Ең қымбат сыйлық
"Кітап - бағасы жоқ байлық" дейді дана халқымыз. Және де "Барлық білім кітапта", "Кітап - білім бұлағы", "Кітап - білгенге маржан, білмеске арзан" деген мақалалар легі жетерлік. Сірә, ен даланы еркін жайлаған ел-жұртымыз ежелден осы кітаптың қадір-қасиетін өте жақсы білген. Караңғылықтың, надандықтың зиянын көп көрген халқымыз қайта оянып, білімге сусап келгендей бас жойған бергі кезеңде үй иесінің қызметі мен мансабына қарамай әрбір үйде, төрінде кітап үлдіріктерінің болғанын мақтаныш тұтқан. Жасы үлкен жайсаңдар, оқу-білім тауысқан зиялылар қауымы бас қосқан жерлерде міндетті түрде әңгіме боп көп қозғалатын белгілі бір арналы сала кітаптары туралы болатын. Сондай құштарлықтың арқасында халқымыз білімділік сапасы жағынан өткен ғасырда жақсы денгейге көтерілді. Халықтың кітапқа деген шексіз құштарлығын мемлекет те барынша қолдап, еліміздің үлкен шаһарларында ғана емес, сонау бір алыс түкпірдегі алыс ауылдарға дейін кітапханалар ашқан. Алыс жайлаудағы мал отарларындағы, шаруа соңындағыларға арналған "Жылжымалы кітапхана" деген автобустар барлық аудандардың мәдениет бөлімі жанында тұрақты жұмыс істегенін көзіміз көрді.Айналамыздағы адамдардың өмір-тіршілігінің аса кажеттілігі бар нәрсесі- кітаптар боп айқындалған. Жақын дпамдар, сыйластығы бар кісілер шекірттер мен ұстаздар атаулы мерекелерде ақ тілегін жазып, бір-біріне кітап сыйлау керемет үрдіске айналған-тын. Сырттан келген қонақтарға ауыл иелері өз елді мекенін аралатқанда әуелі кітап дүкендеріне соғыа, оларға ең жақсы-жақсы деген кітаптарды сыйлыққа алып беретін. Осылайша жаппай кітап оқитын халыққа айналғанымыз шындық. Содан да ұлтымыздың сапалық деңгейі, білімділік деңгейі көтерілген. Кітап - халқымыздың бойындағы ғасырлар бойы түзілген мейірімділікті, рухани тазалықты, ақиқатқа бағытталған әділеттілікті, шынай шыншылдықты еселеп, жаңа ұрпаққа, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие берудің басты бір арнасы боп қалыптасқан.
Уақыт өте келе, бертініректе дәуірлер өзгерген өтпелі кезеңде жұртшылықтың кітапқа деген бұрынғы көзқарасы күрт төмендеп, рухани жан әлемдері жадау тарта бастағанын лажсыз мойындауға тура келеді. Әрине, бұған ел өміріндегі қилы-қилы кезеңдердің салқындары да әсер еткен болар. Адамдардың материалдық байлыққа бірбеткей ұмтылуы бұрынғы жақсы үрдісті шетке қағып ығыстырып тастады. Соның салдары емес пе, осы күні көп шаңырақтардың босағасын аттап кіргенде көретінің сықиған, көздің жауын алатын жиһаз-мүліктердің арасынан қанша іздесең де, бірде-бір кітап сөресін көре алмай, көңіліңіз құлазып қалады. Кітап оқу туралы алда-жалда әңгіме бола қалса: "Қазір бәрі де кітап оқымайды ғой" деген жалған түсініктің ізінде кеткендері аңғарылады. Мұны естігенде қаралай қарның ашады. Хакім Абайдың "Көп айтса көнді, жұрт айтса болды әдеті надан адамның" деген өлең жолдары ойға оралады. Шындығында, білім менен ілімнің бірден-бір қайнар көзі болатын кітап оқымау - нағыз надандықтың белгісі емес пе?! Сондай-ақ біліп-білмей әжептәуір мансапты кісілердің өзі: "Шетелдерде қазір кітап оқымайды, ең бастысы ақшаң болсын..." деп өздерінің рухани кедейлігін ақтамақшы болады. Алайда жөні түзу өркениетті елдерде бұлай емес екені белгілі. Расында қай-қай дамыған елдердің жұрты мектеп оқушыларынан бастап ардагер шал-шауқандарына дейін нағыз кітапқұмарлар екенін көріп отырмыз. Жақсы кітапты ауызбіршілікпен мақсатты түрде бүкіл ел болып оқып шығатындарын қайтесің?! Иә, қазір бізде де осы