Бабаларымыздың "Жеті атаға толмай қыз алыспау" қағидасы қайдан шықты?
Бұл қағиданың шығу тарихы. Жеті атаға дейін қанша ұрпақ көргенін қалай есептейміз? Жеті атаға толғаннан кейін қандай жоралғы жасаған? Толмаса қалай жазалаған?
Қазақта жеті атасына дейін туыстық қатынасы болмаған, ана сүті араласпаған жастарға – үйленуге жол ашық. Бірақ "Жеті атаға толмай қыз алыспау" – шарт.
Қазақта жеті атасына дейін туыстық қатынасы болмаған, ана сүті араласпаған жастарға – үйленуге жол ашық. Бірақ "Жеті атаға толмай қыз алыспау" – шарт.
Тіптен, үйленетін азамат қалыңдықты жеті таудан асып, жеті өзеннен өтіп тапса, ерлік саналған. Міне бұл – ұрпақ саулығын, қан тазалығын, тектілікті сақтаудың ең ұлы әрі ең сенімді жолы ретінде әлемде мойындалды.
Жеті жарғы не дейді?
Жеті атаға толмай қыз алыспау – ата-бабамыздан бері келе жатқан қатаң құқықтық заң-ереже. Дүниеге келер ұрпақтың қанының тазалығы мен денінің саулығын сақтау мақсатында жеті атаға дейін қан араластырмау шарты – бағзы заманнан иниститут болып қалыптасты. Бұл – физологиялық және психологиялық ауытқуды және ауруды тудыратын генетикалық өзгерістердің алдын алу үшін жасалған сақтық шарасы.
"Жеті Жарғы" – қазақ халқының өмір сүру ортасы мен тарихи танымына сай жасалған дала заңы. Қазақ ханы әз Тәуке "Қасым ханның қасқа жолы" мен "Есім ханның ескі жолын" жетілдіріп, сол негізде "Жеті жарғы" заңдар жинағын жарыққа шығарды. Бұл – Тәукенің жеті жарғысы деген атпен тарихқа қалды.
Жеті жарғының некелік қатынастар туралы бабында балиғатқа толумен қатар, екінші шарт – бұл болашақ жұбайлардың жеті атаға дейін туыстық қатынаста болмауы талап етілген. Онда балиғат жасы он үш болып белгіленген.
Сонымен бірге атастыру, айттыру, құда түсу, ғашықтық және басқа да жолмен қосылудың ережелері айқындалды. Қалыңмал берудің тәртібі де ру басылары мен ақсақалдардың келісімімен халықтың әлеуметтік жағдайына қарай оңтайландырылды. Бұның қазақта "бай байға, сай сайға құяды" деген мәтеліне айналғаны белгілі.
Алаш ұранды күллі қазақ өздерінің және ұрпағының мінсіз бітістік болмағы шарты үшін: Ауыз (бір – автордан): жат төселмелік, жат ниет, бәт қылық бүгіннен бастап тиым болмағы – шарт жарағы. Егер көзге шалынса, қара маңғаз артынша мінгізіліп, өртелмелік қалма әлпетіне жақпаулылық, жаға жұрт көрмелік істемек шарт.
Көз (екі – автордан). Жеті атадан ілгері қыз алысқандар бүгіннен бастап болмауы шарт жарағы. Егер олай болғанына көз жеткізсе, жұбайларды тең бас қылыштамақ шарт.
Көз мұрын (үш – автордан). Беттен сүйетін жат қылық бүгіннен бастап тиым. Және Аллалық шала жаралымнан басқа науқастар әрқандай пенде баласына болса да тостағанның шетін тістетпеуі шарт. Егер айқын ұғыныстылық болса, елу қамшы дүремелек жарағы, оған сұрам жоқтығы айқындылық. Әшкере қарсыласқан адамның өзі кім болса да жер үймек. Жарманы жарлық атқартуға кетіп қалған соң, хан маған: Жарайсың, қара үзген шипагер, көзің шоқша жайнап. Ілме жауап бергің дегізді тұлғаңды дер қайнама сарқылмас жатқан қайнап. Өңгер, үлгіңді титтей де қалдырмай, жасырып жатпай, бүкпесіз, толық ашық жазып шық. Болған соң Ордаға келіп жеке өзіме оқып бер, қазынада сақтатам. Қасырқағаңа қарай сыйыңды алып, мәртебеңді иелейсің, – делінген.
