Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысында АӨК дамыту үшін 148 жоба жүзеге асырылады

Қызылорда облысында АӨК дамыту үшін 148 жоба жүзеге асырылады

Қызылорда облысында аграрлық саланы дамытудың 9 негізгі бағыты анықталды. Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов мәлімдеді.

"Жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде біз екі негізгі категория бойынша дамудың секторларын айқындадық. Бұл - ішкі нарықты толықтыру және экспортқа бағдарланған өнім өндірісін кеңейту үшін агроөнеркәсіптік кешен секторын дамыту. Сонымен қатар, өңірдің табиғи климаттық және топырақ ерекшеліктеріне қарай, аграрлық саланы дамытудың 9 басым бағытын анықтадық. Олар: ет және сүт мал шаруашылығын дамыту, өсімдік шаруашылығын әртараптандыру, суармалы жерлерді қалпына келтіру, зәкірлік кооперацияны қайта өңдеу және дамыту, балық шаруашылығы, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін өткізу, инфрақұрылымды дамыту және цифрландыру. Аталған барлық бағыттарды іске асыру мақсатында кластерлік негізде өндірістік процестерді басқаруға цифрлық технологияларды ендіру қажеттігі туындауда. Бұдан бөлек, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін дамытудың өңірлік бағдарламасы аясында 148 жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз", - деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі өңдеу өнеркәсібін дамыту еңбек өнімділігі мен экспорт көлемін және еңбек өнімділігін 2,5 есеге өсуін қамтамасыз ететінін атап өтті.
"Осыған байланысты, облыста сүт, ет, жұмыртқа, құс еті, картоп, ұн тарту өнімдері мен жылыжай көкөністерін өндіруді жетілдіру қажет. Енді біз алдағы уақытта осы салаларды дамытуға ерекше назар аударатын боламыз. Қазіргі уақытта Арал қаласында ұн өндірісі қалпына келтірілді, Қармақшы ауданында құс фабрикасының құрылысы жүргізілуде, Қызылорда қаласында ет комбинаты мен жылыжай салынуда, көпжылдық жеміс екпелері бар алаңдар кеңейтілуде, Шиелі ауданында және Қызылорда қаласында жұмыртқа өндірісі дамытылуда", - деді Қуанышбек Ысқақов.
Сондай-ақ, өңірде су қоймаларын салу және суармалы суды тиімді пайдалану бойынша бірқатар жобалар жүзеге асырылатын болады.
"Атап айтқанда, ирригациялық және дренаждық желілерді жетілдіру жөніндегі жобаларды іске асыру арқылы суармалы суды 30%-ға дейін үнемдейміз. Және жер асты көздерін пайдалану, тамшылатып, жаңбырлатып суару әдістерін қолдану, коллекторлық суларды қайта пайдалану есебінен суармалы жерлерді 95 мың гектарға көбейтіп, 300 мыңға жеткіземіз. Нәтижесінде біз аграрлық сектордағы өндіріс көлемін 79 млрд. теңгеге ұлғайта отырып, 3 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарын ашамыз», - деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, суарылмайтын шөл-егінді жерлерде майлы және азықтық дақылдар егісін кеңейту жоспарлануда. Ол үшін ғалымдардың инновациялық әзірлемелерін, яғни аквасорбенттер мен аквагельдер пайдаланылады.
"Агроөнеркәсіп кешенінің маңызды саласы, дамудың жаңа мүмкіндіктерінің бірі - шикізат және азық-түліктік емес аграрлық өнімдер өндірісі. Мәселен, ет-сүйек және балық ұнының өндірісі аймақтағы мал және балық өсірушілерді сапалы қоспалармен қамтамасыз етіп қана қоймай, оларға тауарларын Қытай мен Еуропаға экспорттау арқылы пайда табуға мүмкіндік береді. Тері өндірісін дамыту бойынша да өсудің жаңа мүмкіндіктері бар. Жыл сайын облыс бойынша 65 мың ірі қара малдың терісі, 131 мың ұсақ қара малдың терісі және 800 тоннаға жуық қой терісі, 40 тонна ешкі және 100 тонна түйе жүні сатып алынады", - деді Қуанышбек Ысқақов.
Сыр өңірі мия тамырын қайта өңдеу бойынша айтарлықтай әлеуетке ие.
"
Бүгінгі күні шикізат күйінде экспортталған мия тамырының 50 пайызы Қызылорда облысына тиесілі. Қазіргі уақытта осы қызмет түрі заңдастырылған көрші Өзбекстан Республикасында осындай 30 кәсіпорын жұмыс істейді, бір кәсіпорынның орташа жылдық табысы 15 млн ақш долларын құрайды. Осы ретте Өзбекстан елінің тәжірибесін пайдалану орынды деп есептейміз. Өзбекстан Республикасының үлгісінде елімізде мия тамырын жинау және пайдалану тәртібі туралы заң жобасын дайындауға кірісу қажет деп санаймын. Бұл халықты жұмыспен қамту және шағын бизнесті дамытуға мүмкіндік береді", - деді облыс әкімі.
https://baq.kz
18 шілде 2019 ж. 791 0