Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жеті ата – жеті ұрпақ

Жеті ата – жеті ұрпақ

Көшпенділік салтын берік ұстанған ұлтымыз туралы сөз қозғасақ, ең алдымен дана халқымыздың  тектілігі ойымызға оралары анық. Расыменде, қазақ – тектілікті ту еткен халық. Жетімін жылатпай, дұшпанын бет қаратпаған ел. Сонымен бірге келешек ұрпаққа жеті атасын үйрету ерте кезден бүгінге жеткен халқымыздың тәрбиелік дәстүрі. Яғни баланың тілі шығып, ақыл-ойы дами бастағанда жеті атасын үйреткен. Үйге қандай да бір қонақ кісі келсе, баладан ру сұрап, жеті атасын айтқызатын болған.
Ата-баба тарихын білмегенді «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деп сөз келтірген. Дегенмен бүгінгі күні қарт кісілер ғана ру сұрасып, кімнің баласы екеніңді білгісі келеді. Ал жастарымыз болса тәрбиелік мәні бар ол сұрақтан қашқақтайды. Көбіміз бұл дәстүрді ескіден қалған салт деп түсінеміз. Ересектер жағы сұрай қалса, «Осыларға менің руымның не қажеті бар?» деп күбірлеп бара жатқанын құлақ естіп те жүр.
«Жеті жарғы» – қазақ халқының өмір сүру ортасы мен тарихи танымына сай жасалған дала заңы. Қазақ ханы әз Тәуке «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» жетілдіріп, сол негізде «Жеті жарғы» заңдар жинағын жарыққа шығарды. Бұл «Тәукенің жеті жарғысы» деген атпен тарихта қалды. Сонымен қатар «Жеті жарғының» некелік отбасын құру туралы бабында балиғат жасқа толумен бірге, келесі бір шарт – болашақ жұбайының жеті атаға дейін туыстық қатынас болмауы керектігі көрсетілген.
Сондай-ақ жеті атаға жетпей қыз алысқандарға қатаң түрде жаза қолданылған. Жазаның да түрі көп болған. Теріс бата, тас ату, үстінен мал айдау, елден аластау, асаудың құйрығына тағу. Жеті атаға толмай қосылған жастардың мәселесін ру басшылары мен ақсақалдарының жиналысы шешіп отыратын. Алдымен 3-тен 5 ретке дейін ескерту жасаған. Егер екі жас ақсақалдардың, әке-шешенің шешіміне қарамай үйленсе, қашып кетсе, ең алдымен «теріс бата» берген. Сонымен бірге  қайда қашып кетсе де тауып алып, жазалап, тіпті өлтіріп отырған. Себебі бұл – бүкіл рудың ар-намысына дақ түсіріп, қара бет қылатын, ата-бабаның салт-дәстүріне қиянат келтіретін ауыр қылмыстардың бірі ретінде тарихта қалды.
Қоса кетсек, бұл  туралы «Қалқаман – Мамыр» ғашықтық жырын мысалға келтіруге болады. Туындыда  Қалқаман мен Мамырдың араларындағы туыстық қатынас жеті атаға толмағандықтан ақсақалдар жағынан үйленуге шек қойылады. Кейіннен ғашықтардың арасында трагедия туғаны белгілі. Сол себепті Мамырды туыстары атып тастаған – міне, бұдан қазақтың жеті ата қағидасының өте қатал заң екенін көруге болады.
Зейнеп Ахметова апамыздың «Күретамыр» туындысынан да атаның жеті ата туралы айтқан бір сөздерін келтірсек, қазақтың «жеті аталық» дәстүрін қазір ғылым да толық мойындады. Бір кезде «оқымаған», «қараңғы», «надан» деп айдар тағылған қазақтың ақылына, ой-өрісінің биіктігіне бүгінде ғалымдар таңғалып отыр. Неге? Өйткені жеті атаға толғанша қан сәйкестігі сақталып, сегізіншіге жеткенде сол қан сәйкестігі жойылады екен. Ал қандастық, қан тазалығын сақтауды ата-бабам баяғыдан-ақ білген ғой. Ғылым оны енді дәлелдеп отыр. Сөздің қысқасы, «жеті аталық» дәстүрді туыстық мейірімнің ұзақ уақыт жалғасатын тірлігі мен бірлігін бұзбауға, тұқымды пәк сақтауға жасалған ереже-заңы деуге болады. Бұл аталас адамдар арасындағы ар-ұятты, адамгершілікті адал ұстаудың тұрақты жолы екенін көрсетеді,– деп еді ата.
        Міне, қазақтың осындай таза, әрі текті ұлт екеніне көзіміз жеткендей. Әрбір ырым-тыйымдарымыз бен жөн-жоралғыларымыздың  өскелең ұрпаққа берер тәрбиелік мәні бар. Осы сынды дәстүрлерімізді бүгінгі жастар бойынан көрсек, артық болмас та еді?! Заман өзгерді, қазір жеті атаны тергеп отырудың маңызы жоқ дей тұрғанмен, сары майдай сақталған ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпағанымыз жөн.
А.НҰРЛАНОВА
26 ақпан 2022 ж. 1 717 0