Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәңгілік елдің мәртебелі рәміздері

Мәңгілік елдің мәртебелі рәміздері

Әлем картасындағы мемлекеттің шекарасы бір сызықпен ғана айқындалмайды. Оның рухани кеңістігін, тарихи жадын, ұлт ретінде қалыптасқан болмысын танытатын қасиетті белгілері бар. Олар халықтың тағдыр жолын, ұрпақтың арманын, елдің мұратын өз бойына жинақтайды. Қазақстан үшін сондай қастерлі ұғымдардың қатарында Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Гимн тұр.
Арал өңірінде де Мемлекеттік рәміздер күніне арналған «Рәміздер рухы – Конституцияның күші» атты патриоттық шара ұйымдастырылды.
Рәміздер алаңында өткен мерекелік басқосуға аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев, зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау саласының қызметкерлері мен белсенді жастар мен тұрғындар қатысты.
Салтанатты кеште Ту көтеріліп, еліміздің Әнұраны шырқалды. Шарада аудан әкімі Амажол Сақыпұлы аралдықтарды мерекемен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.
Өз сөзінде мемлекеттік нышандардың Тәуелсіздіктің баға жетпес құндылығы екенін атап өткен аудан әкімі ел азаматтарын Отанын қастерлеуге, мемлекеттік нышандарды қадірлей білуге шақырды.
Шара аясында мемлекеттік қызметке алғаш қабылданып, жұртшылық алдында салтанатты түрде ант қабылдаған жас мамандарға арнайы қызметтік куәлік табысталды.
Сондай-ақ Вьетнам мемлекетінің Дананг қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы U17 Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, Азия чемпионы атанған грек-рим күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мирас Махамбет пен жаттықтырушысы Ардақ Таңатаровқа қаржылай сыйақы тарту етілді.
Аудан әкімі мұнан соң әр салада абыройлы еңбек етіп, түрлі спорттық сайыстарда жетістіктерге жетіп жүрген бір топ азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады.
Салтанатты шарада Аманжол Сақыпұлы зиялы қауыммен бірге «Жас ұлан» ұйымының қатарына қабылданған оқушыларға арнайы галстук тағып, қадамына сәттілік тіледі.
Кеш соңында азаматтардың елге, жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, жігерлендіре түсетін патроиттық бағыттағы әндер шырқалып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Бүгінде жыл сайын 4 маусымда аталып өтетін Мемлекеттік рәміздер күні – егемен елдің еңсесін тіктеген, дүниежүзі алдында дербес мемлекет ретінде танылған тарихи кезеңді еске түсіреді. Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын қабылданған мемлекеттік нышандар уақыт өткен сайын құнын жоғалтқан жоқ. Керісінше, олардың мағынасы тереңдеп, қоғамдық санамен біте қайнасып келеді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан үшін күрделі сынақтар кезеңі еді. Кеңестік жүйеден шыққан жас мемлекеттің алдында жаңа экономикалық бағыт қалыптастыру, халықаралық қатынастарды жолға қою, мемлекеттік институттарды құру міндеттері тұрды. Осындай тарихи бетбұрыс кезінде елдің жаңа келбетін айқындайтын рәміздер қажет болды. Олар мемлекеттің төлқұжаты іспетті қызмет атқаруға тиіс еді.
1992 жылғы 4 маусымда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасы ресми түрде бекітілді. Бұл күн ел тарихындағы аса маңызды белестердің біріне айналды. Сол жылы арнайы комиссия ұйымдастырған байқауға жүздеген жоба ұсынылғаны белгілі. Суретшілер, сәулетшілер, дизайнерлер мен шығармашылық иелері тәуелсіз мемлекеттің бейнесін қағаз бетіне түсіруге ұмтылды.
Бүгінде көк байрақтың авторы ретінде танылған Шәкен Ниязбеков ұсынған жоба үздік деп танылды. Ашық аспан түстес көгілдір фон, алтын түсті күн, қалықтаған қыран және ұлттық өрнек – тұтас бір философияның көрінісі. Көк түс ежелден түркі дүниесінде қасиетті ұғым саналған. Ол бейбітшілік пен бірліктің, адалдық пен тұрақтылықтың нышаны ретінде қабылданады. Тудағы күн сәулесі өміршеңдікті, жасампаздықты, тоқшылық пен өркендеуді меңзейді. Ал қыран бейнесі азат рухтың, еркін ойдың және биік мақсаттың символына айналған.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан туы әлемнің биік шыңдарында желбіреді. Ол Эвересттің басында да, Антарктида мұздықтарында да көтерілді. Олимпиада чемпиондарының жеңіс тұғырында шырқалған әнұранмен бірге көк байрақ талай мәрте әлем назарын Қазақстанға аудартты. Спорт алаңдарында, халықаралық ұйымдардың штаб-пәтерлерінде, дипломатиялық кездесулерде көтерілген Ту мемлекеттің беделі мен мәртебесін айқындап келеді.
Елтаңба тарихына үңілсек, онда да ғасырлар тереңінен жеткен мәдени код сақталған. Оның авторлары – Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Елтаңбаның қақ ортасындағы шаңырақ қазақ дүниетанымындағы киелі ұғымдардың бірі. Шаңырақ тек отбасының ғана емес, ортақ үйдің, тағдырдың белгісі ретінде көрініс тапқан. Одан тараған уықтар күн сәулесіндей жан-жаққа таралып, елдің тұтастығы мен татулығын бейнелейді.
