Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 15 күн сайын бір тіл жойылады

15 күн сайын бір тіл жойылады

Қазақ тілінің өзге тілдермен салыстырғанда сөздік қорының өте бай екендігін мына бір мысалдан-ақ көруге болады. Айталық, біз табынатын орыс тіліндегі «головный мозг», «спиной мозг» деген сөздерді қазақтар ешқашан бір ғана «ми» сөзімен қосақтап, жұтатпайды. Керісінше, «ми», «жұлын» деп жеке-жеке өз атауларымен атайды. Әр затты тек өз атауымен ғана атайтын қазақ тілінің қазынасы өте бай екендігіне көз жеткізетін дәлел де, мысал да жеткілікті. Оның өзі жеке бір тақырыпқа арқау болатын әңгіме. Мұндай бай тілді мұртын бұзбай таза сақтауға толық мүмкіндігіміз бар дегенді ғана ерекше атап көрсеткіміз келеді.
Иә, тіл мен ойдың біртұтас екендігін ғылым әлдеқашан дәлелдеп қойған. Адам баласының нені қалай ойлайтыны, қандай дәрежеде пайымдайтыны оның әрбір сөзі арқылы айқындалмақ. Қазақ баласының адамды бірауыз сөзінен танып-білуінің өзінде терең мән бар. Ақыл-парасатын да бір ауыз сөзі анықтап береді. Жай әдеттегі бір сұқбаттасудың өзінде көңілге қонымды, жадыңда сақталар ойлы сөз айта білген адамды ақылдың кені деп тануға болатын сияқты.
Қазіргі таңда сөздің қадіріне жетуді, қазақ тілінің тазалығын сақтауды назардан тыс қалдырып жүргендейміз. Бірқатар жұрттың қазақша сөйлегеніне разы боламыз да, тілді оңды-солды қойыртпақтауына кейде кешіріммен қарай саламыз. Түптеп келгенде, тілді шұбарлау оны білмеуден де қауіпті. Бүгінгі күні жаһандану дегенді алға тартқан ірі державалар өз саясаттары мен дәстүрлерін сөз саптауларын, түрлі атауларын қажымай-талмай тықпалап келеді. Мұндай жағдайда біз жердің бүтіндігі үшін шекарамызды қалай күзетсек, ана тіліміздің тазалығына да дәл солай қырағылық танытуымыз керек.
Әсіресе, балаларды балабақшадан, мектептен бастап, ең алдымен, өз ана тілінің қаймағын бұзбай, таза сөйлеулеріне баулудың маңызы айтарлықтай. Қазіргі күні жоғары оқу орындарында қазақ топтарында білім алып жатқан студенттер, қазақ мектебінде оқитын, тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген жастар мен жасөспірімдер сабақтан тыс уақытта өзара орысша сөйлеседі. Таяу болашақта ана тілімізден мүлде көз жазып қалуымызға осының өзі жетіп жатыр. Егер біздің ұрпақ әлем елдеріне Ресейдің терезесінен қарап, дүниежүзінен тек орысша мәлімет алатын болса, онда тілдің де, елдің де болашағы жоқ деген сөз.
Тағы бір алаңдайтын дүние – ғылым мен технологияның дамыған кезеңінде тіршілігімізге дендеп енген жаңа атаулар, шет тіліндегі түрлі сөздер де қолданыстағы құралға айналуы. Мұндай кезеңде ана тіліміздің тазалығына бұрынғыдан да сақ әрі аса жауапты болуымыз талап етіліп отыр. Ол үшін «тау қопарып, тас үгітудің» қажеті шамалы. Ең бастысы, әрбір қандасымыз шет тілінен енген атаулардың қазақша баламасын біліп, соны тұрақты қолданса да жетіп жатыр. Ешбір қажеттілігі жоқ жерге шет тілінің терминдерін тықпаламасақ, тіліміздің шұбарланбауына соның өзі біздің қосқан қомақты үлесіміз болар еді. Әйтпесе, тіліміздің тағдырына қауіп төнуі әбден мүмкін. Ал тілі жойылған халықты түбегейлі жойылды дей беруге болады.
Оған дәлел төмендегі сөзіміз болмақ. Бүгінгі таңда әлемде 6500-ден астам тіл болса, соның 2000-дайы «өлі тілдер». Тырнақшаға ала отырып түрткен тіркестен-ақ түсінген боларсыздар. Жалпы әлемдік зерттеу нәтижесінде әр 15 күн сайын бір тіл жойылатыны анықталған. Оның жойылып кетуіне тікелей себепкер – сөйлеуші халық жойылуы, өзге тілдің ықпалына еніп кетуі.
Мәселен – кет тілі. Бұл қазіргі кезде жоғалып бара жатқан тілдер қатарына кіреді. Бұл тілде Сібір жазығында сақталған ауылдардағы бар жоғы 200-дей ғана адам сөйлейді екен.
Тағы бір дәлел – Австралиядағы жағдай. ХХ ғасырдың бас кезінде бұл құрлықта 400-ден астам тіл болса, қазір тек 25-тей тіл сақталған. Бұл – үлкен өзгеріс. Ал Африкада 1400 тілдің 600-ге жуығы жоғалып кету қаупінде тұр. Солтүстік Шығыс Азияда орыс тілінің ықпал етуінен 47 тілдің ішінде тек 6 тіл ғана сақталған. Бұл тілдер державасындағы шайқас деуге де болады. Ал Тайваньда қытай тілінің көп қолданылуынан 23 тіл құрып кеткен.
Тілдердің тағдырлары дәл осындай беталыспен жылжи беретін болса, 2100 жылға дейін әлемде 3500-дей тіл қолданыстан шығады деп отыр ғалымдар. Оған себеп әлемде өз тілінде сөйлеуші халықтың өзі құрып, жойылып жатқаны. Ауған еліндегі тирахи тілінде сөйлейтін 70-ақ адам қалған.
Расында тіл өлсе, онымен бірге халық та өледі. Камерун елінде 1995 жылы 5 қараша күні касаба тілі өлді деп жарияланды. Өйткені сол жердегі Момбила ауданында тұратын Богон есімді азамат қарашаның 4-і күні дүние салған. Ал ол адам сол касаба тілінде сөйлеуші соңғы адам болған.
Ал дүниежүзінде 100 миллионнан астам қолданушысы бар 8 тіл тірі әрі дамып келе жатыр. Олар: қытай, испан, ағылшын, бенгал, хинди, португал, орыс және жапон. Бұл тілдерде 2 миллиард 400 миллион адам сөйлейді.
Иә, тіл – тарихымыздың айнасы, болашағымыздың бағдары. Бағалай білсек, елдіктің еңсесі де еңкеймек емес.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
09 маусым 2026 ж. 37 0