Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құмайдың бар қызығы – ҚАНСОНАРДА

Құмайдың бар қызығы – ҚАНСОНАРДА

Қазақтың саятшылығын сөз етсең, алдымен тазы түседі есіңе. Жапан далада қиқулап, құмай қосқан қазақты елестетесің көзіңе. Бұл – көшпенді халық қалдырған ұлы өнер. Көптен бері көкейде жүрген сұрақ бар еді. «Осы қазақтың саятшылығы қайда кетті?» деген. Шашақ құлақты құмайды аңға салып отырғандар бар ма екен? Ермек ететіндерді там-тұмдап еститінбіз. Бірақ, нағыз аңшыларды табу үшін шалғайға, алыс ауылдарға шабылу керек шығар деп ойлағам. Қисыным қате екен. Арал қаласында да аңға тазы салып, рахатына батып жүргендер бар боп шықты. Журналистік қызығушылығым оянып, осыны жазып шығуды ойладым. «Іздегенге сұраған» дедік те, әлгі аңшыны тауып алдық. Тазы серуеннің қызығымен бөліс деп қолқа салдық. Біз іздеген адам – қала тұрғыны Назар Ерғазиев. Бірнеше тазы бағып отырған аңшы. Құмай десе, барын ұмытады. Аң соңына түскеніне сегіз жылдай уақыт болыпты. Біздің өтінішімізді орындауға келісті. Уақыты қар түскеннен кейін болсын деп уағдаластық.
Сонымен көптен күткен қансонар келді. Қара жердің бетін аппақ қар жасырған қансонардың қызығына бөлену үшін тазыларды ертіп, қала сыртына беттедік. Шақырайған күн қар шығымен шағылысып, көзді алып келеді. Айналаға бажайлап келеміз. Көзге ілінер қара жоқ. Кенет аппақ қардың бетінде алыста жортып бара жатқан түлкіні байқадық. Мұны да бірден көре қойған жоқпыз. Тек тазылардың тұра ұмтылып, жебедей заулаған кезінде ғана түсіндік. Міне, осы бір қимылының өзі олардың байқампаздығына таңданыс тудырмай қоймады. Бір қызығы, тазылардың барлығы жүгіре жөнелгенде, біреуі көп ұзамай қимылсыз қалды. Бұрын-соңды тазылардың қыр-сырына қанық емес мен әлгі тазының тұрып қалғаны әлсіздігінен шығар деп ойлағам. Бірақ, қателесіппін. Мен ойлағаннан да айлакер боп шықты. Соңынан ерген тазылардан құтылмақ болып түлкі кілт бұрылып, бағытын өзгерткен. Әлгі әккі тазымыз осыны күткендей бұрылған бағытына қарай тура шықты да, бірінші жетті.
Ұзындығы жарты метрдей ғана тазылар өз нысанасына ұмтылып, аяғын кере серпіген кезде, тұрпаты тіпті өзгеріп сала береді екен. Ал, шамамен 20-25 келі салмағы бар әлгі тазыларымызды құдды бір жебенің салмағындай ғана дүние деп елестеттім. Қос құлағы құстың қос қанатындай қимылдап, аяқтары жерге тимей ұшып бара жатқандай болып көрінді маған.
Бұл тек көз алдымдағы көріністің кіріспесі ғана екен. Өзгелерінен кеш жүгірсе де, қиғаштай барып алдын ораған жалғыз тазы жемтігіне жеткені сол екен, соңынан ерген өзге тазылар да жанжағынан қоршай алды. Қызық енді басталды. Кеудесінің кеңдігі болмаса, құрсақ тұсы қушиып келетін қыл мойындарымызды бір көрген жан әлжуаз жаратылыс иесі деп ойлайтын болар. Мен де солай ойлағанмын. Бірақ, қырдың қызыл түлкісін бұйым көрген жоқ. Ақ қар үстіндегі қызғылт түсті түлкі мен қасиетті тазылардың айқасы біз оқыған кітаптағы көріністерден әлдеқайда қызықты болып шықты. Шапшаң қимылы түлкінің сақылдаған тістерінен де жылдам шығып, тіпті біреуі де жараланбады. Жан-жағынан жұлқыштаған тазылардың күшіне шыдамаған түлкі әне-міне дегенше қанжығамызға байланды.
 Бұл мен жолыққан көріністердің біреуі ғана. Жолымызды кескестей қашқан қояндарды «мен бірінші болып іліп аламын» дегендей, тазылардың шапшаң қимылы мен желдей ескен жылдамдықтары өз алдына. Шіркін, осынау қайсар мінезді, әрі алғыр тазылардың қасқырмен айқасын тамашаласам деген тәтті қиял санамда қалды. Амал қанша, бұл жерден жорытқан қасқырды жолықтыру қиындау.
Алғашқы олжадан кейін серігімізден әңгіме сұрадық. Тазысы түлкі алғанда масаттанбайтын кеуде бар ма? Білгіміз келгеннің бәріне жауап берді. Сегіз жылға жуық саятшылықты серік етіп келе жатқан Назар адал достарының аузы майланбай қалатын кезі аз екенін айтады. Ал, тектілігі жайында сөз басқа.
– Тазының тектілігі – иесіне, жалпы адамға деген адалдығында. Төрт аяқтының қайсысынан болмасын сескенбей тура шабатын иттің бұл тұқымы ешқашан адамға қастық қылмайды. Бұл олардың бойындағы тек жалғыз ерекше қасиет емес. Ешқашан өлексе жемейді. Қанша уақыт аш тұрса да, сасыған тамаққа ауыз салмайды. Лас жерге жата кетпейді, қанша аң алып, олардың қаны үстіне жұққанымен, үстінен иіс шықпайды. Тазы сөзінің «таза қанды» деген мағынадан шыққаны да рас шығар, – дейді тазы баптаушы.
Айтуынша, иесінің сөзін айтпай-ақ ұғады екен. Әлгі қоян алған кезде өзіміз де байқадық. Жемтігіне аузын сала жығылмайды. Негізінен, қожайынының рұқсатынан тыс ас та жемейді екен. Иесі ұсынбайынша қоянды жұлмалап, қорек қылмайды.
– Әрине, батырлық, өжеттік кез келген тазының бойынан табылады, – деп ойын жалғады. – Бірақ, бүгінгі күні тазыны амалсыздан жасырын бағу жағдайы аз кездеспейтінін жасыра алмаймыз. Себеп – тазылардың құнында, жоғары бағасында. Ашық түрде асырасаң, ұрылардың олжасына айналып кетіп жатады. Тазы негізі еркіндікті қалайды. Әркез аңшылыққа алып шығып, бойын жазып тұру керек, – дейді ол.

