Қазынаның төресі – Құмай тазы
Құмай тазы – ерекше жануар, қазақтың жеті қазынасының бірі. Біз тазы мен төбетті халықаралық деңгейде кеңірек дәріптеуіміз керек. Тазыға ерекше күтім, қамқорлық, кәсіби көзқарас қажет. ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев
Тазы – қазақ халқының мазмұнды тарихы мен бай мәдениетінің ажырамас бөлігі, жеті қазынаның бірі ретінде бағаланатын текті жануар. Бұл ит тұқымы өзінің ерекше сұлулығымен, ұшқырлығымен және иесіне деген адалдығымен ғасырлар бойы дала өркениетінің серігі болып келеді. Ғалымдар мен кинологтардың зерттеулері бойынша, қазақ тазысы әлемдегі ең көне ит тұқымдарының қатарына жатады. Генетикалық тұрғыдан ол Салюки (араб тазысы) тұқымына жақын болғанымен, генетикалық ерекшеліктері Орталық Азияның қатал табиғатына, аптап ыстығы мен сақылдаған сары аязына керемет бейімделгенін көрсетеді. Халықаралық сарапшылар тазының басқа құмай иттерден айырмашылығы ретінде оның тек жылдамдығын ғана емес, сонымен қатар ұзақ қашықтыққа шабуға қажетті төзімділігін жоғары бағалайды.
Еуропалық тазылар (грейхаундтар) қысқа қашықтықта өте жылдам болғанымен, қазақ тазысы тасты және құмды жерлерде еркін жүгіруге бейім. Ал кинологтар тазының шешім қабылдау қабілеті жоғары екенін айтады. Ол аңды жай ғана қумайды, оның жүретін жолын алдын ала болжай алады.
Тазыны бағу мен баптау – үлкен жауапкершілік пен ерекше білімді талап ететін өнер. Нағыз құмай тазыны баптау үдерісі сәйгүлік атты жаратумен бірдей деңгейде жүргізіледі. Оны ешқашан байлап ұстауға болмайды, өйткені еркіндікті сүйетін бұл жануар үнемі қозғалыста болғанда ғана өзінің физикалық бабын сақтай алады. Тазының тамақтану режиміне де ерекше көңіл бөлінеді. Оны тым семіртіп жібермей, бұлшықеттері ширақ, денесі жеңіл болатындай нәрлі әрі жеңіл аспен қоректендіреді. Аңға шығар алдында иттің ішін тартып, тынысын ашу – ата-бабамыздан қалған баптаудың басты қағидасы.
Ең жылдам тазыны анықтау үшін оның сыртқы бітіміне, яғни экстерьеріне баса назар аударылады. Нағыз жүйріктің белі иілгіш, төсі кең, ал аяқтары серіппелі келеді. Тазының жылдамдығын анықтау үшін арнайы «сонар» немесе жасанды жемтік (қоян) сүйрету арқылы жарыстар өткізіледі. Кейбір деректер бойынша, бабындағы тазының жылдамдығы сағатына 65-70 шақырымға дейін жетеді, бұл оны табиғаттағы ең жүйрік жануарлардың қатарына қосады. Сондай-ақ, ең жылдам тазы – асыл тұқымды, қаны бұзылмаған құмай тазы. Оның табанындағы «шашақ» деп аталатын жүндері тасты немесе ыстық құмды жерлерде еш қиналмай жүгіруіне мүмкіндік береді.
Қазақ дәстүрінде тазы – үйге кіруге рұқсат етілген жалғыз жануар. Ол өте таза, иісі жоқ және ақылды келеді. Аштық кезінде бүкіл ауылды асыраған иттің сырттаны жайлы мынадай деректер көп кездеседі.
Кенесары хан қырғыздармен алғашқы ұрыстардың бірінде «Ақыртөбе» деген жерде Бүрге батырдың Қалша деген ұлы бастаған 700 жігітін жеңіліске ұшыратып, Қалшаны тұтқынға алады. Қырғыздың Солты, Сарбағыш, Құсшы рулары кеңесіп, Қалығұл батырды басшы қылып, елші жібереді. Сонда Кенесары ойланып, «Мақұл, мен Қалшаларыңды босатып берейін, сендер Солты Есқожаның баласы Баястанның Көкдауыл деген тазысын беріңдер» депті. Сол уақытта Көкдауыл қасқырларды оңай олжамен алатын, қазақ-қырғызға аты шыққан ит болса керек. Міне, осы оқиғадан-ақ қазақ жұртындағы тазының алар орнын аңғарамыз.
Әлемдік қауымдастықта 26 тамыз – Халықаралық ит күні ретінде атап өтілсе, Қазақстанда 3 қыркүйек ресми түрде «Қазақ тазысы мен төбеті күні» болып белгіленді. 2026 жылғы 15 сәуірдегі Үкімет қаулысына сәйкес, бұл мереке жыл сайын ұлттық құндылықтарды дәріптеу, тазы мен төбеттің генетикалық қорын сақтау мақсатында атап өтіледі. Қазіргі таңда қазақ тазысын халықаралық кинологтар федерациясында (FCI) дербес тұқым ретінде тіркеу және ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізу бойынша кешенді шаралар қолға алынды. Бұл қадамдар тазыны тек ұлттық бренд ретінде ғана емес, әлемдік деңгейдегі бірегей биологиялық қазына ретінде сақтап қалуға жол ашады.
Тазы – біздің өткеніміз бен болашағымызды жалғайтын тірі жәдігер, сондықтан оның қадірін біліп, келер ұрпаққа таза қалпында жеткізу – ортақ парызымыз.
Г.ӘЛНИЯЗИНА