Міне бұл Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының Шипагерлік баянында жазылған жағдай.
Жесірдің тағдыры да қандастық байланысқа қарай шешілген
Қазақтың ең үлкен дауының бірі – жесір дауының кесімі мен жазасы тағайындалды. Жесір – күйеуі қайтыс болған әйелге берілетін атау. Ол өзі түскен жұртқа "жесір" атанады. Оның тағдырын жесірдің иесі болған әулет не ру шешеді. Қалыңмалы төленіп, құдалық жоралғысы жасалған қыз да атастырылған күйеуі қайтыс болса "жесір" есебінде қаралады.
Құда түсіп, айттырған жеріне бармай қашып, өзге жігіткетұрмысқа шығып кеткен қыздың төркіні алған қалыңмалын қайтарып, үстіне тағы да үш тоғыз айып төлеуге тиісті болды. Егерде, қыздың артында бойжетіп отырған сіңілісі болса, оны бұрынғы төленген қалыңмалдың орнына қашқан қыздың орнына "қалыңсыз" береді.
Әмеңгерлік салты
"Жесірін жатқа бермеу" де қазақтың өз тұқымының басқа елге кетпеуі әрі ұрпағын өз жұртында қалдырудың, қан тазалығын сақтаудың бір жолы. Онда баласы болса да, болмаса да жесір қалған әйелді келген жеріндегі қайындарының біріне атастырады. Бұл мәселеде де мүмкіндігінше қайтыс болған ер адамға туыстық байланысы ең жақындарының арасынан таңдалады.
Бұл бір жағынан жетім қалған баланың жанашыр ағайынның қолында өсуіне де себеп. "Өз өлтірмейді, жат жарылқамайды" қағидасын ұстанған. Әрине қалыңы төленген жесір жатқа кетсе экономикалық жақтан да тиімсіз жағы тағы бар.
Ал жесірдің төркін жағы да "қайта шапқан жау жаман, қайта келген қыз жаман" деп ырымдап, қайтып келуіне рұқсат етпеген. Күйеуі өліп, қарайтын адамы жоқ болып, қайтып келсе бетіне қара күйе жағып қойған. "Қара бет болу" деген осы салттан шыққан. Кейде некесіз бала туса да бетіне күйе жаққан. Алайда сәбиді періште санап, тиіспеген.
Кейде жұбайы қайтыс болып кеткен ер адам балдызына, яғни әйелінің сіңлісіне де үйленеді. Әрине балдызының жасы жетіп отырса. Бұл да балаға оң қабақ танытады деген себептен болса керек. Жесір қалған әйелді жатқа жібермеудің тағы бір себебі – оның баласы болмаса да құдай қосқан қосағының тектік белгілері бұрынғы күйеуі арқылы жесірде сақталатындығы. Бұл – қазіргі ғылым да мойындайтын шындық.
"Он үште отау иесі" немесе "қалпақпен ұрып алу"
Қазақ халқы балаға 13 жастан бастап үйленуге рұқсат еткен. Тіптен "Жеті жарғының" неке туралы бабында он үш жасқа толмаған бала қылмыстық жауапқа тартылмайды деп белгіленген. Заңдар жинағында некеге отыруға 13 жастан рұқсат етіледі. Міне бұдан балиғат жасының 13 екенін аңғаруға болады.
Қазақта айтылатын "Он үште отау иесі" деген мақал да осыдан шыққан. Кейде қыз бала тым әлсіз болса толысып, өмір сүру қабілеті жеткенге дейін күткен. Денелі немесе ерте есейген болса, ерте некеге рұқсат етіп отырған.
Бұны қазақ "Тымақпен ұрып алу" деп аталыпты. Яғни, тымақпен ұрғанда желп етпесе есейген, денелі, тұрмысқа шығуға болады деп есептеген. Міне, бұл – аталарымыздың екі жасты үйлендіру барысында қыздың денсаулығы мен жағдайына да қарағандығын білдірсе керек.