Аралдық тазы үйретушілер бірлесіп бірқатар бәсекелер өткізіп тұрады екен. Осыдан 2 жыл бұрын иттердің жылдамдығы мен шапшаңдығын сынау, арттыру үшін қаладағы тазылардың қожайындары жарыс та өткізіпті. 40-50 құмай қатысқан бұл жарыста өзге аймақтың тазылары да додаға түсті. Міне, сол жерде нағыз мықтының бабын байқапты. Бірақ, бұл жарысқа ауылдық жерлерден тазылар қатыса алмаған. Бүгінде Аралқұм, Шижаға, Жақсықылыш, басқа да ауылдарда текті ит тұқымыны өсірумен айналысатындар көп. Алдағы уақытта осылардың барлығын қосып, тағы да бақ сынатпақ ниетте көрінеді.
Таза қанды тазыны қасиетті санаған қазақ қазір дәл осы құндылығының құнын жоғалтып алып жатқанына іштей қынжылыс білдірді. Мынаған қараңыз. Осыдан тура бір ғасыр бұрын бір тазының құны 47 жылқыға бағаланған екен. Бұл бабаларымыз үшін құмайдың құны қаншалықты жоғары екенін білдіріп тұр. Ал, қазір ше? Егер тазының қадірін көтерсек, алдағы уақытта құны да артар. Ұлттық құндылыққа жанашыр Назар тазының күшігін тегін ұсынып келеді. Мұнысын «мен осы күнге дейін бір күшікті ақысына сатып пұл қылған емеспін, маған тазыны қайта түлетемін деген жанның ықыласы қымбат» деген сөзінен ұғындық.
Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Біздің ата-бабаларымыз қоршаған ортамен етене өмір сүріп, өздерін табиғаттың ажырамас бөлшегі санаған. Бұл басты тұрмыс қағидаты Ұлы даланы мекендеген халықтардың дүниетанымы мен құндылықтарын қалыптастырды. Өз жазуы мен мифологиясы бар Қазақстанның ежелгі тұрғындарының озық мәдениеті болды. Олардың мұрасының жарқын көрінісі, көркем болмысы мен рухани байлығының айшықты белгісі – «аң стилі» өнері. Жануарлар бейнесін тұрмыста пайдалану адам мен табиғаттың өзара байланысының символына баланып, көшпенділердің рухани бағдарын айқындап отырған. Олар жыртқыштардың, негізінен мысық тұқымдас аңдардың суретін көбірек қолданған. Егемен Қазақстанның символдарының бірі – жергілікті жануарлар әлемінде сирек кездесетін тұрпаты текті қар барысы екені кездейсоқ емес» деді.
Кейбір деректерде тазылар осыдан 2 мың, тіпті одан да алыс Сақ заманынан бері қазақ даласын мекендеген таза, алғыр, жылдам ит тұқымы десе, енді бірлері Махмұд Қашғаридің «Диуани лұғат ат-түрік» сөздігіндегі «тайған» аталған тұқымнан бері қарай бар деп есептеген. Иә, олай деуге де себеп жоқ емес. Көршілес қырғыз елі әлі күнге дейін тазыны тайған деп атап келеді. Енді бірі тазы сөзінің түп-төркінін «қаны таза ит» деп келтіріп жүр. Қалай десек те, тарихшылардың «тазылар қазақ жерінде ертеден болған» деген тұжырымын тұлғасы тазыға ұқсас аңдардың тастағы таңбалары нақтылайды. Өткен ғасырдың 40-жылдары қазақ тазыларының саны 7000 болған екен. Ал қазір іздеп жүріп әрең табамыз. Ұлттық құндылықтар ұлықталып жатқан қазіргі уақытта бұл да ескеретін мәселенің бірі деп білеміз.

Оңталап ЖОЛДАСОВ
.
14 қаңтар 2019 ж. 723 0