Хантавирус: көзге көрінбейтін қауіп
Соңғы жылдары әлемде түрлі жұқпалы аурулардың таралуы жиілеп, адам денсаулығына төнетін қауіп күшейіп келеді. Солардың бірі – хантавирус. Бұл вирус көпшілікке коронавирус секілді кеңінен таныс болмағанымен, мамандар оны аса қауіпті инфекциялардың қатарына жатқызады. Себебі хантавирус адам ағзасын ауыр зақымдап, дер кезінде емделмесе өлімге әкелуі мүмкін.Оның тарихы ХХ ғасырдың ортасынан бастау алады. Хантавирус – кеміргіштер арқылы таралатын аса қауіпті инфекциялардың бірі. Ол адам ағзасының тыныс алу және бүйрек жүйелерін зақымдап, ауыр жағдайға әкелуі мүмкін.
Аурудың атауы қайдан шықты
Вирус Хантан өзенінің құрметіне қойылған. 1950–1953 жылдары болған Корея соғысы кезінде көптеген сарбаз белгісіз ауруға шалдыға бастайды. Науқастардың дене қызуы көтеріліп, қан қысымы төмендеп, бүйрек қызметі бұзылған. Сол кезеңде дәрігерлер бұл дерттің нақты себебін анықтай алмай қиналды.
Кейін зерттеушілер аурудың кеміргіштермен байланысты екенін байқаған. 1970 жылдары оңтүстіккореялық ғалым Ли Хо Ван арнайы зерттеу жүргізіп, вирустың негізгі тасымалдаушысы дала тышқандары екенін дәлелдейді. Осылайша ғылымда жаңа вирус түрі анықталып, ол «хантавирус» деп аталды.
Қауіпті аймақ қандай?
Хантавирус алғаш Азияда анықталғанымен, уақыт өте келе оның әлемнің көптеген бөлігінде кездесетіні белгілі болды. Бүгінде вирус Азия, Еуропа және Солтүстік Америка елдерінде тіркелген.
Әртүрлі аймақта хантавирустың бірнеше түрі кездеседі. Мәселен Азия мен Еуропада көбіне бүйрек синдромын туғызатын түрлері таралса, Америка құрлығында өкпе синдромын тудыратын қауіпті нұсқалары кездеседі. 1993 жылы АҚШ-та хантавирустың аса қауіпті түрі тіркеліп, бірнеше адамның қаза табуы қоғамды алаңдатқан еді. Нью-Мексико штатында басталған індет кейін басқа өңірлерге де тарайды. Зерттеу нәтижесінде аурудың бұғы тышқандары арқылы таралғаны анықталды.
Белгілерін білген абзал
Хантавирус жұқтырған адамда алғашқы күндері тұмауға ұқсас белгілер байқалады. Науқастың дене қызуы көтеріліп, басы ауырады, әлсіздік пайда болады. Сонымен қатар бұлшық еттің сырқырауы, жүрек айну, құсу секілді белгілер де кездеседі.
Ауру асқынған жағдайда адамның тыныс алу жүйесі зақымдалып, өкпеге сұйықтық жиналуы мүмкін. Кей науқастарда бүйрек қызметі бұзылып, қан қысымы төмендейді. Сондықтан дәрігерлер мұндай белгілер байқалса, дереу медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді.
Жұғу жолы жайында
Мамандардың пікірінше, хантавирус көбіне санитарлық талап сақталмаған ортада таралады. Ауылдық жерлерде, қойма, қора-жайларда немесе ескі үйлерде кеміргіштердің көбеюі қауіпті арттырады. Жалпы Вирус мынадай жағдайларда жұғуы мүмкін.
Кеміргіштердің нәжісі мен зәрі арқылы, ластанған шаңды жұту кезінде, вирус жұққан заттарды ұстағанда, сирек жағдайда кеміргіш тістеген кезде.
Айта кетерлігі, хантавирус көп жағдайда адамнан адамға жұқпайды. Бұл – оның коронавирус пен тұмаудан негізгі айырмашылығының бірі.
Сақтансаң, сақтайды
Дәрігерлер хантавирустан сақтанудың басты жолы – тазалық сақтау екенін айтады. Әсіресе, тұрғын үйлер мен қоймаларды таза ұстап, кеміргіштердің көбеюіне жол бермеу қажет.
Сақтық шаралары үй-жайды үнемі желдету, тышқан кіретін саңылауларды бітеу, азық-түлікті жабық ыдыста сақтау, қолды жиі жуу, қора немесе шаң басқан орынды тазалағанда бетперде тағу, кеміргіштердің өлексесіне жалаң қолмен тимеу болып табылады.
