Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Төрт нысан көгілдір отынға қосылады

Төрт нысан көгілдір отынға қосылады

Кеше аудан әкімі М.Оразбаев қаладағы жылу қазандықтарын көгілдір отынға қосу жұмыстары жүріп жатқан бірнеше әлеуметтік нысанда болып, қарқынды жұмыстың басы-қасында жүрген мердігер компания өкілдерімен жүздесті.Алдымен №62 мектеп-лицейіне барып, ондағы күні бүгінге дейін жұмыс істеп келген бу қазандықтарының жай-күйімен және көгілдір отынға бейімделіп жатқан жылыту қазандықтарының жағдайына қанықты. «ГазСтрой » ЖШС мердігер компаниясы бұл жұмыстары жоспар бойынша алдағы уақытта тамыз айының 28-не дейін бітуі тиіс. Жұмыс қарқынды. Аудан әкімі танысқан №62 мектеп-лицейдің жылу қазандықтары бітуге жақын. Айта кетейік, бұл жұмыстардың барлығы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылып жатыр. Осы мектептің жылу жүйесін газға қосуға 15,4 млн теңге бөлінген.
Аудан әкімі табан тіреген келесі нысан №220 орта мектептің жылу қазандығы болды. Шілде айының басында басталған бұл жұмыстар нәтижелі іске асуда. Оған бюджеттен 14,5 млн теңге қаражат бөлінген. Аудан әкімі газ қондырғылары орнатылған жылыту ошағына бас сұғып, мұндағы қауіпсіздік талаптарының барлығы қатаң сақталуы керектігін баса айтты. Және де бұған дейін мектепке алынған жылу қазандығын алдағы уақытта ауданға қарасты елді мекендердегі әлеуметтік нысандардың біріне беруді тиісті сала мамандарына тапсырды.
Аудандық мәдениет үйінің жылу қазандығы бүгінге дейін дизельді отын жағу арқылы жұмыс істеп келді. Бүгінде бұл нысанға да көгілдір отын қосу жұмыстары басталып кеткен. 16,1 млн теңге қаражат көзін қажет еткен осы жұмыс жоғарыда айтып өткендей, тамыз айының соңына дейін біту тиіс. Аудан әкімі аталған ғимаратта болып, әлеуметтік маңызға ие мәдени нысанның игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстардың нақты бақылауда болуын, кемшіліктерге жол берілмеуін аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Б.Төреахметовке тапсырды.
Аудан басшысы танысқан кезекті нысан аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі мекемесінің ғимараты болды. Бұл мекеменің де жылу қазандықтарын газға қосу жұмыстары басталып кеткен. Оған бюджеттен 21,1 млн теңге қаралған. Осы учаскелерге жауапты басшы, «ГазСтрой» ЖШС компаниясының өкілі М.Тұрсынбаев бүгінде межелі жұмыстың уақытылы аяқталуына ешқандай кедергі жоқтығын, сәйкесінше жұмыс қарқыны бәсеңдемейтінін айтты. Сонымен қатар аталған мекеме қызметкерлерімен жүздесіп, халықпен жұмыс істеуде заңдылықтарды қатаң сақтауды, бармақ бастылыққа жол бермей кезектіліктерге сай жолдаманың берілуін ұдайы қадағалау керектігін тапсырды. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың тұрмыс жағдайын анықтауда да кемшілікке жол бермей, мемлекет қаржысын үнемдеуде жұмыла жұмыс істеуге шақырды.
Алдағы уақытта көгілдір отын көзіне тәуелді болатын бұл әлеуметтік нысанның барлығына жалпы көлемі 67,1 млн теңге қаржы бөлінген. Осылайша, келер қыстың қамын жаз ойлаған жергілікті билік атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйіне қанығып, алдағы жүзеге асатын маңызды істерге бақылау ұдайы назарда болатынын жеткізді.
(Өз тілшімізден)
30 шілде 2019 ж. 1 062 0