Сүйек жаңғырту
Байахмет Жұмабай, этнограф, жазушы: "Қазақтың некеге қатысты тағы бір жақсы салты – сүйек жаңғыртып құда болу. Мұнда құдандалы болған әулет ұзақ уақыт өткен соң, туыстық байланысты үзбеу мақсатында бір-біріне қыз беріп, келін алысатын болған. Мұны – сүйек жаңғырту деп атапты.
Алайда жиендік не нағашылық туыстық қатысы жоқ туысқандарды ғана бір-біріне үйлендірген. Ешқашан жиеніне нағашысынан немесе нағашысына жиеннен қыз алып бермеген.
Тек құдалық қатысы бар құда балалар мен құдашаларды үйлендіріп отырған. Мұнда қан тазалығын сақтап ғана қоймай "құда мың жылдық" деп туыстықты ары қарай жалғау жолын көруге болады".
Жігіттің үш жұртының қайсысынан қыз алысуға болады?
Қазақтың үш жұрты: өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты. Міне осы үш жұрттың ішінде өз жұртынан және нағашы жұртынан ешқашан қыз алыспайды. Ал қайын жұрт сәл басқаша. Яғни, қандық туыстық байланыс болмаса немесе құда бала мен құдашаларды өзара айттырады.
Кейде нағашылы-жиенді жақ екі-үш атадан кейін, кедейліктен не соғыстан үйлене алмай қалу секілді қиын жағдайларда атастыратын болған. Бірақ бұл барынша сирек кездеседі. Немесе жұбайы қайтыс болған еркекке қайын жұртынан қыз алуға болады. Көбінесе балдыздарын алған.
Айттыру және атастырудың айырмашылығы
Айттыру мен атастыру екеуі екі басқа. Отау көтерер жасқа жеткен жігіт қалыңдық іздеп, ұнатқан қызы мақұлдық бергеннен кейін, үлкендердің рұқсатымен айттырады.
Ал, атастыру – дос-жар адамдар өз достықтарын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру үшін бірінің жұбайы қыз тапса, екіншісінің жұбайы ұл тапса атастыратын болған. Егер бала туылмай тұрып, серттесіп атастырылса "бел құда" деп, ал туылғаннан кейін атастырылса "бесік құда" деп атаған.
Мысалы, "Қозы Көрпеш – Баян сұлу" ғашықтық жырындағы Қозы мен Баян бел құда болып, атастырылған.
Кейде байлар да өз мүдделері үшін балаларын бір-біріне атастырып отырған. Немесе екі кедей адам. Мысалы, балалары кедейліктен үйленбей жүрсе.
Қарсы құда болу
Бұл да түрлі жағдайларға байланысты. Қатар ауылда бой жетіп отырған қыздары, ер жетіп ұлдары болса үлкендердің келісімімен бірі қызын қарсы жаққа беріп, оның орнына бір қызды келін етіп алып "қарсы құда болдық" деп атаған. Бұл да үлкендер мен жастардың келісімі бойынша болған.
Мұндай құдалықта екі жақ та қыз алып отырғандықтан құдалықтың ырымын жасаған әрі қалың мал алу жағын жеңілдетіп отырған. Мұның тағы бір жақсы тұсы – екі жақтың туыстық байланысы барынша жақындап, балаларының өзара араласуына да әсері болған.
Қазақ жеті атаға толып, қыз алысуға рұқсат болғанда қандай жоралғы жасаған?
Этнограф, жазушы Байахмет Жұмабайұлы:
"Әрине, бұл жағдай екі жастың өзара махаббатынан туындайтыны белгілі. Мұндай кезде ауыл ақсақалдары мен билері ақылдасқан. Егер екі жастың туыстық байланысы жеті атаға толса, жеті рудан билер мен ақсақалдарды жинап, "Ақсарбас" айтып, мал сойып, батасын беретін болған. Сонымен бірге жаңа шыққан руға ру атын, ен-таңбасын, аруақ-ұранын белгілеп берген. Міне осы баталасудан кейін бұл екі ру бір-бірінен қыз алысатын болыпты".
