Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік рәміздер – ел мәртебесі

Мемлекеттік рәміздер – ел мәртебесі

Аралда 4 маусым – Мемлекеттік Рәміздер күні мерекесі аясында патриоттық шара ұйымдастырылды.
Рәміздер алаңында өткен мерекелік іс-шараға аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен белсенді жастар қатысты.
Аудан басшысы Арал жұртын мерекемен құттықтап, мемлекеттік рәміздер Тәуелсіздіктің баға жетпес құндылығы екенін жеткізді. Сондай-ақ, жуырда еліміздің өзге аймақтарында орын алған төтенше жағдайлар кезінде қауіп-қатерге қарсы тұрған ержүрек ұландарға барша аралдықтар атынан ризашылығын білдірді.
«Баршаңызды ел тарихындағы айтулы мерекелердің бірі – Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтаймын! Тәуелсіздік төсбелгісіне айналған рәміздерімізді құрметтеу, мақтан тұту әрбір азамат үшін қасиетті борыш. Ұлттық патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік, туған жерге деген ыстық ықылас – адамның рухани болмысын айқындайтын асыл ұғым. Өздеріңіз білетіндей су тасқыны салдарынан еліміздің он аймағы әбігерге түсті. Төтенше жағдай жарияланды. Сындарлы сәтте халқымыздың мызғымас бірлігі айқын көрінді. Аралдық азаматтар да зардап шеккен жандарға жаппай қол ұшын созып, гуманитарлық көмек жөнелтілді. Арал ауданының №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің құтқарушылары батыл қадамға барып, 60 күн бойы апат орын алған аймақта жұмыс жасады. Қайсарлық пен жігерліліктің ерен үлгісін танытқан құтқарушылар мен жүк көліктерінің жүргізушілері бүгін ортамызда. Жанашырлық пен бекем бірліктің үлгісін көрсете білген құтқарушыларға Өзімнің және барша аралдықтар атынан шынайы ризашылығымды жеткіземін» - деді, Аманжол Сақыпұлы.
Патриоттық жиын барысында мемлекеттік органдарға жаңадан жұмысқа қабылданған мемлекеттік қызметкерлер салтанатты түрде ант берді.
Сондай-ақ, аудан әкімі зиялы қауыммен бірге «Жас ұлан» ұйымының қатарына қабылданған оқушыларға арнайы галстук тағып, қадамына сәттілік тіледі.
Мерекелік шарада Батыс Қазақстан облысының аумағында табиғи апат салдарынан орын алған су тасқынынан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына өңірімізден жұмылған құтқарушы мамандарға, демеушілер мен автокөлік жүргізушілеріне аудан әкімінің «Алғыс» хаты табыс етілді.
Айтулы мерекеде патриоттық әндер орындалып, жиын көк байрағымыз желбіреген автошерумен аяқталды.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
05 маусым 2024 ж. 200 0