Сексеуілде жылыжай іске қосылмақ
Кәсіпкерлік саласы мен ауыл шаруашылығы саласы етене жақын. Қазіргі күні ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы кәсіп түрлеріне деген халықтың қызығушылығы жоғары. Ондай кәсіп түрлері мемлекет тарапына да қолдауға ие. Ауданда жылыжай шаруашылығы дамып келеді. Саралап қарасақ, бұл шаруашылық өміршең кәсіп түрі ретінде айы оңынан туып тұр. Ал біздің өңір тұрғындарының жылыжай шаруашылығын дамытуы көңілге қуаныш ұялатады. Біз тап осы жылыжай туралы бекер сөз қозғап отырған жоқпыз. Себебі Сексеуіл кентінің тұрғыны Ахметжан Боханов кенттен жылыжай құрылысын бастады.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру өз кезегінде азық-түлік бағасының тұрақтауына әкеліп соғады. Бұл импортқа тәуелділікті азайтады. Облыс әкімі Н.Нәлібаев та азық-түлікпен өз-өзімізді қамтамасыз етуіміз керектігін айтып, саланы дамытуды әркез назарға алып отырады. Осы ретте Сексеуіл кентінің тұрғыны, жеке кәсіпкер Ахметжан Боханов 240 шаршы метрді құрайтын жылыжайдың құрылыс жұмыстарын бастап кетті.
– Жылыжай салуды бұрыннан жоспарлап жүрдім. Оны жан-жақты зерттеп көрдім. Ақырында таптырмас табыс көзі екендігіне көзім жетті. Сосын өзімнің кәсібіме неге айналдырмасқа деген ой келді. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында оқу курсынан өтіп, сертификат алдым. Бизнес жоспар дайындадым. Осылай биылғы жылдың басында қайтарымсыз гранттық қаражат алуға өз жобамды ұсындым. Сәтін салып жылыжай саламын деген арманымды жүзеге асыру үшін маған мүмкіндік туып, грант жеңіп алдым, – дейді кәсіпкер.
Қазіргі таңда өз ауласынан жылыжай құрылысын салып біткен. Енді өнім өсіруге дайындық жұмыстары басталып кеткендігін айтқан кәсіпкер негізінен жылыжайдың негізгі бағыты – көкөніс өсіру екендігін айтты. Соның ішінде голландиялық қияр тұқымының Авелла F1, Лоджейн F1, Северин және Туми F1 сорттарын егу.
– Бұл – біздің ең алғашқы бастамамыз. Егер сәтін салып оң нәтижеге қол жеткізіп жатсам, тағы да басқа өнім түрлерін өсіріп көрмекпін. Жылыжай құрылысын аса ыждағаттылықпен жасадық. Барынша қателік жібермеуге тырыстық. Біздің өңірдің табиғаты бау-бақшаға қолайсыз болса да жылыжай жер талғамайтын кәсіп түрі болған соң мұнда қыс, жаз демей өнім алуға мүмкіндік бар, – дейді Ахметжан.
Кәсіпкерлікке ден қойып, жылыжай ісін қолға алған кәсіпкер жары Қарлығаш екеуі көпбалалы отбасы. Жылыжай жұмысының тасы өрге домалап, өнім молайса, бес баланың ырзық-несібесі арта түспек.
– Бұған дейін отбасын бағу үшін әртүрлі жұмыстар істеп, нәпақа тауып жүрдік. Ал енді қазір өзім кәсіпкерге айналдым. Бір түсінгенім, қазір еңбек етемін деген адамға қай жерде де несібе бұйырады екен. Мемлекеттің осындай қолдауы болғаны үшін қуаныштымын,– дейді ол.
Расында қазір аудан халқының көбі кәсіпкерлікке ден қойып, өз қызығушылықтарынан туған дүниелерді кәсібіне айналдыруда. Сол арқылы халық қажетін өтеп, өздері де тәуір табыс тауып отыр. Ахметжан Бохановтың да жылыжайы жемісті болса қияр сортын сырттан тасымай, Сексеуілдің қиярын тұтынатын боламыз.
Н. МАРАТҚЫЗЫ