Еңбек қатынастары фактісі сот тәртібімен анықталды
Арал аудандық сотында азамат К-ның заңдық маңызы бар еңбек қатынастары фактісін анықтау туралы арызы бойынша азаматтық іс қаралды.Арызында келтірілген уәждерге қарағанда, арыз беруші 1984 жылғы 14 қаңтардан 1989 жылғы 1 маусымға дейін аудандық автотранспорт бірлестігі (АТП) мекемесінде жүргізуші болып жұмыс жасаған. Алайда еңбек кітапшасындағы жазбаларда мекеме мөрінің бедері көрінбегендіктен, аталған кезеңдегі еңбек өтілі зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде есепке алынбаған. Сондықтан оны анықтаудың өзге жолы болмағандықтан, көрсетілген жылдардағы еңбек қатынасы фактісін сот тәртібімен анықтауды сұраған.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 306-бабының талабына сәйкес сот арыз берушінің заңдық маңызы бар фактілерді куәландыратын тиісті құжаттарды өзге тәртіппен алуы мүмкін болмаған кезде не жоғалған құжаттарды қалпына келтіруі мүмкін болмаған кезде ғана осы фактілерді анықтайды.
Осыған орай, ұсынылған дәлелдемелерді, куәлардың түсініктерін негізге ала отырып, сот арызды қанағаттандырып, еңбек қатынастары фактісін анықтады.
Арал аудандық соты.










