Тарихтың қатпарлы таңбасы
Әрбір ұлттың тарих көшіндегі соқпақтары тек жеңістер мен жетістіктерден ғана тұрмайды, өйткені оның рухын шыңдаған, сонымен бірге орны толмас генофондтық шығынға ұшыратқан нәубетті кезеңдері де аз емес. ХХ ғасырдың алғашқы жартысы қазақ халқы үшін мемлекеттілік пен ұлт ретінде аман қалудың ең ауыр сын сағаты болды, себебі кеңестік тоталитарлық жүйенің сыңаржақ, қатал әрі озбыр саясаты салдарынан қазақ даласы үлкен қасірет полигонына айналды. Осы тұстағы жаппай қуғын-сүргін, күштеп ұжымдастыру, дәулетті ортаны мүлкін тәркілеу арқылы жою және соның тікелей салдарынан туындаған алапат ашаршылық ұлтымыздың демографиялық өсіміне ғана емес, мәдени-рухани діңгегіне де балта шапты. Осынау адам айтқысыз нәубеттің ресми түрде басталған 1929 жылғы қаралы кезеңіне биыл тура 97 жыл толып отыр.Өткеннің осындай қасіретті беттерін ұмытпай, әрқашан жадымызда сақтау мақсатында 1997 жылы арнайы Жарлықпен 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде бекітілген болатын. Содан бері Қазақстан халқы кеңестік заманның құйтұрқы саясаты салдарынан опат болған боздақтарын жыл сайын еске алып, олардың рухына үлкен тағзым етіп келеді. Демек, бұл күн тарихты мәңгі жадыда ұстап, келер ұрпаққа халқымыздың басынан өткен нәубет жылдарын аманаттау үшін айрықша саяси әрі рухани мәнге ие. Тарихи деректерге сүйенсек, Кеңес Одағы аумағында болған бұл ашаршылық адамзат тарихындағы ең қасіреттікезеңдердің бірі екендігі даусыз.
Кеңес үкіметі өзінің идеологиялық үстемдігін орнату үшін бүкіл одақ аумағында 53 ірі лагерь құрып, түрмелердің санын 30 мыңнан асырған екен. Осы қатал жүйенің ошақтары Қазақстан аумағында Карлаг, Степлаг және әйелдер қауымын азаптаған Алжир деген атаулармен құрылып, сан мыңдаған жазықсыз тағдырды талқандады. Тек 1937-1938 жылдардың өзінде ғана Қазақстаннан 100 мыңнан астам адам саяси қуғын-сүргінге ұшырап, солардың ішіндегі 25 мыңы ең ауыр жаза – ату жазасына кесілді. Бұл қатал тоталитарлық жүйенің барлық ауыртпалығын қазақ халқымен бірге ел аударылып келген 1,5 миллион өзге ұлт өкілдері де бірдей көтерді.
Саяси қуғын-сүргінмен қатар жүрген ашаршылық Ресей, Украина, Беларусь жерлерін қамтығанымен, орны толмас зауалды қазақ даласына әкелді. Одақ бойынша 7 миллионнан астам адамның өмірін жалмаған бұл нәубеттен сол жылдары шарпылмаған, аштық тауқыметін тартпаған ешбір қазақ қалмады. Тарихшылардың пайымдауынша, ашаршылық қазақ даласында алғаш рет 1929 жылы болып, кейін 1932 жылы қайталанған кезде халықтың 60 пайызы қырылып кеткен. Егер осы қолдан жасалған аштық пен қуғын-сүргін болмағанда, бүгінде халқымыздың саны 30 миллионнан асып жығылар еді.
Бұл нәубеттің басты қозғаушысы сол кездегі Қазақстанда басшы болған Голощекиннің «Кіші Октябрь» саясаты еді, өйткені ол малмен ғана күнін көріп отырған байларға, кейін орташаларға, соңында астық екпейтін малшыларға астық салығын салып, халықты ашықтан-ашық қырылуға итермеледі. Мұрағат деректеріне сүйенсек, ол кезде Қазақ АССР-інде 6,2 миллион адам болса, соның 2,1 миллионы аштықтан өлген, ал 1 миллионнан астамы Қытай, Моңғолия, Ауғанстан, Иран және Түркияға қашып жан сақтаған. Осы кезеңде 100-200 мыңға жуық адам Сібірге барып бас сауғаламақ болғанымен, Кеңес үкіметінің адамдары ғана емес, жергілікті тұрғындар да арып-ашып жеткен елге қырғидай тиіп, соның салдарынан ұлтымыздың талай ұл-қыздарының басы сол жақта көмусіз қалды.
