Жылыжайда қияр өсіріп, жемісін жей бастады

Мәлік бала кезден егін шаруашылығына қызығып өсті. Бірақ ол кездері қалада өсімдік өсіру оңай шаруа болмағандықтан бала қиялын жүзеге асыра алмаған көрінеді. Десе де сол бір кездегі санасында жаңғырған бала арманы маза бермей, ақыры қаладан жылыжай ашуды жоспарлайды.
– Өмірдің ағымымен басқа мамандықты меңгердім. Сонда да болса егін шаруашылығына деген қызығушылығым бір сәтте болсын ойымнан шыққан емес. Аудандағы жылыжай саласының тұралап тұрғандығы, онымен айналысатын адамдардың аздығы мені толғандырды. Не керек, мен осы істі қолға аламын деген шешімге келдім. Алдымен істі бастамас бұрын тәжірибемді арттыру үшін Ақтөбе қаласындағы үлкен жылыжайда өз білімімді жетілдіріп, сол жақта қандай дәрумен беру керек, қандай температурада тұру керектігін және өсіру технологияларының барлығын үйреніп, Арал қаласына келіп бос тұрған жылыжайды жалға алып, өз жұмысымды бастап кетті, – деген Мәлік кәсіпті бастау жолы туралы айтып берді.
Мәліктің негізгі мақсаты – аралдықтарды жергілікті көкөністермен, қияр, қызанақ өнімдерімен жыл бойы толықтай қамтамасыз етіп, импортқа тәуелділікті бәсеңдету. Жалға алынған жылыжай тым ескі. Сондықтан көптеген жөндеу жұмыстарын қажет ететіндігін де Мәлік тілге тиек етті. Дегенмен ол қолда бар қаражатымен жылыжайдың жұмысын дөңгелетіп отыр.
– Қазіргі таңда меренге F1, шандини деген голландиялық қияр сорттары оңтүстік өңірдің климаттық жағдайына ыңғайлы деп есептелген мол өнім бере бастаған. Соны мен де Арал қаласында алғаш рет тәжірибеден өткізіп жатырмын. Бұл менің жылыжай саласындағы алғашқы жұмысым. Меренге F1 сорты өнім бере бастады. 10 келідей жинап, нарықтағы бағамен дүкендерге өткіздік, – дейді Мәлік.
Жалпы жылыжай аумағы 8 сотықты құрайды. Осы көлемге Мәлік 700 түп қияр, 700 түп қызанақ еккен. Қазір қызанақтар гүл шығарып, түйнек шығара бастаған. Енді бір айдың көлемінде жемісін жейтін күн де жақын деп қуанады жас бағбан.
Мәлік бұл жұмыстардың барлығын жеке қаражаты есебінен бастаған. Қазіргі таңда жас кәсіпкер мемлекет тарапынан қолдау болса, кәсібімді одан әрі дамытып, жыл бойы өнім өндіріп, аудан халқына арзан бағада ұсынатын ойының бар екендігін де айтып қалды. Кәсіпкердің бастамасымен аудан әкімі Серік Сағитжанұлы да танысып, оң бағасын беріп кеткен екен.
– Менің басты мақсатым – аудан халқына арзан бағада өнім ұсыну. Бұл – менің қызығушылығымнан туған кәсіп. Сондықтан мол табысқа кенелуді көздеген емеспін. Алланың бұйырған нәпақасы болар. Мен әрбір ісімнің оң нәтиже беріп, жеміс алуымның өзі үлкен жетістік деп түсінемін, – дейді кейіпкеріміз.
Мәліктің бастамасы көп жасқа үлгі боларлық деп ойлаймын. Қазір қыбырлаған адамға тірлік көп, еңбектенген адамға табыс мол екендігін дәлелдеген кейіпкеріміз егін шаруашылығының ауырлығына қарамастан жылыжайдың жайын келістіріп, алғашқы жемісін жей бастағандығы көңілге қуаныш ұялатады.
Н. МАРАТҚЫЗЫ