Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ақылдың кілті және 6 минут

Ақылдың кілті және 6 минут

Кітап оқу өмірді 2 жылға ұзартады. Бұл – Йель университетінің ғалымдары дәлелдеген факт. Кітап оқығанда ми жасушалары арасындағы байланыс күшейеді. Бұл өз кезегінде жүйке жүйесі ауруларының пайда болуын тежейді. Кітап оқу есте сақтау қабілетін жақсартып, депрессиямен күресудің жақсы әдісі болып табылады. Ғалымдар мен дәрігерлер күйзелістің – адам бойындағы аурулардың 60 пайызына себепші болатынын айтады. Ұзақ уақытқа созылған күйзеліс инсульттің қаупін 50 пайызға, жүрек-қан тамырлары ауруларының пайда болуын 40 пайызға арттырады. Ал кітап оқу күйзеліс деңгейін 68 пайызға төмендете алады екен. Небары 6 минут кітап оқу жүрек соғысын бәсеңдетіп, бұлшық ет қызуын төмендетеді. Бірақ бұл монитордан оқу емес. Қалалық №3 кітапхананың меңгерушісі Ақгүл Ержетқызының айтуынша, кітапханаларға оқырман тарту мақсатында қолжетімді жағдайлар жасалған дейді. Қазіргі таңда барлық кітапханалар интернет желісіне қосылған. – Бізге әртүрлі жастағы оқырман келеді. Олардың 72 пайызы 15-21 жас аралығындағы жастар және зейнеткерлер. Көбіне көркем әдеби шығармалар жинағы сұранысқа ие. Кітапханада әркім өзіне керек кітапты тауып оқып, талдап, саралауға да мүмкіндіктер жасалған. Арнайы оқырман залы да ашылған. Кітап қоры жеткілікті, – дейді. Ал талай жыл мемлекеттік кызметте болып, зейнет демалысына шыққан Жарылқасын Дәрімбетов кітапсыз өмір сүру мүмкін емес деген пікірде. Бұл біздің санамызды серпілтіп, ой-өрісімізді дамытудың ең басты құралы дейді. – Білген адамға бар қазына – кітапта. Мен бала кезімнен кітап оқуды сүйікті ісіме айналдырып келемін. Қазір немерелеріме оқып беремін. Өзіме керекті барлық деректі кітаптан табамын. Тіпті сол кітаптың ішіндегі құнды деректерді қойын дәптеріме түртіп аламын. Бұл – маған өмірлік азық, ұрпағыма қалдырар мұрам. Шет елдің мәдениеті мен әдебиетін, түрлі салаға арналған кітаптарды оқып отырамын. Бір жақсысы, жанжақты білім алғанымның арқасында балаларым мен немерелерім қойған сауалдарға қиналмай жауап беріп отырмын. Байқағаным, кітап оқыған адамның коғамда өресі биік, санасы да жоғары болатындығына көзім анық жетті, – дейді. Хакім Абай «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деген еді. Иә, кітап оқудың пайдасы көп. Неге кейбір адамдар оқуды әлі де жалғастыруда, тек демалу немесе бос уақытты өткізу үшін ғана емес шығар? Әрине, кітап оқудың пайдасы зор екендігінде сөз жоқ. Жақсы кітапты оқу арқылы адамның білім көкжиегі кеңейеді. Кітап оқудың тағы бір маңызы адамның сөздік қоры көбейіп, ойлау қабілетін арттырып, өз пікірін еркін жеткізе алады. Оған сөз жоқ, өз тәжірибеңде көз жеткізуге болады. Сондай-ақ оқу логикалық ойлауды дамытады. Оқығаныңды іштей талдасаң, адам психологиясын жетік түсіне бастайсың. Көңіл күйің болмаса да, кітап оқу бір сәт жабырқаудан арылтады. Тіпті уақытша болса да уайымыңды басады. Кітап оқудың тағы бір пайдасы адам ағзасының қартаймауына септігі бар екенін оқымыстылар дәлелдеуде. Урсула Ленз – егде адамдармен жұмыс істейтін федеральды біріккен ұйымның қызметкері: «Егде адамдар үшін кітап оқу пайдалы екендігіне бірнеше себеп бар. Біріншіден, оқылған сөзді санада бейнеге айналдыру қабілеті когнитивті (танымдық) қызметке жақсы әсер етеді. Екіншіден, оқу ойын жинақтауға көмектеседі. Сондықтан оқудың қартайғанда да белсенді ақыл-ойды сақтап қалуға пайдасы бар екен» деп көрсеткен. Кейбір адамдар кітап оқудан жалығып кететіндігін алға тартады. Кітаптың өзінің логикасы бар. Оқыр алдында оны қырындатып қоямыз. Өлең не проза болған жағдайда онда басқа тәсіл қолданамыз. Кітапты оқудың құпиясы: бірінші – сіз сөзге немесе ойға салмақ түсіріп отырасыз ба, соған байланысты. Егер сіз ойға салмақ түсіріп оқитын болсаңыз, кітап жылдам оқылады. Сондай-ақ кейбір адамдар кітап оқу деген осы екен деп, өзіне қызық емес кітапты да оқи береді. Мұның ешбір пайдасы жоқ. Бұл өз уақытыңды босқа жоғалтумен тең. Қызығып оқымаған кітабыңыз көп уақыт өтпей-ақ есіңізде қалмайды. Ал кітапты жалықпай оқу үшін міндетті болғандықтан емес, қызығушылықтан оқу қажет. Оқығанда ештеңеге көңіл аудармай, бар ынтамен оқыған абзал. Егер алғашқы тарауын оқи бастағаннан-ақ жалықсаң, онда бұл кітапты әрі қарай жалғастырып оқудың қажеті жоқ. Себебі сіз іздеген кітап бұл емес. Асқазан артық асты құсып тастай алады, алайда кітап арқылы миға түскен ақпаратты жоя алмайсыз. Сондықтан керектікерексіздің бәрін талғамай оқи беру де жөнсіз. Тек қызықтырған тақырыпты іздеп оқу пайдалы дейді мамандар. Сонымен бірге бос уақытта кітап оқимын деген де қате пікір секілді. Егер қалыптастыра алсаңыз, керісінше, кітапқа арнайы уақыт бөлген жөн. Сөз барысында небары 6 минут кітап оқудың денсаулыққа пайдалы екенін айттық. Сондықтан 24 сағаттың кішкене бөлігін кітапқа арнаудан еш ұтылмайтыныңызды ескерсек дейміз.
18 қаңтар 2020 ж. 782 0