Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көпшілік күткен іс еді

Көпшілік күткен іс еді

Арал ауданына көгілдір отын келгелі көптеген жанның жұмысы жеңілдеді. Әсіресе от жағып, күл шығарып келген жандардың бүгінде қолы ұзарып, басқа шаруаларына мойын бұратын болды. «Газ келгені жаз келгені» деген осы шығар. Бұл қуанышты аралдықтар осыдан 5 жылдай бұрын сезіне бастаған еді. Бүгінде аудан орталығы толықтай көгілдір отын көзіне қосылды десе де болатын шығар.
Біз қоныстанған өлке аудан орталығынан 12-13 шақырымдай қашықтықта орналасқан Жақсықылыш кенті. Тұзшылар өлкесіндегі тірлік осы кезге дейін көмір мен қара отынға тәуелді болып келсе, қазір бәрі басқаша. Олай дейтініміз, өзіміз көптен күткен көгілдір отын келді. Кент бойынша 800-ден аса үй болса, енді солардың барлығы дерлік алдағы уақытта кезең-кезеңімен көгілдір отын көзіне қосылады. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Алла сәтін салса, бұл жергілікті халық күзде басталатын отын-су машақатынан арылатын болды.
Жақсықылыш кенті ауданға қарасты ең алғаш көгілдір отын тартылған елді мекен болып отыр. Мұның өзі облыс пен аудан басшылығының бізге деген пейілдерінің ерекше екенін байқатса керек. Тұз өндірісі арқылы табыс тауып, тіршілігін түлеткен бұл өлкенің басты мәселесінің бірі еді бұл. Сол үшін де біз ел билігіндегі азаматтарға ризашылығымызды білдіреміз. Алдағы уақытта Аралдың атын үздік бренд арқылы барша елге танытып отырған «Аралтұз» АҚ-ның да жұмысы мұнан әрі жандана түседі деген сенімдеміз. Себебі қуаты күшті алып кәсіпорын да көгілдір отынға қосылды.
Иә, елімізде болып жатқан қазіргі жағдайға қарамастан, өздерінің істеріне жауапкершілікпен қарай білетін жанашыр жандардың арқасында Жақсықылышқа газ келді. Осы бір тарихи істің баянды боларына сенген елдің үміті ақталды. Біз үшін жағымды болған бұл жаңалықтың легі бұдан әрі басқа ауылдарға да жалғасар деген үміттеміз. Бастысы, төзім мен сабыр қажет. Бәріне уақыт керек.
Бекетай Ниязбаев,
«Аралтұз» АҚ-ның бас энергетиг
14 шілде 2020 ж. 700 0