Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАЗЫ  БАПТАУ – АТА КӘСІП

ТАЗЫ  БАПТАУ – АТА КӘСІП

"Аттың жақсысы - бозы, иттің жақсысы - тазы" деп ата-бабаларымыз бекер айтпаса керек. Соданда шығар қазақ қашаннан тазыны жеті қазынаның бірі санап, ерекше қадірлеген.
Аштық кезінде бүкіл ауылды асыраған иттің сырттаны жайлы мынадай деректер бар: Атақты жүйрік аттарымен қоса тазы иттер де ру мен ел арасындағы келіспеушілікке себеп болған. "Кенесары хан қырғыздармен алғашқы ұрыстардың бірінде «Ақыртөбе» деген жерде Бүрге батырдың Қалша деген ұлы бастаған 700 жігітін жеңіліске ұшыратып, Қалшаны тұтқынға алады. Қырғыздың Солты, Сарбағыш, Құсшы рулары кеңесіп, Қалығұл батырды басшы қылып, елші жібереді. Кенесары әрі-бері ойланып: "Мақұл, мен Қалшаларыңды босатып берейін, сендер Солты Есқожаның баласы Баястанның Көкдауыл деген тазысын беріңдер,- дейді. Сол уақыттарда Көкдауыл қасқырларды оңай олжамен алатын, қазақ-қырғызға аты шыққан ит болса керек. Міне, осы оқиғадан-ақ қазақ жұртындағы тазының алар орнын аңғарамыз.
XІX ғасырда 150-160 мыңдай болды деп орыс ғалымы А.Добромыслев жазып кеткен дерек бар болғанымен, қазіргі күні елімізде 500-ге жетер жетпес тазы бар көрінеді.  Оның ішінде қазақтың нағыз құмай тазысы 200-дей ғана көрінеді.
Ит тұқымдарының ішінде тазы - аң аулауға жаралған жануар. Қашқан қоян-түлкіні қалт жібермейтін, алғыры ақ бөкен алатын, қажет десе қабан қуатын, мықтысы қасқырдан тайсалмайтын
құмай тазыға сұраныс мол. Алайда, ұлттық құндылығымызды жоғалтпай, ит баптауды жанына серік еткен азаматтарымыз аз. Дəл бүгін текті өнерді үзбей, өрге сүйреп келе жатқан Аралқұм станциясының тұрғыны Құттыбай Алжанов дейтін тазы баптаушы бар. Ол 1968 жылы 21 сəуірде Арал ауданы, Аралқұм ауылында дүниеге келген. Қаршадайынан тазы өсіріп, иесіне адал жануардың жайын біліп өскен. Ауласындағы қазақтың құмайы, ағылшын тазысы Гренхаум, орыс тазысы Псовая борзая, арабтың шашақ құлағы, сондай-ақ Сұңқа сынды жүйрік бірнеше тазыларды та Астана, Алматы қалаларынан алдырыпты. Құттыбай ағаның тазы иттерін Қызылжар, Шөміш ауылдарынан бөлек, Ақтау, Петропавл қалаларының ит баптаушылары тапсырыспен алдыртып отырады.
Аңшылықпен 1980 жылдардан бері айналысып келе жатқан ол бұл кəсіпке өз əкесі мен нағашыларының үйреткенін айтады . Құттыбай иттерінің аң алғандағы əңгімесін: "Жыл сайын тазыларыммен бірге аң аулауға шығамын. Қоян, түлкі, қасқыр алып үйренген олардың қанына сіңген қасиеттері бар. Тазыларым бірінен-бірі өткен алғыр. Бір күні үйде алаңсыз теледидар көріп отырғанмын. Сөйтсем, тазыларым өздері барып, екі қоян аулап əкеліп қойыпты. Бабаларымыз тазыны осы бір ақылдылығы үшін бағалаған шығар", - деп тазыларының өнерін мақтана айтады. 
Қазіргі кезде өзінің кіші ұлы əкесіне қолғанат болып жүр. Жəне де Бақтияр Төлеміс, Аманбай Нұрлепесов, Берік Алмағанбетов сынды азаматтар да Құттыбай ағадан тазы алып, баптауды үйреніп келеді.
  
 "Болашақта тазы тұқымды иттердің санын көбейтсем деген ойым бар", - дейді жігіт ағасы. Тазы - біздің мəдени мұрамыз. Сондықтан тазы бағып, оның тұқымын асылдандыру ісін қолға алған азаматтарымызға қолдау көрсетушілер болса, ұтарымыз анық.
        Түйін.  "Жігітке жеті өнер де аз" демей ме? Айта кетпеуге болмас. Құттыбай Алжанов тазымен қатар, жүйрік ат баптаудың да шебері. Ол 2016-2017 жылдары облыс көлемінде өткен құнандар бəйгесінде І, ІІ орындарды, 2017 жылы Аралда өткен бəйгеде І орынды иеленген.
                                                                                    БАЛАУСА ТӨРЕБАЙ
04 сәуір 2018 ж. 1 881 0