Жеті атаға жетпей қосылғандарға қолданылған жазалар
Жаза әр түрлі болған. Теріс бата, тас ату, үстінен мал айдау, елден аластау, асаудың құйрығына тағу.
Жеті атаға толмай қосылған жастардың мәселесін ру басшылары мен ақсақалдарының жиналысы шешіп отырған. Алдымен 3 тен 5 ретке дейін ескерту жасаған. Егер екі жас ақсақалдардың, әке-шешенің шешіміне қарамай үйленсе, қашып кетсе ең алдымен "теріс бата" берген. Сонымен бірге қайда қашып кетсе де тауып алып, жазалап, тіпті, өлтіріп отырған.
Себебі, бұл – бүкіл рудың ар-намысына дақ түсіріп, қара бет қылатын, ата-бабаның салт-дәстүріне қиянат келтіретін ауыр қылмыстардың бірі ретінде тарихқа қалды.
Теріс бата – әке-шешесі, не қатты назары түскен ақсақал не ана алақанын теріс қаратып жайып, лағнет айтып, қарғыс дұғасын оқыған.
Мұндайдан елді шектеп, халыққа үлгі ету үшін "тас ату" арқылы да қия басқандарды жазалап отырған. Онда әр үйден бір адамнан шығып, бір кесек тасты елді қара бет еткен қылмыскерге атқан. Бұл діни жазалау түріне ұқсап кетеді.
Кейде төрт жаққа керіп, жерге жатқызып байлап қойып, үстінен қоралы қойды арлы-берлі өткізу арқылы малдың тұяғына таптатып өлтірген.
Елден аластау – кейде осындай ауыр қылмыс жасаған екі жасты байлап, елден алыс жерге апарып, тентіретіп қоя берген. Өлтірмеген.
Бұдан тыс асау жылқының құйрығына тағып, сүйретіп жіберген жағдайлар да болыпты.
Тартып әкелген жесірді тазалау жоралғысы
Егер, әйелді басқа ру не жау тартып әкетсе, ер азаматтар "ру намысын таптады, қорлады", "жесірді жатқа жіберіп тірі жүре алмаймыз" деп әкеткен жақпен соғысып, кайта тартып әкелген.
Одан кейін "ағын суға тоғыту", "қырық шелек су құйып, жуындыру", тазалау ырымын жасағаннан кейін қайтадан некесін қидырып, адамына қосқан.
Кейбір ғашықтық жырлары "Жеті атадан қыз алыспау" заңынан соң туындаған
Бұл туралы "Қалқаман – Мамыр" ғашықтық жырын мысалға айтуға болады. Онда Қалқаман мен Мамырдың араларындағы туыстық қатынас жеті атаға толмағандықтан ақсақалдар жағынан үйленуге шек қойылады. Сонымен ғашықтардың арасында трагедия туғаны белгілі. Сол себепті Мамырды туыстары атып тастаған – міне бұдан қазақтың жеті ата қағидасының өте қатал заң екенін көруге болады.
"Қалқаман – Мамыр" – 1722 жылы болған тарихи оқиғаға байланысты шығарылған дастан. Авторы Ш.Құдайбердіұлы. Жас жігіт Қалқаман мен ару қыз Мамыр бір-біріне ғашық болып қосылғанымен, олардың бір рудан шыққандығына байланысты, екі жас "дәстүрді бұзғаны үшін" өлім жазасына кесіледі. Мамыр өз туысы Көкенайдың қолынан қаза табады. (Уикипедия ашық энциклопедиясынан алынды).
Руды сұрау – үлкен ұлағат
Жастардың өзара ру сұрасуын жаман әдет деп айта алмаймыз. Осы арқылы өз тектерін біледі әрі танысқан қыз-жігіт ара туыстық байланыстың алыс-жақындығын да айырады. Міне бұл жастардың тіл табысып, өзара сөз байласуына ықпал етеді.
Қазір де көптеген азаматтар өз руластарын жақын туысы ретінде қарап, көмектеседі. Сондықтан "у ішсең руыңмен" деген осыдан қалса керек. Бұл жерде әр адам өз туыстары алдында белгілі жауапкершілік арқалайтынын көреміз.
