Жеті саны туралы не білеміз?

Иә, басшысын сыйлау – елдің абыройы. Сол үшін елімізді сақтап, ел біріктіру – біздің міндет. Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы атамыз жігіттің жеті қазынасын былай деп түсіндіреді: «Жүйрік ат – жігіттің қанаты. «Ат – ер қанаты» дегендей, атсыз жігіттің күні қараң болған; Қыран бүркіт – жігіттің алғырлығы, бүріп түсер күш-қуаты; Құмай тазы – сенімі, досқа адал беріктігі; Берен мылтық – оты, қаһары; Қақпан – серті, бірсөзді мәрттігі; Алмас кездігі – сұсы, айбыны; Сұлу әйел – елдің бәріне сұлу қайдан табыла берсін, бірақ сұлу болсын-болмасын, ол – ер-азаматтың артындағы қамалы, отының берекесі. Сұлу әйел дегенде тек бет көркі емес, оның жан тазалығы, ақыл-парасатын айтады. Беті жылтыраған әйел адамның бәрі қазынаға жатпаса керек. Сөздің қысқасы, ер жігіттің басындағы осы жетеуі түгел болса, таршылық көрмейді, депті бұрынғылар».
Жеті санының маңызы тек салт-дәстүрімізде ғана емес, сондай-ақ қазақ хандығының саясатында да өзіндік орны болған. Әз Тәукенің тұсында көпке танылған «Жеті жарғы» заңдарынан аңғаруымызға болады. Барлығымызға белгілі, Тәуке хан заманы тұсында тарих беттерінде «Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман» деген атпен таныс. Әрине, ол заманның тыныштығы, бейбітшілік кезеңін және берекелі болғанын көрсетеді.
Әдебиетімізде де жеті саны өз орнын таба білген. «Жеті ғашық» деген ұғым да кездеседі. Олар Ләйлі-Мәжнүн, Фархад-Шырын, Таһир-Зуһра, Арзу-Қамбар, Уәлик-Ғарра, Уәки-Күшаһ және Жүсіп-Зылиқа. Сонымен қатар бір аптада жеті күн бар.
Қарап отырсақ, жеті саны тек қазақ халқына ғана тән емес секілді. Әлем бойынша да алатын орны бір төбе. Яғни, жеті ғалам, жеті қат көк, жеті жоқ. Осы аталғандардың барлығы да дүйім дүниеге таныс атаулар. Мәселен, жеті саны Египетте «мәңгілік өмірдің» нышаны, Осирис Құдайының саны. Шумерліктердің Лугуланнемуду атты патшасы өз қаласында Нинту атты ғибадатханасын тұрғызған. С ондай-ақ бұл ғимараттың жеті қақпасы және жеті есігі болған.
Міне, ерте кезден ата-бабаларымыз жеті санын қастерлеп, табиғат құбылыстарымен қатар, аспан денелерін де осы санмен атаған. Ата заңымыз бен салт-дәстүрлерімізге де арқау еткен. Ырым-тыйымға сеніп, салт-дәстүрді берік ұстанған халқымыз жеті санының мәнін жетік түсінген.
А. НҰРЛАНОВА