Этномәдениет: Ағайын-жұрт атаулары

Қазақ халқы тек руласын ғана емес, одан әрідегі қандас тайпалардан тарағандарды да жақын тартып туысқан болады. Мысалы, солтүстік облыстарда жүрген 2-3 үй жалайыр болса, немесе оңтүстікте жүрген 2-3 үй арғын немесе керей болса, олар бірін-бірі туыспыз деп жақындаса, араласа жүреді. Бұл – өте жақсы қасиет. Ағайынға, туысқа жақын жүру – бірлік кепілі. «Қарға тамырлы қазақпыз» деп халқымыздың өзі айтқандай, туысқандық – достық пен ынтымақ белгісі. Бірлік бар жерде – тірлік бар.
Туысы бірдің уысы бір.
Туысқан өкпеге қиса да, өлімге қимайды.
Туысы жаман туғанын жамандайды.
Ағайын, туыс кімде жоқ, сыйласпаса, жат жуық. Ағайын – ағайынның айнасы.
Ата (ер) – әкенің әкесі. Жеті атадан санағанда үшінші ұрпақ. Ел-жұрт ақсақал деп құрмет тұтатын қадірлі ел тұтқасы. Мұндай кісілер төрден орын алады, әрқашан құрмет көрсетіледі. Оның жолын кесіп өтуге болмайды. «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» дегендей, ата – ел ұйытқысы, батагөйі, ақылшысы, қамқоры болып есептеледі. Жастар атадан бата алуға тиіс. «Аталы ел – баталы» деген мақал бар. Атаның айтқаны кейінгіге заң, ісі – үлгі. Ол – ер бірлігін, тірлігін, тұрмысын, болашағын бағдарлап, байқап отыратын дана, көреген.
Дәстүр бойынша сол елге, ауылға келген адамдар алдымен атаға сәлем беруі тиіс. Жасы жеткен мұндай кісілерді қарт, қария, батагөй деп, ел оған әрқашан ілтипат білдіріп отырады, қазақтың жалпақ тілінде қарттарды шал деп те айтады. Ата – балаға сыншы. Атадан ұл туса – игі,
Ата жолын қуса – игі.
Аталы ел – баталы ел.
Баба (ер) – арғы атаның әкесі, жеті атадан санағанда төртінші ата, қасиетті, жүз жасаған ұлы қария. Мұндай кісілерді бүкіл әулет, ұрпақ пір тұтады, арнайы сәлем береді, ерекше қошемет көрсетеді, ренжітпейді, сәбидей күтіп, құрметтейді. Бабадан әрі қарай түп ата, тек ата деп аталады.
Әже (әйел) – әкенің шешесі. Ел іші, отбасының бүтіндігін ойлайтын көптің сыйлы анасы. Ол салт-дәстүрді сақтап, кейінгі жастарға отбасының, дастарқан берекесінің, ағайынның, абысындардың бірлігін сақтайтын тәрбиеші әрі ақылгөйі деп есептеледі. Ұлы мен келіні әкесінің тапсырмасы мен өтінішін сөзсіз орындауы тиіс. Қазақ халқының заң бойынша танысын, танымасын әрбір адам ата-әжелерге сәлем беріп, құрмет көрсетуі тиіс. Бұл кісілер тек өз ұрпақтарына ғана емес, жалпы елге ата-әже болып есептеледі. Әжелерді жұрт кейуана, қария, әже деп құрмет тұтып, сый-сияпат ұсынып, батасын алады.