Қазір 10-15 атаға дейін қыз алыспайтын рулар көп. Әрине олардың ішінде де бірен-саран жолдан тайғандары да бар шығар. Бірақ бұл –көбіне амалсыз жағдай.
Тағы бір жағынан осы заманғы медицинаның дамуы – жеті атаға толмай қыз алысудың ұрпақ саулығына үлкен зиян екенін дәлелдегеннен кейін де болып отыруы мүмкін. Мысалы, тәжік, өзбек елдері туыстарының бір-бірімен үйленуін қанша тиым салса да тоқтата алар емес.
Қарақалпақ және бір бөлім ноғай мен құмық, аз башқұртта бұл салт жоғалып барады
Өйткені бұлар XVI – XIX ғасырға дейін қазақтан бөлінбеген туысқан ұлыстар болатын. Олар қазір өздері тұрған орталарына байланысты бұл салттан айырылып бара жатыр.
Қарақалпақтар мен ноғайлар Кеңес одағы құрылғаннан кейін қазақтан алыстай бастады. Туыс ара қыз алыспау дәріптелсе де жеті атаға дейін деген қағида ұстанбайды екен. Онсызда саны аз болған соң амалсыздан өзара қыз алысуға бейімделген. Қарақалпақтар сөйтіп ақырындап өзбектердің салтын қабылдай бастады.
Моңғолия мен Алтайдағы ағайын төңірегіндегі қазақтан қыз алысуды тоқтату керек дейді
Байахмет Жұмабай: "Мысалы, Монғолияның Баянөлгей аймағында 100 мыңнан астам қазақ бар. Олар өзара қыз алыса-алыса, рулары әр түрлі болса да нағашы-жиендік себебінен туыстық, қандастық жағынан барынша жақындаса түскен. Мұны көрген ауыл ақсақалдары жастарға басқа алыс тайпалардан, рулардан қыз алысып, қан тазалығын сақтауды дәріптей бастады.
Себебі, кез келген екі қазақ руы басқа болса да, не нағашы, не жиен жағынан жеті атаға толмайтын қандастық жақындықта болуы мүмкін. Тіптен, ұзағанда үш-төрт атадан аспайды деп отыр".
Астана халқының басым бөлігі дүниенің төр бұрышынан келгенін ескерсек, бұл – ұлтымыздың қан тазалығын сақтауға барынша оң әсер етеді.
Араб, түрік, парсыда емшек сүті араласпаған ағайынды да үйлендіре береді
Мұсылман елдеріндегі мұндай жағдай ұлттың денсаулық сапасына қатты әсер еткен. Олар көп жағдайда "жақсы қызды жатқа бермейміз" деген сылтаумен өзара туыс екі жасты үйлендіре береді. Тек емшек сүті араласпаса болды деп есептейді.
Тіптен, Тәжікстанда осындай некенің кесірінен мүгедек адамдардың саны тым көбейіп кеткен. Осыған байланысты үкімет арнаулы қаулы да қабылдап, туыстық, қандастық байланысы жақын болса некеленуге тыйым салатын ережені бекітті. Үгіт те жүргізіп отыр. Қытай елі де некелену алдында қан тексертуді міндеттеген.
Айғыр да өз байталына шаппайды
Қазақтар өзін "жылқы мінездес" деп айтады. Жылқының басқа жануарлардан ерекше бір қасиеті – тазалығы мен тегіне адалдығы.
Әдетте айғыр өзінен туған құлын байталға шыққанда қуып шығып, басқа үйірге кетуге мәжбүр етеді. Сонымен бірге өз кіндігінен тараған еркегін де үйірден қуады.
Жылқы – үйірсек, өте намысшыл және таза да бекзат жаратылыс.
Ұлттық өреде ойлау Жеті атадан басталады
"Жеті атасын білген жеті жұрттың қамын жейді" деген аталы сөз бар.
Жеті ата: 1. Бала. 2. Әке. 3. Ата. 4. Арғы ата. 5. Баба. 6. Түп ата. 7. Тек ата.
