Ақжарма ауылын газдандыру жұмыстары аяқталуға жақын
Сырдария ауданында инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасуда. Соның ішінде Ақжарма ауылын табиғи газбен қамту жобасы - тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі.Қазіргі таңда ауылдағы құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізіліп, нысанның дайындық деңгейі 90 пайызға жеткен. Жоба аясында жалпы ұзындығы 53,6 шақырым газ құбыры тартылып, 545 тұрғын үйге көгілдір отын желісін қосуға мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ газ реттегіш шкаф пункттерін орнату жұмыстары да кезең-кезеңімен атқарылуда.
Бүгінде Сырдария ауданында Тереңөзек кенті мен бірқатар ауылдар табиғи газдың игілігін көріп отыр. Ал Ақжарма ауылын газға қосу ауданның газбен қамту көрсеткішін 50 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Табиғи газ - тұрғындар үшін тек тұрмыстық қолайлылық қана емес, экологиялық және әлеуметтік тұрғыдан да тиімді ресурс. Әсіресе қыс мезгілінде көмір мен отынға тәуелділікті азайтып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Сондықтан Ақжарма ауылындағы бұл жоба өңір инфрақұрылымын жаңғыртудағы нақты қадамдардың бірі ретінде бағалануда.
Нысанды биылғы жылдың маусым айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.










