Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жылыжайы жайқалған мектеп

Жылыжайы жайқалған мектеп

Қазіргі таңда ауылшаруашылығына көңіл бөлу басты назарда. Ол туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал» деп айрықша атап өткен болатын. Осы бағытта жылыжай салу жұмыстары қаламыздағы білім ордаларында да жалғасын тапқан. Сол жылыжайлардың бірі – Ж.Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейіндегі жылыжай.
Жалпы мектеп тарихы 1986 жылдан бастау алады. Сол уақыттан бері мектеп ішінде өз жұмысын жасап келген жылыжай тоқырау жылдарында өз жұмысын тоқтатқан болатын. Оған сол бір қиын шақта жылудың, жарықтың жетіспеушілігінен апаттық жағдайға түскендігі себеп болған. Дегенмен сол бір жұрнағы бар жылыжайды қайта дамыту ісінің биылғы жыл басында сәті түскен. Осылайша аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Нұрқожақызының бастамасымен мектеп оқушыларының экология, биология сабақтарындағы теориялық білімін жетілдіруге әрі оларды еңбексүйгіштікке, табиғат қорғаны болуға баулу мақсатында жоба қолға алынды.
Жобаға облыстық Білім басқармасынан 8 миллионға жуық қаржы бөлініп, мамыр айында мемлекеттік сатып алу жұмыстары өтті. Нәтижесінде 5млн. 300 мың теңге көлемінде жергілікті кәсіпкер Мұстафаева Құндыз жеңімпаз атанып, жобаны иеленді. Жоба жұмыстары маусым айында басталып, шілде айында өз мәресіне жетті. Дегенмен ауа-райының ыстық әрі құрғақ болуы себепті ол уақытта жылыжайды пайдалану мүмкіндігі болмады. Шілде-тамыз айлары толықтай дәнді дақылдарды өңдеп, күтумен кетіп, қыркүйек айында алғаш рет жылыжайға егу жұмыстары жүргізілді.
– Қыркүйек айында алғашқы жұмыстар басталды. Оған оқушылар, мұғалімдер мен техникалық қызметкерлер атсалысты. Қазіргі таңда жылыжайда қияр, қызанақ, асқабақ, сарымсақ, саңырауқұлақ салат жапырақтары, аскөк сынды көкөністер мен құлпынай жемісі және түймедақ пен раушан гүлдері өседі. Сонымен қатар биология сабағындағы практикалық жұмыстар жүргізіліп отыр. Өткен аптада алғаш рет жылыжайда өскен аскөк пен салат жапырақтарынан бастауыш сынып оқушылары мен ыстық тамақпен қамтамасыз етілген оқушылар мектеп асханасынан дәм татты. Алдағы уақытта мектеп жылыжайынан алған көкеністерді де асханаға пайдалану ойда бар, – деді мектеп директоры Жасұлан Маханбетұлы.
Бүгінде жылыжайдағы көкөністерді, гүлдерді баптау, егу, арам шөптен тазалау жұмыстары Аида Қыпшақбайқызының мойнында.
– Өзім жастайымнан ата-анамның гүл баптағанын, жеміс өсіргенін көріп өскем. Сондықтан бұл жұмыстар маған қиындық тудырмайды. Қыркүйек айынан бері апта сайынғы тазалық жұмыстарын жүргіземін. Жылыжайда тамшылатып суару жүйесі жұмыс жасайды әрі жылыжай іші ылғалды. Сол себептен өте күтімді қажет ететін өнімдерді өсіру де оңайырақ. Бүгінде балалардың сабақ үлгеріміне, табиғатты қорғау мақсатында жұмыстар жүргізіліп отыр. Күзгі демалыс күндерінде №260, №13 орта мектеп оқушыларына да арнайы экскурсия ұйымдастырылған болатын. Солардың бәрі мен үшін қуаныш. Алдағы уақытта жыл аяғына дейін тағы бір мәрте егу жұмыстарын жүргізетін боламыз, – дейді маман сұхбат барысында.
Иә, «Қалауын тапса қар жанады» демекші үлкен еңбек пен күтімді қажет ететін бастама оқушылардың да, мектеп ұжымының да қуанышы. Алдағы уақытта мол өнім алып, көпке үлгі болуына тілектеспіз.
Г. САҚТАПОВА


18 қараша 2023 ж. 463 0