Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда ауылдарына газ желісі жүргізіліп жатыр

Қызылорда ауылдарына газ желісі жүргізіліп жатыр

Ауылдарды көгілдір отынмен қамтудың тиімділігі орасан. Бұл кәсіпкерлікті дамытуға, ең бастысы, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға мол мүмкіндік береді.

Бүгінде Қызылорда облысы тұрғындарын газбен қамту көрсеткіші 75 пайыз, биыл 30 млрд. теңгеден астам қаржыға 306 шақырым газ желілері тартылуда. Осы жобалардың арқасында аймақ халқының 78 пайызы "көгілдір отынмен" қамтылады. Келесі жылы 10-нан астам елді мекенді газдандыру жоспарланған. Осындай игілікті істер ауыл тіршілігінің тамырына қан жүгіртіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға жол ашады.

Биылғы жылдың тамыз айында Қызылорда қаласының іргесінде орналасқан Ақжарма ауылдық округіне газ желісін тарту жұмыстары басталған. Құны 1 миллиард 260 миллион теңге болатын ауқымды жоба жоспарға сәйкес 10 ай мерзімде аяқталуы тиіс болатын. Дегенмен, мердігер мекеме "СМП – Қызылорда" ЖШС жыл соңына дейін көгілдір отынға қосуға бар күшті жұмылдырамыз деп отыр.

Биыл Ақжарма ауылдық округімен қатар 3,1 млрд. теңгеге Сабалақ саяжайына газ желісін тарту және 689,2 млн. теңгеге қалада қалып қойған учаскілерді газдандыру жұмыстары жүзеге асырылуда.
Айта кету керек, Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет пен Белкөл кенттері, Қызылжарма, Талсуат, Қарауылтөбе, Ақсуат, Қосшыңырау ауылдық округтеріндегі тұрғын үйлерге газ желісі іске қосылған.

Ақпарат көзі: kaz.tengrinews.kz
10 желтоқсан 2024 ж. 65 0