Жеті күн бойы тек су ішсе, ағзада не болады?
Алғашқы екі-үш күнде дене алдымен глюкоза қорын жұмсайды, кейін энергияны майдан ала бастайды. Бір аптада қатысушылар орта есеппен 5,7 келі салмақ жоғалтқан. Бірақ азайған салмақтың бәрі май емес, бұлшық ет те кеміген.Ғалымдардың айтуынша, үшінші тәуліктен кейін ағза терең өзгеріске түседі. Иммундық жүйе, қан тамырлары, дәнекер тіндер мен мидың жұмысы өзгере бастайды. Зерттелген ақуыздардың үштен бірінен астамының белсенділігі өзгерген.
Кейбір өзгерістер пайдалы болуы мүмкін. Мысалы, ревматоидты артрит пен жүрек-қан тамырлары аурулары қаупінің төмендеуі байқалған. Бұл ашығу жасушалардың қалпына келу механизмдерін іске қосуы мүмкін деген болжамды қуаттайды.
Дегенмен бір апта бойы тамақ ішпеу қауіпті. Мұндай жағдайда қабыну белгілері пайда болып, қанның ұюы өзгеруі, бас айналуы, қан қысымы бұзылуы, электролит тапшылығы және бұлшықет массасының азаюы мүмкін.
Әсіресе диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары, асқазан-ішек жолдарының созылмалы дерті бар адамдарға және тамақтану тәртібі бұзылған жандарға ұзақ ашығу өте қауіпті.
Дәрігерлер мұндай тәжірибені өз бетінше бастамауға, міндетті түрде маманмен кеңесуге шақырды.
massaget.kzФото: depositphotos.com