Сұмдығы – темір тордың ар жағында бойына нәресте біткен аналарға да мейірімділік жасалмай, нәтижесінде 1 мың 507 нәресте дүниеге келіп, олардың басым көпшілігі аштық пен суықтың құрбаны болды. «Отанына опасыздық жасады» деген жаламен Ақмола лагерінде (Алжир) қамалған С.Сейфуллин, Б.Майлин, Ж.Шанин, С.Асфендияров, М.Тәтімов, Т.Жүргенов, Н. Нұрмақов, С.Сармолдаев, С.Есқараев сияқты белгілі қайраткерлердің жұбайлары дәл осы қамауда азап шекті. Мәселен, 1938 жылы 6 қаңтарда бұл лагерьге 1-3 жас аралығында балалары бар 50 әйелден тұратын алғашқы этап келіп түсті, олар ерлері саяси айыпкер ретінде сотталған, өздері жас сәбилерімен тұтқынға алынған жазықсыз аналар болатын.
Қазақ халқының Ресейдің отарлық саясатына қарсы жүргізген ұлт-азаттық күресінің бірі – Алаш қозғалысы болды, сондықтан бұл қозғалыстың тарихы мен еліміздің бүгінгі тарихи шындығы бір-бірімен тығыз байланысып жатыр. Алаштың арда ұлдарының басты мұраты қазақ халқын аман сақтау, ұлттық менталитетін, санасын көтеру және түрлі кесапаттан қорғау жолында еңбек ету болса, ел үшін өз басын құрбан еткен зиялылар тобын баулыған Әлихан Бөкейханов пен Халел Досмұхамедов еді.
Алаш зиялыларының мемлекеттілік негізі ретінде ұсынған бес қасиетті ұстанымы болды. Олардың ең бірінші ұстанымы бойынша Алаш ұлттық-демократиялық мемлекет болуы тиіс еді және ол үшін ең алдымен халықаралық деңгейде танылған өз жері болуы керек деп есептелді. Екінші ұстаным Алаш жерінің асты-үстіндегі барлық байлықтың тек қазақтың өзіне қызмет етуін талап етсе, үшінші ұстаным қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып тоқылып киілуін, яғни экономикалық тәуелсіздікті көздеді. Төртінші ұстаным Қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тілі, діні мен ділі өзге ұлттарға қарағанда үстем әрі қорғалған болуын міндеттесе, бесінші, негізгі ұстанымы тәуелсіз ғылымға және ұлттық дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, ұлттық-демократиялық мемлекет құру болды.
1930 жылы саяси қуғын-сүргіннің алғашқы тепкісін көріп, кейін соның құрбаны болып жастай кеткен жампоз ақын Нұрмағанбет Қосжанұлы жазықсыз бес жылға сотталып, осы зұлматтың алғашқы соққысын қабылдады. Бүгінгі таңда ұлтымыздың біртуар перзенттері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ораз Жандосов, Бейімбет Майлин, Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер, Санжар Асфендияров, Ораз Исаев, Темірбек Жүргенов, Ұзақбай Құлымбетов сынды және де басқа халқымыздың аяулы перзенттерінің рухы алдында бүкіл келер ұрпақ басын иеді. Жүрегі елім, жерім, халқым деп соққан, бүкіл саналы ғұмырын ұлтының бас бостандығы мен дербестігіне арнаған асыл азаматтарымыздың ұлтжанды, жанкешті еңбектері жас ұрпаққа мәңгілік үлгі-өнеге болып қала бермек. Ұлт бостандығы үшін құрбан болған ұлт зиялыларының асыл мұрасы мен қасиетті аманаттары ұрпақтан-ұрпаққа үзілмей жалғасары сөзсіз.
Г.ӘЛНИЯЗИНА










