Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңалық шаттандырды елді, кентке көгілдір отын келді

Жаңалық шаттандырды елді, кентке көгілдір отын келді

Ақжолтай жаңалық! Жақсықылыш кентінің тұрғындары көгілдір отынға қосылды. Елдің көптен күткен тілегі орындалып, халық қуанышы еселене түсті. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова тұрмысы «Ақ алтынмен» астасқан тұзшылар ауылындағы мерейлі сәтті бөлісіп, телекөпір арқылы кент тұрғындарын қуанышымен құттықтады. Сондай-ақ көгілдір отынды іске қосу салтанатына аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қатысты.
Жақсықылыш кенті – Арал қаласынан кейінгі ең алғаш болып көгілдір отынға қосылған елді мекен. Облыс әкімі құрылыс жұмыстарының сәтті аяқталғанына ризашылық білдіріп, атқарылған істің маңыздылығын жеткізді.
– Бұл күн – сіздер мен біздер үшін ең қуанышты күн, себебі көптен күткен көгілдір отынға қол жеткізіп отырмыз. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен басталған ірі стратегиялық маңызы бар – «БейнеуБозой-Шымкент» магистральды газ құбыры біздің аймағымызға сәтті қадам, зор мүмкіндік әкелді. Облыс аумағынан өтетін газ құбыры аймағымызды газдандыруға жол ашты.
2015 жылы Арал қаласы толықтай көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. 288 шақырым газ құбыры, 2 газ тарату пункті және 36 шкафты газ тарату пункттерінің құрылысы жүргізілді. Бүгін, міне, Арал қаласынан кейін алғаш болып Жақсықылыш кентіне көгілдір отын жеткізіліп отыр.
– Қадірлі ағайын! Бүгін қол жеткізіп отырған көгілдір отын кенттегі әрбір отбасының жылуын, Отанымыздың қуатын арттыра түссін, – деді аймақ басшысы.
Одан соң, аудан әкімі Мұхтар Оразбаев республикалық және облыстық бюджет қаржысы есебінен жүргізілген газдандыру жұмыстары сәтті аяқталғанын жеткізді. Сондай-ақ ауыл ақсақалы Айтуған Исмағұлов сөз алып, игілікті іске атсалысқан азаматтарға ауыл халқының атынан ризашылығын жеткізіп, ақ батасын берді.
Еске сала кетсек, Қызылорда облысы әкімдігінің тапсырысымен Жақсықылыш кентінде мердігер мекеме «Компания Газ Строй» ЖШС арқылы басталған газдандыру жұмыстары бүгінгі күні толықтай орындалды. Газдандыру жұмыстары барысында кентке 57,7 шақырым газ құбыры, 1 газ тарату пункті және 4 шкафты газ тарату пункттері орнатылды. Кентте жалпы саны 855 жеке тұрғын үй, 23 кәсіпкерлік нысан және 4 әлеуметтік нысан көгілдір отынға қосылатын болады.
Сонымен қатар еліміздегі ең ірі кәсіпорындардың бірі, тұз өндірісіндегі жетекші мекеме – «Аралтұз» акционерлік қоғамы да көгілдір отынға қосылды.
«Толқын» ақпарат
10 шілде 2020 ж. 1 205 0