Қанатты пырақтар бейнесі көшпелі өркениеттің терең тамырынан сыр шертеді. Қазақ аңыздары мен жырларында тұлпар еркіндіктің, батырлықтың, жүйріктіктің көрінісі ретінде суреттеледі. Елтаңбадағы жұлдыз болашаққа бағытталған сенімнің белгісі ретінде таңдалған. Композициядағы әрбір элемент бір-бірімен үндесіп, Қазақстанның тарихи жады мен заманауи дамуын қатар көрсетеді.
Рәміздердің ішінде халықтың жүрегіне ең жақын тұрғандарының бірі – Мемлекеттік Гимн. Себебі әнұран халықтың сезімімен, даусымен, көңіл-күйімен астасып жатады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін алғаш рет 1992 жылы жаңа Мемлекеттік Гимн қабылданды. Оның мәтінін белгілі ақындар жазып, музыкасы кеңестік кезеңдегі гимн әуенінің негізінде сақталды.
Алайда уақыт өте келе қоғамда ұлттық рухты тереңірек танытатын әнұран қажеттігі жөнінде пікірлер айтыла бастады. Нәтижесінде 2006 жылғы 6 қаңтарда жаңа Мемлекеттік Гимн қабылданды. Негізіне халық арасында кең танылған «Менің Қазақстаным» әні алынды. Әннің авторлары – Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденов. Мемлекеттік мәртебе беру барысында мәтінге белгілі бір өзгерістер енгізіліп, оған Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың да түзетулері енгізілді.
Содан бері «Менің Қазақстаным» әнұраны елдің рухын көтеретін ерекше туындыға айналды. Ол халықаралық жарыстарда, мемлекеттік салтанаттарда, білім ордаларында, әскери рәсімдерде орындалып келеді. Әнұран шырқалған сәтте миллиондаған адамның жүрегінде туған жерге деген мақтаныш сезімі оянады.
Мемлекеттік рәміздерге қатысты заңнамалық негіз де жылдар бойы жетілдіріліп келеді. 1992 жылы алғашқы заңдар қабылданса, кейін олар бірнеше рет толықтырылды. 2007 жылғы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заң қабылданып, рәміздерді пайдалану тәртібі жүйеленді. Аталған құжатта Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Гимннің мәртебесі, оларды орналастыру, пайдалану, қорғау және құрметтеу нормалары нақты айқындалды.
Кейінгі жылдары заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізіліп, рәміздерді қорлағаны үшін жауапкершілік күшейтілді. Сонымен қатар мемлекеттік мекемелерде, білім беру ұйымдарында, дипломатиялық өкілдіктерде рәміздерді қолданудың бірыңғай тәртібі бекітілді. Мемлекеттік қызметшілердің ант беру рәсімдерінен бастап халықаралық келіссөздерге дейін рәміздердің ресми қолданылуы заңмен реттеліп отыр.
Қазақстан тарихында рәміздерге қатысты есте қаларлық оқиғалар аз емес. 2011 жылы Мемлекеттік рәміздер күні ресми мереке мәртебесін алды. Осы шешімнен кейін 4 маусым ел көлемінде кеңінен аталып өте бастады. Әр өңірде патриоттық акциялар, көрмелер, ашық сабақтар, ғылыми конференциялар ұйымдастырылып келеді.
Соңғы жылдары көк байрақты дәріптеу бағытында көптеген игі бастамалар қолға алынды. Республика аумағында алып тулар орнатылып, жастар арасында патриоттық жобалар жүзеге асырылды. Әскери қызметшілер мен спортшылар ғана емес, қарапайым азаматтар да мемлекеттік рәміздерді құрметтеуді азаматтық мәдениеттің маңызды бөлігі ретінде қабылдай бастады.
Қазіргі жаһандану дәуірінде мемлекеттік рәміздердің маңызы бұрынғыдан кеміген жоқ. Керісінше, ұлттық ерекшелікті сақтаудың негізгі тетіктерінің біріне айналды. Әлемдік ақпарат ағыны күшейген сайын әр халық өз болмысын жоғалтпауға ұмтылады. Сол жолда рәміздер ұлттың тарихи тамыры мен болашақ бағдарын жалғайтын алтын көпір қызметін атқарады.
Көк байрақтың астында сан түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері бір шаңырақтың баласындай өмір сүріп келеді. Елтаңбадағы шаңырақ идеясы күнделікті тіршілікте нақты мазмұнға ие болды. Ал әнұрандағы туған жерге деген сүйіспеншілік тәуелсіз елдің жаңа буынын тәрбиелеуге ықпал етіп отыр.
Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету – тарихи жауапкершілікті сезіну. Өйткені Ту, Елтаңба және Гимн – ғасырлар бойғы арманның, азаттық жолында күрескен бабалардың аманатының көрінісі. Олар елдің өткені мен бүгінін жалғап, келешек ұрпаққа бағыт-бағдар беріп келеді.
Г.САҚТАПОВА
06 маусым 2026 ж. 60 0