жолмен "Бір ел, бір кітап" деген бағдарлама іске асуда. Бұл да қалың көпшіліктің назарын кітап оқуға аударудың жолдары. "Кітап оқитын сынып", "Кітап оқитын мектеп", "Кітап оқитын ауыл" аталып оқуға деген жаңа талпыныстардың болып жатқанын көріп шүкіршілік етесің. Халық өзінің рухани қазынасынан айрылғысы келмейді. Осы рухани қазына ғана адамдарды адастырмай, ардың биігіне көтерері ақиқат. Шәкәрім қажының: "Ар ілімі" дегені осы емес пе. Арлы адам ғана алашына қызмет етеді, халқына адал болады, елдің еңсесін көтерсем деген игі арман-тілекпен, мұратпен жүреді. Бүгіндері қиын-қыстау өтпелі кезеңдерден де, тоңы қатты тоқырау жылдардан да бірте-бірте ұзап барамыз. Осынау жақсы бастамалар азаматтарымыздың кітап оқуға деген құштарлығының баяу да болса оянып келе жатқанын анық аңғартады. Мұны сұхбаттасқан сәттерімізде кітапханашыларымыз да қуана айтады, растайды. Бұған да тәубе дейміз. Жарқын болашағын ойлаған, кемелді келешегінен үміт күткен адамдар ұрпақтарына кітап оқуды бойларына сіңіре бастағанын сеземіз. Кітап оқудан мүлдем ажырап кеткендерді тек надандықтың, қараңғылықтың қапасы ғана күтіп тұрғаны шындық.
Қайбірде аудандық Білім бөлімі қаламызда үлкен бір аймақтық шара өткізді. Қызылорда қаласынан, барлық аудандардан ондаған оқушылар келіп, білім сайысына түсті. Бұл жерде баса айтайын дегеніміз, барша қатысушы оқушыларға әдеттегідей қытайдың блоконоттарын емес, бас-басына жақсы-жақсы кітаптар сыйланды. Сондағы талапкер оқушылардың қуанғанын көрсеңіз. Оқуға құштар балалар кітаптың қандай құнды екенін білгеніне риза болдық.
Өзіміз де қолға қалам алып, көркем-әдеби, деректі-танымдық кітаптар жазып жүргендіктен, рухани-мәдени шаралардың басы-қасында көп болатындықтан да жерлестеріміздің қандай-қандай топтарының оқуға деген құштарлықтарының қандай дәрежеде екендігін бір кісідей білеміз. Әлгіндей ауданымызда да, басқа да жерлерде өтіп жататын үлкен мәдени-рухани, білімге қатысты өтіп жататын кеш қонақтарына кітап сыйласа, сонау бір жылдардағы бір үлгіні, өнегелі дәстүрді қайта оятуға септігі болар еді. Соңғы бір кездері Арал аудандық Ішкі істер бөлімінде, №220 орта мектепте, сондай-ақ бірлі-жарым кәсіпкерлеріміздің өздеріне келген қонақтарына кітап сыйлағанын көріп, өзгелерге де жұғысты болса екен деп айтқымыз келеді.
Елімізде 2012 жылдан бері 12 ақпанда Кітап сыйлау күні деп беліленген. Және қазір 23 сәуір - Ұлттық кітап және кітапханашылар күні болып белгіленіп отыр. Осы күндері еліміздегі сияқты ауданымызда да үлкен мән беріліп, ауданның барлық кітапханаларында айтулы шаралар легі өтіп жүр. Зиялы қауым өкілдері, белгілі азаматтар осы күні кітапханаларға кітап сыйла және осындағы ұйымдастырылған мәдени шараларға қызыға қатысып, өз ойларын ортаға салып жүреді. Иә, кітапханадағы кітап - барша оқырмандарға жасалған рухани сый емес пе.
Иә, кітап - жаңа заманның, сәулетті қоғамның саналы азаматтарын қалыптастыратын рухани байлық. Әлеуеті зор осы рухани байлықты ой-санасына сіңіргендер әрине, қандай қызмет істемесе де, жаны жайсаң, жүрегі жылы, көңіл көкжиегі кең, адамгершілігі мол тұлға болып шығады десек, біздің әр күнімізде кітап жанымызға серік болмақ керек.
Белгілі қаламгер Жүсіпбек Қорғасбектің теледидардан апта сайын болатын "Үркер" бағдарламасы соңында айтатын: "Кітап оқиық, достар!" дегеніне қосыла отырып: "Түрлі мекемелерде, қуанышты күндерімізде бір бірімізге ең бағалы сыйлық - кітаптар сыйлайық" дегіміз келеді.
Ерғали Абдулла.
Фото: massaget.kz










