Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүгін Ораза айт мерекесі басталды

Бүгін Ораза айт мерекесі басталды

Бүгін барлық мұсылман қауым үшін ұлық мереке – Ораза айт басталды. Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз мерекемен құттықтады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Біздің халқымыз рамазан айын ежелден ерекше қастерлеп: «Он екі айдың сұлтаны», – деп қадірлеген. Ал мереке күндері ағайын-жұрт бір-біріне «айт қабыл болсын» айтып, жылы лебіздері мен ізгі тілектерін арнаған. Ағайын-туысқа айттап бару, балалар мен қадірлі қонақтарға айттық беру – сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан игі дәстүр.
«Қадірменді қауым! Баршаңызды мұсылман үмбетінің ұлық мейрамы – Ораза айтпен шын жүректен құттықтаймын. Қасиетті жұма күнімен қатар келген айт мейрамы құтты-берекелі болғай!» - деді Серікбай қажы Ораз.
Ораза айт – қонақжайлық пен мейірбандықтың, достық пен татулықтың мерекесі. Ізеттілік пен ізгілікке, бірлік пен игілікке үндейтін бұл мейрам елімізде тұратын түрлі ұлттар мен ұлыстарды да ынтымаққа ұйыстыра түседі.
«Айт – «мерекелеу», «хал сұрасу», «бір-бірін қуанту», «қуанышқа топталу» деген сөз. Демек, бұл күндері отбасын, ағайын-туыс, көршілер мен көмекке мұқтаж жандарды қуанышқа бөлеп, алғысын алудың – сауабы үлкен. Жабыққан жанның көңілін жадыратып, шаңырақты шат-шадыман күйге бөлеп, сыйлық үлестіру де – мерекенің сәнін келтіре түсетін ізгі амалдың бірі. Мұсылман қауымының осынау шуақты мейрамында әрбір шаңыраққа баянды бақыт, Алланың амандығы мен берекетін тілеймін. Қасиетті рамазан айында ұстаған оразамыз, жасаған әрбір қайырлы амалдарымыз, дұға-тілектеріміз қабыл болсын!» - деді Бас мүфти.
baq.kz​​​
15 маусым 2018 ж. 2 235 0