Жеті ұрпақ. Газет-журналдарда да, кітаптарда да жеті атаны көбіне былай бөліп келеді:
1. Әке. 2. Бала. 3. Немере. 4. Шөбере. 5. Шөпшек. 6. Немене. 7. Туажат. 8. Жүрежат. 9. Жекжат. 10. Жұрағат. 11. Жамағайын. 12. Қаймана.
Жеті атадан тараған ұрпақ жеті рулы елге айналатыны белгілі. Қазақы тәрбие көріп, бекзаттық пен тектілікті ту еткен азамат жеті ата мен жеті ұрпақтан тараған, өскен әулеттерді және руларды өзінің қандас туысы ретінде таниды.
Сонымен бірге белгілі дәрежеде туыстық жауапкершілікті арқалайды. Ал оған өз жұртын, нағашы жұртын және қайын жұртын қосыңыз. Тіптен, "Құда мың жылдық" деп құдаларды қоссаңыз, күллі тайпа мен халықтың жүгі – өз туысқаныңыздың жүгі болып шыға келеді.
Міне, нағыз ұлттық өреде ойлау деген осы! Ұлттық өреде ойлау туыстық сезімнен басталады. Руды әлде кімдердің өз жымысқы мүддесі үшін пайдалануы – саяси алаяақтық.
Мысалы, сіз 35 жаста болып, 3 балаңыз болса, әр баладан орта есеппен 3 баладан ұрпақ қалады деп есептесек және әр 35 жылды бір ата кететін дәуір деп есептесек, жетінші атаға барғанда қандас туыстың саны 6561 болады, сегізінші атада 19 618 адам болады екен. Егер әр адам орташа есеппен 4 баладан ұрпақ жалғайды деп есептесек, жетінші атаға барғанда 65 536, сегізінші атаға барғанда 262 144 туысыңыз болады. Бұл да қызықты мағлұмат.
Бір еркектің ұрығын бір топ қызға салу – "жеті атаға дейін қыз алыспау" қағидасына қайшы
Белсіздіктен не бедеуліктен сәби сүйе алмаған жас отбасылар мен тұрмысқа шыға алмаған қыздар ақыры осы жолды таңдайды. Мұның Қазақстанда да белең ала бастағаны жасырын емес. Алайда бұл жерде қазақтардың не нәрсеге көңіл бөлгені дұрыс?
Мысалы, бір еркектің ұрығын 20 қызға салса, сол 20 қыздан туған баланың әкесі бір адам болады. Ал сол 20 бала өз әкесін білмесе, тіптен есейгенде бір-бірімен үйленсе не болмақ? Одан да сорақысы, сол ұрығы алынған бейтаныс еркек – жауыз, қанышер, малғұн, яғни тегі жаман болса ше?
Мүмкін қазаққа текті ұрпақты тарату үшін және "жеті атадан қыз алыспау қағидасын" сақтау үшін ұрық тапсырғандарға руын, жеті атасын білу, жазу шарт деп Заңға енгізу керек шығар?
Не бұл белсіздікті, баласыздықты шешу барысында, яғни әйелге ұрық салу барысында күйеуінің тіке туыстарымен келісе отырып, туысқандық қатынасы бар адамның ұрығын алу керек. Бұл – қандық текті жалғаудың бір түрі ретінде қалар еді.
Шата ұғымы – "белгісізден би, белдеусізден үй шыққан" заман
Бұл жерде "шата" дегенге түсінік бере кетсек. Некелі ерлі-зайыпты екеудің арасына біреу кіріп, одан туылған баланы "шата" деп атаған. Кей жерлерде некесіз туылғандарды да "шата" деп атапты.
Міне бұл – тегі белгісіз ұрпақтың көрінісі. Себебі, күйеуі бала таптыра алмағанымен, оның гендік коды сол әйелдің жатырында белгілі дәрежеде сақталады. Қазіргі кейбір ғылымдар да осындай пікірді айтып отыр. Олар осындай жағдайда балада екі әкенің де гендік коды болуы мүмкін дейді.
Екіншіден, ешқашан киіз үйді көрмеген келімсектерге, тіпті қытай мен африкалықтарға дейін қыздарымыз тұрмысқа шығып, үй пайда болып жатыр. "Белдеусізден үй, белгісізден би шығады" деген болжам осыған айтылған.