Мамандар табиғат аясында демалғанда да сақ болуға шақырады. Себебі орманды аймақтарда да вирус тасымалдаушы кеміргіштер кездесуі мүмкін.
Мамандардың маңызды пікірі
Инфекционист дәрігерлердің айтуынша, хантавирус сирек кездескенімен, өте қауіпті дерт саналады. Сондықтан халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту маңызды. Әсіресе, ауыл шаруашылығында еңбек ететін адамдар мен қойма қызметкерлері сақтық шараларын қатаң ұстануы керек.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да кеміргіштер арқылы тарайтын ауруларға ерекше назар аударып отыр. Себебі климаттың өзгеруі мен экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы мұндай инфекциялардың таралуына әсер етуі мүмкін.
Қазақстанға қауіп бар ма?
Жасыратыны жоқ, кейбір адамдар оны COVID-19 пандемиясымен салыстырып, жаңа жаһандық індет болуы мүмкін деп қауіптенуде. Алайда қазақстандық мамандар мен халықаралық сарапшылардың пікірінше, қазіргі жағдайда хантавирус Қазақстан үшін аса үлкен қауіп төндіріп тұрған жоқ. Дегенмен сақтық шараларын сақтау маңызды.
Қазақстан Денсаулық сақтау саласының мамандары қазіргі таңда ел ішінде хантавирустың жаппай таралу қаупі байқалмайтынын мәлімдеді. Сарапшылардың айтуынша, бұл вирус COVID-19 секілді ауа арқылы жылдам тарайтын инфекция емес. Сондықтан оның пандемияға айналу ықтималдығы төмен.
Биолог әрі иммундау жөніндегі кеңесші Әсел Мұсабекова хантавирустың адамнан адамға өте сирек жұғатынын атап өткен. Оның айтуынша, вирус негізінен ұзақ әрі тығыз байланыс кезінде ғана берілуі мүмкін. Сондықтан кең көлемде таралу қаупі аз. Сарапшы ауыр науқастар санының көп болмауы да вирустың тез таралуына кедергі екенін түсіндіреді.
Қазақстандық эпидемиологтар еліміздің медицина жүйесі мұндай инфекцияларға қарсы әрекет етуге дайын екенін айтады. Соңғы жылдары пандемиядан кейін санитарлық бақылау күшейтіліп, инфекциялық ауруларды анықтау жүйесі жетілдірілді. Әсіресе әуежайлар мен халықаралық қатынас орындарында бақылау шаралары жүргізілуде.
Дегенмен мамандар халықты жалған ақпарат пен үрейге бой алдырмауға шақырады. Әлеуметтік желілерде хантавирус туралы нақты дәлелсіз ақпараттар жиі таралады. Кейбір жазбаларда бұл вирус адамзатты қайтадан карантинге әкеледі деген пікірлер айтылуда. Бірақ ғылыми деректер мұндай болжамдарды растамайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да қазіргі кезде хантавирустың жаһандық пандемияға айналу қаупін төмен деп бағалайды.
Қазақстан географиялық тұрғыдан түрлі табиғи аймақтарда орналасқандықтан, кейбір өңірлерде кеміргіштер арқылы таралатын аурулар кездесу ықтималдығы бар. Бірақ бұл жағдай жаңа немесе ерекше құбылыс емес. Бұған дейін де елімізде табиғи ошақты инфекциялармен күрес тәжірибесі қалыптасқан. Сондықтан мамандар жағдай бақылауда екенін айтып отыр.
Жалп, хантавирус Қазақстан үшін толықтай қауіпсіз деп айтуға болмайды, бірақ қазіргі таңда оның жаппай таралу қаупі өте төмен. Қазақстандық сарапшылардың пікірінше, басты мәселе – халықтың ақпараттық сауаттылығы мен санитарлық мәдениеті. Ғылыми негізделген ақпаратқа сүйеніп, дәрігерлер кеңесін орындау арқылы кез келген инфекцияның алдын алуға болады. Сондықтан қоғам үрейге емес, сақтық пен жауапкершілікке назар аударуы тиіс.
Түйін. Хантавирус – көзге көрінбейтін, бірақ адам өміріне үлкен қауіп төндіретін жұқпалы аурулардың бірі. Оның алдын алу әр адамның өз қолында. Тазалық сақтау, санитарлық талаптарды орындау және дер кезінде дәрігерге қаралу – қауіпті дерттен қорғанудың ең тиімді жолы. Денсаулық – баға жетпес байлық. Сондықтан әрбір азамат өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы тиіс.
Оңталап ЖОЛДАСОВ










