Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада тағы бір ауыл табиғи газға қосылды

Қызылордада тағы бір ауыл табиғи газға қосылды

Шиелі ауданына қарасты Нартай Бекежанов ауылдық округінің тұрғындарына көгілдір отын берілді.
Аудан әкімі Нариман Мақұлбеков Керделі ауылының тұрғындарын тарихи күнімен құттықтап, газ құбырын салтанатты түрде ашты.
Қазіргі таңда, Шиелі кенті мен Байтерек, Жаңатұрмыс, Бидайкөл ауылдық округтері көгілдір отынға қосылса, бүгіннен бастап Нартай Бекжанов ауылының тұрғындары көгілдір отынның игілігін көріп, 540 үйге газ кіреді. Желтоқсан айына дейін Қодаманов ауылын «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында газбен қамтамасыз етіп, 525 үй от жағу бейнетінен құтылатын болады. Жыл аяғына дейін жерлестеріміздің 65 пайызы көгілдір отынның жемісін көреді.
Бүгінде ауданға қарасты елді-мекендердің әлеуметтік-экономикалық және инженерлік инфрақұрылымын дамытуда ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Жыл сайын, халықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында, аудан тұрғындарының жайлы тұрмыс кешуіне ең қажетті ауыз су, газ тарту, жол салу секілді мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табуда. Ірі стратегиялық маңызы бар Бейнеу-Бозой-Шымкент магистралды газ құбыры Сыр еліне, оның ішінде ауданымызға сәтті жоба болды. Соңғы жылдары ауданға қарасты елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстары жүзеге асып келеді. Аудан орталығына жақын елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз етсек, мұның тиімділігі де орасан зор. Бұл дегеніңіз, халықтың тұрмыс жағдайы ғана емес, аудандағы өндірістің өрге басуының, кәсіптің одан әрі кең қанат жаюының кепілі болмақ.
«Бұған дейін жыл сайынғы есепті кездесуде ауыл халқының көтеріп жүрген ең өзекті мәселесі ауылға көгілдір отын тарту болатын. Бүгінгі қуанышты жаңалығымыздың бірі – Керделі ауылдық округінің тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізіп отыр. Бұл жобаға өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы аясында құны 374,6 млн.теңге қаражат қаралып, жоспар бойынша 540 үй табиғи газға қосылады. Құрылыс жұмыстарын жүргізген бас мердігер компания «Транс Азия Констракшн» мекемесіне және құрылысшыларға барша ауыл тұрғындарының атынан және Өз атымнан алғысымды айтамын», – деді аудан басшысы.
Сонымен қатар, облыс әкімінің қолдауымен жол картасы бағдарламасы аясында Ақмая және Алғабас ауылдық округтеріне газ құбырын жүргізіп бастау үшін 745 млн.теңге қаржы бөлініп, жақын арада құрылыс жұмыстары басталатын болады. Мұнан бөлек Бестам, Ақтоған, Жиделіарық, Еңбекші Алмалы, Телкөл елдімекендерін газдандыруға ЖСҚ әзірленіп, 4 елді мекеннің мемлекеттік сараптама қорытындылары алынса, 2 елді мекеннің құжаттары сараптамаға тапсырылды.
Сөз соңында аудан басшысы Нариман Мақұлбеков Мемлекеттік бағдарламалар аясында алдағы уақытта да ауданымызда мұндай игілікті істер өз жалғасын табатынын айтты.

kyzylorda-news.kz
27 қазан 2021 ж. 2 547 0