Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ШАЛҒАЙ АУЫЛДАРДА СЕРПІНДІ ЖҰМЫСТАР БАР

ШАЛҒАЙ АУЫЛДАРДА СЕРПІНДІ ЖҰМЫСТАР БАР

 Осы аптада Арал ауданының әкімі М.Оразбаев Бөген, Қаратерең, Жаңақұрылыс ауылдық округтерінде болып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады және елдің хал-ахуалымен танысты. Аудан басшысы сапар барысында ауыл маңындағы Тұщы-2 көліне жүргізіліп жатқан мелиорациялық жұмыстардың барысымен танысты. Бұл маңда қазіргі таңда жалпы ұзындығы 3,5 шақырымды құрайтын «Балғабай» каналының қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған қоса «Бекетей», «Стан» каналдарында да осы жұмыстар жүргізілуде. Жауапты мердігер компания «МФК Туран» ЖШС-нің жауапкершілігіндегі осы жұмыстардың қарқыны қазіргі таңда жаман емес. Жауаптылардың айтуынша, аталған шаралар үстіміздегі жылдың мамыр айында бастау алған. Ал, аяқталу мерзімі тамыз айында.
    Аудан әкімі мұнан соң елде жаңадан ашылып жатқан «Ақ тілек» сауда кешенінің ашылу салтанатына қатысты. Жеке кәсіпкер Ғ.Смағұловтың өз қаражаты есебінен салынып, бой көтерген жаңа нысанда азық-түлік дүкені және 80 орынға арналған шағын мейрамхана (кафе) жұмыс жасайды. Аталған нысан іске қосылғаннан кейін онда 3-5 адам тұрақты жұмыс жасайтын болады. Аталған нысанның алдағы жұмысына сәттілік тілеген аудан әкімі М.Оразбаев, кәсіпкерлікпен айналысамын деушілерге қашанда қолдау болатындығын алға тартты. Содан соң, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауыл тұрғыны Ә.Әбдікәрімов сөз сөйлеп, игілікті істі қолға алып, халыққа жаңа қызметін ұсынып жатқан азаматтарға алғысын айтып, болашағы мол баянды жұмыстарға сәттілік тіледі.
    Бөген елді мекенінде балық қабылдау және тоңазыту цехы жұмысын бастағалы отыр. Жоба үйлестірушісі Н.Әйімбетовтың жеке қаражаты есебінен салынған бұл жобаның жалпы құны 15 млн. теңгені құрайды. Жер көлемі – 1500 га. Бұл цех күніне 15 тонна балық қабылдап, оны қатыруға қауқарлы. Қазіргі таңда әзірше 2 адам жұмыс жасауда, ал, цех толық қуатында жұмыс істеген кезде 6 адам жұмыспен қамтылатын болады. Бұл жұмыстарға қаныққан аудан әкімі аталған цехтың жұмысын оң бағалады.
     Мұнан соң, ауылдық округтегі іргелі білім ұясы №20 орта мектеп ғимаратында болып, онда ауыл жұртшылығымен жүздесті. Басты мақсат – елдегі жұмыссыздықты жою, салық түсімдерін молайту және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету. Бұл мәселелерге келгенде, алдымен кәсіпкерліктің өркен жаюы қалыпты жағдай. Аудан әкімі М.Оразбаев жұртшылықпен болған жылы жүздесуде осы кәсіпкерлік саласына баса ден қойды. Жиында алдымен ауыл әкімі Ш.Андызбаев ауылдық округ көлемінде кәсіпкерлік саласы бойынша қолға алынып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Сосын, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Б.Жұмағұлов баяндама жасап, көп көкейінде келе жатқан осы кәсіпкерлік саласы бойынша мемлекеттен жасалып жатқан түрлі қолдаулар жөнінде кеңінен мағлұмат берді. Көпті толғандырған сұрақтарға да жауап қатып, кәсіппен айналысушы ел азаматтарына әрқашан қолдау болатындығын сеніммен жеткізді.
     Кезекті сапар одан әрі Қаратерең ауылдық округінде жалғасты. Аудан әкімі алдымен мұнда салынып жатқан «Жалғасбай» ЖШС-нің балық қабылдау және тоңазыту цехында болды. Кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен салынып жатқан бұл нысан толыққанды іске қосылғанда, 100 тонна балықты қабылдап, оны алғашқы өңдеуден өткізуге қауқарлы болады. Мұнан соң, аудан әкімі Қаратереңдегі №82 орта мектеп ғимаратына келді. Мұнда да жұртшылықпен жүздесіп, ауыл әкімі Қ.Жиенбаевтың кәсіпкерлік саласы бойынша баяндамасын тыңдады. Содан соң, осы сала бойынша ауыл тұрғындарына жан-жақты ақпарат беріп, елдегі проблемалық мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге жұмыс жасайтындығын жеткізді.
     Жаңақұрылыс ауылдық округі де кәсіпкерлік саласы бойынша біршама жұмыстарды қолға алып келеді. Осы ауылда болған аудан әкімі М.Оразбаев елдегі №74 орта мектеп ғимаратында жұртшылықпен жүздесті. Мұнда алдымен ауыл әкімі Б.Әбдірайымов кәсіпкерлік саласы төңірегінде қолға алынып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Артынша аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Б.Жұмағұлов хабарлама жасап, қазіргі таңда  кәсіпкерлік саласына мемлекет тарапынан қолдаудың көп екенін алға тартты. Міне, осылайша, жұртшылықпен болған емен-жарқын жүздесулер ауыл әлеуетіне оң серпін беріп, тірлігі бекем елдің тілегі орындалуына сәл де болса септігін тигізді.
А. БИСЕНОВ.
22 маусым 2018 ж. 1 347 0