1,5 тонна қияр алды

Жылыжай – бизнестің табысты бағыты әрі халықты таза азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етудің бірден-бір жолы. Сұраныстың көптігіне орай жерден ризық тапқан жандар өнімдерін өткізуден еш қиындық көріп жатқан жоқ. Өйткені қыстыгүні көкөніс жаздағыдан аз өндіріледі. Жылыжайда өскен ауыл шаруашылық дақылдарының біршама артықшылығы бар. Атап айтсақ, өнімге қоршаған ортаның зияны тимейді, көкөніс жылдам өніп, далада өскен көкөніске қарағанда көз тартарлықтай жылтыр болады. Сонымен бірге ылғал мен жылу бүкіл аумаққа бірдей таралады.
Әлемде жылыжай салудан Қытай – бірінші орында. Бұл елдің жылыжай шаруашылығының алқабы шамамен 1,5 млн гектар аумақты алып жатыр. Бұл сала бойынша дамыған елдер тізімінде АҚШ, Оңтүстік Корея, Испания, Жапония, т.б. елдер бар. Ал өзіміздің елде бұл бағыт бойынша – Шымкент қаласы озып тұр. Шымкентті «Жылыжайлар астанасы» деп атайды. Оған шымкенттік өнімдердің барлық өңірде жылдың төрт мезгілінде де сатылып жатқаны дәлел болады. Сондай-ақ Қызылордада жылыжай өндірісі жанданып келеді. Толық автоматтандырылған екі гектарды алып жатқан жылыжайда жылына 900 гектар қызанақ өсірілуде.

Жылыжайдың сырты синтетикалық үлдірмен (полиэтилен плёнка) қапталған. Ішіндегі жанға жайлы аура мен кісі бойынан да ұзын көкке қарай бой түзеген қияр өскіндері мен тәбетіңізді ашар түрлі көкөністерді көріп, таңдандық.
– Бақшаға қияр, қызанақ, қызылша, болгар бұрышы, тағы басқа көкөністерді ектім. Бірінші рет болған соң тәжірибе ретінде егіп көрдім. Сондай-ақ кеткен қателік те болды. Қызанақ – қиярға қарағанда шөлге төзімді. Қияр секілді емес, қызанақ өкпек желден қорықпайды. Ал қиярдың күтімі бөлек болады. Оның бабы күшті. Температура 20 градустан төмен болса, өспей қалады. Сонымен қатар құлпынай мен асқабақ та бар. Жеңгең базардан не әкеледі, соны егемін, – дейді Қуаныш аға күліп.

Жалпы, Сыр өңірінің климаты ерекше ыстық және құрғақтығы басым аймаққа жататыны белгілі. Содан да болар, ауданда жасыл желектің жайқалып өсуі қиын деген пікірді жиі естиміз. Дегенмен ынта, ықылас болса, бұл пікірге келісе қоюға болмайды.
Ауылда жұмыс жоқтың қасы деп бір үйде бірнеше адам қол қусырып жүргенде, үйінің маңын арамшөп басып жатады. Кежегесі кейін тартып, ыждағаттылығы жетіспей жататын ауылдағы ағайынға нағыз табыстың үлгісі осы болар. Осындай аздаған жерге сәл уақыт еңбегін салып, жұмыс істесе, бір үйлі жанды асырайтындай-ақ кәсіп. Оған тағы таза өнімнің денсаулыққа тиімділігін қосыңыз. «Жер емген ел жүдемейді» дейді. Қойны құт жеріміз барда, жүдегеніміз жарамас.
Ақтоты Шынықұл