық өнердің дамыған мекені. Көмейлеріне бұлбұл қонақтаған сүлейлер ордасы. Осы дәстүр күні бүгінге дейін желісін жел үзбей, жалғасын тауып келеді. Қолына домбыра алып, кешегі өткен Нұртуған мен Жаңабергендердің жырын бабына келтіріп орындаған қара көздеріміз бен қара домалақтарымызды көргенде дәстүрлі өнердің шам шырағы сөнбесіне сеніміміз арта түседі.
Қазақтың қара домбырасының үнін әуелетіп, киелі өнердің сахнасында жүрген жастарымыздың бірі Ақмарал Ідірісова. Бала кезден осы өнерге ынтық боп өскен өнерлі қыз аудандық мәдениет орталығының табалдырығын аттап, білім алуға ынта білдірді. Сол уақытқа дейін-ақ өзін таныта білген Ақмаралды олар қуанышпен қабылдады.
Содан бері аудандық, облыстық байқаулардың бас жүлдесін алып, өнер өрісінде өресі биік болып келді. Шырқай салған әні мен тап-таза, жағымды үні тыңдармандардың таңдайын еріксіз қақтырып жүрген болатын. Тек ол ғана емес, шет елдердің сахнасын көріп қайтты. Баку қаласында 2016 жылы өткен VII Халықаралық «Мугам» фестиваліне қатысып, өнер тұнған жас жыршымыз арнайы дипломмен марапатталған болатын.
Енді міне, жаңа 2018 жылды жеңіспен бастап отыр. Қазақ елінің мәдени астанасы болып саналатын Алматы қаласында өнерінің үстемдігін тағы бір дәлелдеді. Қазақ поэзиясының мұзбалағы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 87 жылдығына орай өткізілген «Жырлайды жүрек» атты республикалық балалар байқауының белесін бағындырды.
Бұл байқауға республиканың түкпір-түкпірінен үміттерін үкілеген өнерпаз өрендер келді. Сол үміткерлердің арасынан жыр-терме бағыты бойынша Ақмаралдың бәсі биік тұрды. Сырдан шыққан сүлейлердің бірі Жаңаберген жыраудың «Жыр бастау» термесін нақышына келтіріп орындап, қазылар алқасының жоғарғы бағасына ие болып, бас жүлдеге лайық деп табылды.
Маруся Нұрмағанбетова басшылық жасайтын бұл өнер ордасында қос бірдей жыршы-термеші ұстаздары Гүлжамал Бейсова мен Айбек Тәңірбергеновтен тәлім алған Ақмаралдан басқада дүйім жұрттың көңілінен шығып жүрген өнерлі жастарымыз жеткілікті. Оларға да Ақмаралдың жеңістің жолын тілейміз.

З. Ізекешова,
мәдениет орталығының әдіскері.
09 ақпан 2018 ж. 1 923 0