Жаңа форматтағы әлем кубогы
Әлем жұртының жанары еріксіз мұхит асты. Оған себеп – №1 спорт саналатын футболдан әлем кубогы. Аты аңызға айналған Криштиану Роналду, Лионель Месси және Неймарлардың ақырғы алып бәсекесіне барша халықтың бет бұра қаруы заңдылық секілді көрінеді. Кімнің айы оңынан туып, бәсі өзгелерден биік боларына алдағы 1 айдан аса уақытта куә бола жатармыз. Оған дейін биылғы әлем кубогының жаңалығын сөз ете кетейік.Жаңа формат – жаңа мүмкіндік
2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты тарихтағы ең ауқымды дода ретінде есте қалғалы тұр. Алғаш рет әлем чемпионатына 48 құрама қатысып, жарыс үш мемлекетте – АҚШ, Канада және Мексика аумағында өтеді. Тұтастай бір құрлықты қамтып отырған бұл өзгерістер футболдың жаһандық дамуына тың серпін беріп, әлемдік біріншіліктің ауқымын бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерді. Бұл осы уақытқа дейінгі өзгерістердің жаңа бетбұрысы болмақ.
Иә, 1930 жылдан бері өткізіліп келе жатқан әлем чемпионаты талай өзгерісті бастан өткерді. Алайда 2026 жылғы турнирдегі жаңалықтардың орны ерекше. Бұған дейін 32 команда қатысса, енді олардың саны 48-ге жетті. Құрамалар 12 топқа бөлініп, әр топтағы үздік екі команда және үшінші орын алған сегіз үздік құрама плей-офф кезеңіне жолдама алады. Нәтижесінде турнирде 104 матч өткізіледі.
Бұл өзгеріс әсіресе Азия, Африка және Солтүстік Америка құрлықтарының командаларына үлкен мүмкіндік берді. Бұрын әлем чемпионатына өте алмай жүрген көптеген құрамалар енді жаһандық додада бақ сынауға мүмкіндік алды.
Дебитанттар жәйлі дәйектер
Соның нәтижесінде дебютант 4 мемлекеттің құрамаса қатарға қосылды.
Солардың бірі көршілес – Өзбекстан. Еуропаданың азуын айға білеген клубтарының бірі Манчестер Ситидің негізгі қорғаушысына айналып үлгерген Абдукадир Хусанов пен команда капитаны, римдік Романың шабуылшысы Эльдор Шомуродов бастаған жігіттер біріншіліктің сенсациясын жасауға дайын. Құрама көшбасшы Эльдордың биыл Истанбул Башакшехирде жалға өткізген маусымдағы көрсеткіші осының дәлелі. Құраманың сұрмергені жартылай мүмкіндікті голға айналдыруға әбден қауқарлы.
Орталық Азиядан әлем чемпионатына жолдама алған көршілестерімізден бөлек алғашқы рет жаһандық доп-додада тағы бір азиялық ұжым Иордания, Африкалық Кабо-Верде және Кариб теңізі аймағынан тарихи жолдама иеленген Кюрасао өнер көрсетеді. Айта кетейік, Кюрасао шабуылшысы Рангело Мария Янга 4 жыл ҚПЛ-да доп теуіп, Астана клубымен бірге 2 мәрте ел чемпионы, 1 рет Қазақстан суперкубогын жеңген және 40 кездесуде 10 рет мергендігімен танылған. Бүгінде Нидерландияның ПСВ Эйндховенде өнер көрсетеді.
Алпауыттардан алда не күтеміз?
Сарапшылардың пікірінше, чемпиондыққа басты үміткерлер қатарында дәстүрлі футбол алпауыттары бар. Олардың қатарында Аргентина, Франция, Бразилия, Испания және Англия аталады. Бұл құрамалардың тәжірибесі мол әрі ойыншылар қоры өте кең. Бұл қатардан Португалияны да сызып тастауға келмейді. Әйгілі Роналду мен биылғы маусымда голдық нәтижелі пас беруден Англия примерьер лигасының рекордын орнатқан Бруно Фернандес бастаған құрамада бүгінгі таңдағы үздік сол қанаттағы қорғаушы Нуно Мендес, алаң ортасына иелік етуде ерекше өнерімен тәнті етіп жүрген Витинья мен Жоау Невеш, желаяқ вингер Леау мен қатарынан екі мәрте чемпиондар лигасын жеңген Гонсало Рамуштар кез келген қарсыласқа қиындық тудырады. Оның үстіне соңғы өткен ұлттар лигасының жеңімпазы екенін ескерсек Португалияның пәрмені қатты деуге жарасады.
Сенсация тіркеледі ме?
Әлбетте сенсациясыз әлем кубогы өткен емес. Әлем чемпиондары ретінде алаңға шығып, топтан ары аса алмай қалған Германия, Франция құрамаларынан бөлек өз алаңында есеңгірей жеңілген Бразилия соның дәлелі. Ал Қатарда талай қарсыласты қатардан шығарған Марокко да жаңалыққа айналған еді. Міне, биыл да сол Марокко мен біз айтқан Өзбекстан, сондай-ақ алаң қожайындары Канада, АҚШ және тынымсыз, толассыз шабуылдайтын Мексика құрамалары білгенінен жаңылмаса, 2002 жылы Гусс Хиддинк баптаған Ча Ду Ри, Анг Джун Хвандардың ізін жалғап жүлдегер атануы ғажап емес.
Көптің пікірі
Бұл – мүмкіндіктер кубогы дедік. Алайда кейбір сарапшылар жаңа форматтың кемшіліктерін де атап өтеді. "Әлсіз және мықты құрамалардың арасындағы айырмашылық айқын көрініп, біржақты матчтар саны көбеюі мүмкін. Сонымен қатар чемпион атану үшін командалар бұрынғы жеті емес, сегіз матч өткізуге мәжбүр болады. Бұл ойыншылардың физикалық дайындығына үлкен талап қояды" дейді.
Сондай-ақ ойын уақыты да аладопшылар мен алаңдаушылар үшін өте қолайсыз екені тағы бар. Десе де біз тартысты ойын күтеміз. Өйткені әлем кубогы әлсіз ұжымның уысында кетпейтіні анық.
Оңталап ЖОЛДАСОВ










