Еселі еңбектің берекелі өнімі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал» деп айрықша атап өткен болатын. Соған сәйкес жылыжай шаруашылығымен тұрақты айналысушы ірі кәсіп иелерінің негізгі талап-тілектері орындалып, бұл мән-жайға бүгінде ерекше мемлекеттік маңыз беріліп отыр. «Жеріне қарай, егін ек» дейді қазақ. Қазір елімізде ебін тапқанға қыс мезгілінде де мол өнім алуға болатын жылыжай шаруашылығы жан-жақты даму үстінде. Соған сәйкес осы мүмкіндікті пайдалана отырып жылыжайдың іргетасы қаланғаннан бастап, аса ұқыптылықпен осы шаруашылықпен етене айналысқан білікті маман, білек сыбана кіріскен кәсіпкер, тұрғындарға табиғи өнімді ұсынып отырған жылыжайдың иесі – Ахметжан Боханов Мұздыбайұлы.
Ол 2021 жылдан бастап жылыжай кешеніндегі егістік шаруашылығын қолға алады. 2025 жылы кентте 12 гектар алқапқа бақша, көкөніс дақылдарын орналастырып аудан, кент тұрғындарына 10-15% арзандатып өнімін өткізген. Жылыжай кешенінде қияр, қызанақ дақылдарын егумен айналысып келеді.
Кәсіпкер жылыжайдан алған өнімдерін кент және аудан тұрғындарына нарықтық бағадан 10-15 пайыз төмен бағамен сатылымға шығарып, аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі мәліметінше, биыл да ол өз жылыжай кешенінде көкөністер, оның ішінде қияр, қызанақ, салат жапырақтарын егуді жалғастырып отыр. Бұдан бөлек, жеке кәсіпкер жылыжай жанындағы бақшалық жеріне 250 түп алма, алмұрт, қара өрік жеміс талын және 150 түп терек талының көшетін отырғызған.

Бақша өнімінде береке бар
–Өз ісіңнің тілін білсең, тілдей жерден жылдық өнім алуға болады. Бағбан жұмысының да қиындығы жеткілікті. Қызанақ пен қиярды баптау «баланы өсірумен» бірдей еңбекті, шыдамды талап етеді. Әр өсімдік өзіне қажетті минералдар арқылы жердегі тепе-теңдікті сақтайды, күтімді қажет етеді. Сол себепті жылы жерден сыртқа шыққан адамның тері қатып, ауырып қалатындығы себепті көбісі жылыжай жұмысын ауырсынады. Бірақ бақша жемісін беріп, ел көңілінен шығып жатқанда бір қуанып қаласың, – дейді Ахметжан.
Иә, жеке кәсіпкер Ахметжан Боханов еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, жылыжай жұмысын жандандырудағы еңбегі үшін 2022 жылы үздік бақша дақылдарын орналастырушы номинациясымен облыс, аудан әкімінің Алғыс хатын алған.
Өнімді егуден бастап тұтынушыға жеткізуге дейінгі аралықтағы барлық жұмыстарды үйлестіруге күш салу да оңай шаруа емес. Оның үстіне бақшаны баптауға көп уақыт жұмсау керек, ал қазіргі кезде қай нәрсемен айналыссаң да уақыт деген тапшы. Осындай қиындықтарға қарамастан бастаған ісін тәуекелге бел буып, оң нәтиже күткен Сексеуіл кентінің жеке кәсіпкері Ахметжан Боханов өткен жылы өз жылыжай кешенінен көкөніс өсіріп, өнімдерін аудан тұрғындарына саудаға шығарды.
Жылыжай кешенінің жұмысы жалғасын табуда
Биыл да осы кәсіпкеріміз сол жылыжай кешеніне көкөніс өнімдерін оның ішінде қияр, қызанақ, салат жапырақтарын егуді бастады.
Бұдан бөлек, жеке кәсіпкер жылыжай кешені орналасқан бақшалық жеріне 250 түп алма, алмұрт, қараөрік жеміс талдарының көшеттерін және 150 түп терек талының көшеттерін отырғызды.
Иә, мол бақшаны өсіру үлкен еңбекті талап етеді. Соған қарамастан шағын ғана кенттің үлкен жүректі азаматы Ахметжан уақытпен санаспай, тұрғындарды арзан көкөніспен тұрақты қамтамасыз етіп отырады.
Жылдың әр мезгілінің әр сәті жылға азық қой. Еңбекқор жанның шаруашылығының шалқып, дәулетінің тасуына біз де тілекшіміз.
К. ЗДЕНОВА











