Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп қарқын алды: өндіріс көлемі 22,6%-ға өсті

Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп қарқын алды: өндіріс көлемі 22,6%-ға өсті

Жеңіл өнеркәсіп қызметкерлері күні атап өтілуде.
Жыл сайын маусым айының екінші жексенбісінде елімізде Жеңіл өнеркәсіп қызметкерлері күні аталып өтеді. Бұл кәсіби мереке – отандық өндірістің дамуына, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге және елдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға үлес қосып жүрген сала мамандарына көрсетілген құрметтің белгісі. Бүгінде бұл салада мыңдаған маман еңбек етеді. Олардың күнделікті еңбегі өндірісті жаңғыртуға, жаңа бағыттарды дамытуға және қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашып отыр.

Жеңіл өнеркәсіп әлеуметтік маңызы жоғары салалардың бірі және соңғы бес жыл бойы тұрақты өсім көрсетіп келеді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 22,6%-ға артып, 259,5 млрд теңгені құрады. Өсімнің негізгі үлесі өндіріс көлемі 159 млрд теңгеге жеткен тоқыма өнеркәсібіне тиесілі болды.

Бұл сала өңдеуші өнеркәсіптегі ең қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың бірі болып қала береді. 2026 жылғы қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 77,1 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 225,2%-ды құрады.

Ең жоғары өсім тоқыма өндірісінде тіркелді. Бұл бағыттағы өндіріс көлемі 46 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 296%-ды құрады. Киім өндірісінің көлемі 25,2 млрд теңгеге (НКИ – 135,8%), былғары және оған қатысты өнімдер өндірісі 5,8 млрд теңгеге (НКИ – 142%) жетті.

Бүгінде жеңіл өнеркәсіп саласында 18 мыңнан аса адамды жұмыспен қамтып отырған 1,4 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Сала құрылымында киім өндіретін кәсіпорындар басым, олардың үлесіне жұмыс істеп тұрған компаниялардың жартысынан астамы тиесілі.

Саланы одан әрі өрістету мақсатында Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 2026-2030 жылдарға арналған жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі кешенді жоспарды бекіту бағытында жұмыс жүргізуде.

Құжат отандық өндірушілерді қолдаудың жаңа тетіктерін енгізуді көздейді. Атап айтқанда, жергілікті қамту үлесін арттыру жөніндегі міндеттемелерді мемлекеттік қолдау шараларымен ұштастыратын локализация деңгейін көтеру туралы келісімдер тетігін енгізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар цифрлық бақылауды күшейте отырып, корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығы бойынша нөлдік мөлшерлемелерді қолдануды қамтитын салықтық ынталандыру шаралары пысықталуда.

Негізгі басымдықтардың бірі – тоқыма өндірісін дамыту. Елде мақта-тоқыма кластерін құру жөніндегі жол картасы іске асырылып жатыр. Сонымен қатар инвестиция тарту және шикізатты терең өңдеу бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

2023 жылдан бері «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері арқылы жеңіл өнеркәсіп саласындағы жалпы құны 10,2 млрд теңгені құрайтын алты жоба мақұлданып, қаржыландырылды.

Нарықтың ашықтығын арттыру жұмыстары да жалғасуда. Елде жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау және қадағалау жүйелері енгізілуде. Бұл көлеңкелі айналым үлесін азайтып, адал бәсекелестік ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Инвесторларды тарту мақсатында сала кәсіпорындары арнайы экономикалық аймақтар ұсынатын жеңілдіктерді пайдалана алады. Жеңіл өнеркәсіп еліміздегі 10 арнайы экономикалық аймақтың басым бағыттар тізбесіне енгізілген. Бұл бизнеске дайын инфрақұрылымға, салықтық жеңілдіктерге және мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Саланың дамуына инвестициялық жобалар да елеулі үлес қосып келеді. 2025 жылы Индустрияландырудың бірыңғай картасы аясында 520-дан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіендік берген тоғыз жоба іске қосылды.

Ірі жобалардың бірі – «Түркістан текстиль» ЖШС-мен мақта өңдеу өнеркәсібінің толық өндірістік циклін қамтитын кешенді жобаны іске асыру жөніндегі инвестициялық келісімге қол қою болды. Бұл жоба заманауи өндірістік тізбектер қалыптастыруға және қосылған құны жоғары өнім көлемін арттыруға бағытталған.

2026 жылдың соңына дейін салада тағы 9 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл қосымша жаңа жұмыс орындарын ашуға және елдің өнеркәсіптік әлеуетін одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі: baq.kz
14 маусым 2026 ж. 37 0