Жақсықылыштықтар көгілдір отынның игілігін көрмек

Негізінен кентте 871 отбасы бар болса, оның 428-і мал өсірумен айналысады. Қазіргі таңда осы бағытта 29 шаруа қожалығы және 7 жеке кәсіпкер жұмыс жасауда. 2018 жылмен салыстырғанда барлық түлікте мал басының өсімі бар.
Кәсіпкерлік саласына келер болсақ, қазіргі таңда кент бойынша 122 жеке кәсіпкер тіркеліп, түрлі бағытта кәсібін дөңгелетіп отыр. Мәселен, өткен жыл қорытындысымен кент бойынша «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 22 адам оқытудан өткізілсе, оның ішінде 5 кәсіпкер несиеге қол жеткізіп, өз жұмыстарын жолға қойған.
Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде қайтарымсыз грантқа кент бойынша 2 жоба конкурстық комиссияға жолданып, нәтижесінде қайтарымсыз 545 000 теңгеге қол жеткізілген.
Білім саласы бойынша №19 орта мектебінің түлектері арасынан 4-«Алтын белгі», 3- «Үздік аттестат» иегерлері анықталған.
Бұдан бөлек, кент тұрғындарының сұранысына сәйкес кент көшелеріндегі 211 бағана жарықтандырылған. Сондай-ақ, басты жетістіктердің бірі кентішілік газ құбыры тартылып, жергілікті халық биылғы жылы көгілдір отын игілігін көрмек.
Осындай ілкімді істер назарға іліккен жиын одан әрі аудан әкімінің есебіне ұласты. Аудан басшысы Мұхтар Оразбаев өз баяндамасында аудан көлемінде атқарылған жұмыстарға шолу жасап, алда тұрған негізгі міндеттерге тоқталды.
Есепті баяндамадан кейін жарыссөз басталып, кент тұрғындары № 19 мектепке 100 орындық қосымша құрылыс салу, дене шынықтыру және сауықтыру кешенін салу және кентішілік автомобиль жолдарын орта жөндеуден өткізу жұмыстарын сұрады. Аталған ұсыныстар бойынша жұмыстар атқарылатындығын жеткізген аудан әкімі тұзшы қауымның оң бағасын алды.