Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерейі үстем маман

Мерейі үстем маман

Мемлекеттік қызметкерге қойылатын талап та күшті, жауапкершілікте мол. Осындай жауапты қызметті абыроймен алып жүрген әріптесіміз аз емес. Кәсіби мереке қарсаңында мемлекеттік қызметте мінсіз қызмет жасап жүрген әріптесім Айнаш Досқабылова туралы айтқым келеді.
         Айнаш  Қайділдақызы жалпы еңбек өтілі 35 жыл болса, соның 23 жылында мемлекеттік қызметте екен. Әріптесімнің негізгі мамандығы – экономист. Алматы мемлекеттік Есеп-Несие (Учётно-Кредитный) техникумын тәмамдаған. Еңбек жолын да мамандығына сәйкес Арал аудандық мемлекеттік Агроөнеркәсіптік банктің, несие бөлімінің маманынан бастаған. Кейін банк атауы өзгеріп, екінші  дәрежелі банк, «Наурыз Банк Қазақстан» Акционерлік Қоғамы болып аталды.  Банк саласында маман, I-дәрежелі маман болып 1990-2002 жж. аралығында жұмыс атқарды. 2002 жылы  жоғарыда аталған банк жабылды. 2001-2004 жыл аралығында  Қарағанды Экономикалық университетінің, «Бухгалтерлік есеп және аудит» факультетін оқып бітірген. 2003 жылы Арал аудандық статистика бөлімінің Қамыстыбас ауылдық округінде жетекші маман боп, өзіне тың салада, яғни статистика саласындағы қызметін бастаған. Содан бері осы салада қызмет жасап келеді.
         Әріптесімнің қызмет жолын түгендеп отыруымның себебі, адам ниет етсе, бағындырмайтын белесі болмайтынын айтқым келеді. Айнаш әріптесім осы мысалға үлгі бола алады. Қабілетіне сенді және қолынан да келді. Жетекші маманнан бас маман лауазымына дейін көтеріліп, статистика саласын бір кісідей меңгерді.
         Айнаш Қайділдақызымен бірге қызмет жасап жатырмыз. Тек әріптес емес, апалы-інілідей бір-бірімізге тілекші болған жайымыз бар. Әріптес ретінде Айнаш Қайділдақызы тианақтылығын, өз ісіне мығым, жұмысына жауапкершілікпен қарайды. Статистика  өзі бірізділікті, тиянақтылықты талап ететін сала ғой. Ай сайын  бір-бірімен тіркесіп кеп тұратын есебі бар. Есеп тапсыратын мың сан мекеме, мың қырық шаруа, мың қырық кәсіпкерлер мен азаматтар бар. Есеп тапсыруға міндеттілермен тіл табысып, бір жүйеге түсірудің өзі көп күшті қажет етеді. Айнаш Қайділдақызы осы мерзімдік есептерді уақытылы жіберіп, жұмысын шебер ұйымдастырып отыр.
         Әріптесіміз тек қызметте ғана емес, тұрмыста да үлгі тұтар жан. Сонау Жалағаш ауданында туып, бұйырымыспен Арал топырағына келін боп түскен әріптесіміз қайын жұртында да сыйлы жан. Бекболат ағамыздың шаңырағын шаттыққа толтырған берекелі әйел, ұрпағын өрбітіп, ұл-қыздар сүйген аяулы ана, келін түсіріп, немерелерінің бабын тапқан мейірімді әже.
         Сөзімді қорытындылай келе, әріптесім Айнаш Қайділдақызы Досқабылованың ісіне мығым маман, үлгілі алар жақсы адам екенін айтқым келеді. Үлкен өмірге жолдама алған жас мамандарға, жалпы жастарға бағытқа алып, бой түзейтініміз әлеуметтік желі, не кинодағы жасанды тұлғалар емес, қасымызда жүрген осындай жақсы адамдар болу керек деп есептеймін.        
Рахметжан БИСЕМБАЕВ,
аудандық статистика бөлімінің басшысы
20 маусым 2026 ж. 31 0