Жалпы тектен ажырап, рухани азу – күллі адамзатқа келген апат екенін түсінген дұрыс. Сондықтан қазақ "қызға қырық үйден тиым" ғана осындай оспадарлықтарға тосқауыл екенін түсінген.
Суррогат ана – жатыр жалдау "жеті атаға дейін қыз алыспау" қағидасына қайшы ма?
Әйел адам өз жатырында бала көтеру мүмкіндігі болмағанда немесе басқа да себептерден сәби сүйе алмаған кезде күйеуімен келісе отырып, өз ұрықтарын басқа ананың жатырына салып өсіреді. Ол үшін жоғары сыйақы төлейді.
Алайда тұқымы басқа болса да тар құрсағын кеңіткен, ананың қаны тамырында ағып, ана ағзасы арқылы нәр алған балада сол ананың гендік коды қалмасына кім кепіл? Сондықтан бұл да барынша абай болатын тәсіл.
Бәлкім жатыры жалданатын ананы да туыстық қатынасы барынша жақын адамның арасынан таңдау керек шығар. Бірақ, бұл туыстық, адамгершілікке, тектік этикаға қаншалық үйлесімді деген ауыр да сүбелі сұрақты туындатады.
Ең дұрысы "тек жүрген тоқ жүреді" қағидасын ұстанып, бабалар жолымен, "ала жіп аттамай", адам деген атты сақтап өмір сүргеніміз абзал шығар.
Бір отбасындағы ерлі-зайыпты қалай сақтанған және сүт ана туралы
Мысалы, үйдегі анасының сүтін еміп жүрген кішкентай сәбидің аузына салған тағамды әкесі жемейді. Бұл да қатаң шектелген. Себебі, сүттің нілі тамақ арқылы қанға өтсе, ол да қан тазалығына әсер етеді.
Балаларын үйлендіру алдында да әке-шешесі қан тазалығы жағында үлкен жауапкершілік атқарған. Бір баланы екі ана қатар емізбеуге тырысқан. Қажет болса тек абысындар ғана бір-біріне емізуге рұқсат еткен. Оны сүт анасы деп құрметтеп, ат мінгізіп, шапан жауып, сәбидің анасы ретінде сыйлап отырған.
Сол үшін қазақ арасы жеті атадан артықтарды жеті таудан асып, жеті өзеннен өтіп барып үйлендіріп отырған.
Кешегі, "Қыз Жібек" ғашықтық дастанындағы Төлегеннің айлық жол жүріп барып, қалыңдық айттыруы да сол қан тазалығын сақтау үшін жасалған бір шара деп айтуға болады.
Ұлт саулығы – ұрпақ саулығынан басталады
Жаһандаудың дауылы бүкіл әлемдегі көптеген құндылықтың шаңын қағып, аласапыранға айналдырғанын халық барған сайын сезінуде. Алайда ата-бабамыздан келе жатқан ұрпақ қорғаны – ұлттық әдет-ғұрпымыздың ұлылығын барған сайын сезіне бастадық. Сол ұрпағымыздың қамын ойлаған ата-бабамыздың көрегендігіне күллі әлем таңданды.
Әбу-Нәсір Әл-Фараби, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы, Жүсіп Баласағұни сынды ұлы ғалымдарымыз, Есімхан, Қасымхан, Әз Тәуке сынды хандарымыз, Әйтеке, Төле, Қазбек сынды шешен билеріміз парасаттың пайымы болған ғажап рухани мұра қалдырды.
Әне сол ең ұлы мұраның бірі – Жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрі. Бұның ұрпағымыздың саулығын сақтап тұрған алтын тіреу екеніне күмән жоқ.
informburo.kz
Толығырақ: http://alashainasy.kz/kazak_tarihy/babalaryimyizdyin-jet-ataga-tolmay-kyiz-alyispau-kagidasyi-kaydan-shyiktyi-106190/
Толығырақ: http://alashainasy.kz/kazak_tarihy/babalaryimyizdyin-jet-ataga-tolmay-kyiz-alyispau-kagidasyi-kaydan-shyiktyi-106190/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі