Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » “Жеті шелпек” туралы не білеміз?

“Жеті шелпек” туралы не білеміз?

Қазақ ертеден келер ұрпақ бойына ұлттық құндылығымыз бен салт-дәстүрімізді үлгі еткен халық. Қаншама қиын-қыстау кезеңнен өтсек те, салт-дәстүрлеріміз бұзылған жоқ. Осы уақытқа дейін ұрпақ санасында сайрап тұр. Ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрлеріміз бен жөн-жоралғыларымыз жетерлік. Солардың ішінде жеті шелпек тарату ерекше орын алады. Жалпы бұл қайдан шыққаны туралы нақты ақпарат жоқ. Ежелден келе жатқан аңыз әңгімелерімізге қарап, пайғамбар дәуірінен бастау алғанын білеміз.Ендігі бір аңызда жеті шелпектің қауіп-қатерден сақтайтыны былай айтылыпты.Ертеде бір аңшы болыпты. Ол қыран құсты баулып, саятшылық құрады екен. Аңға шыққанда бірнеше күн жүріп, қанжығасы майланып оралып жүреді. Бір күні ол тағы да тауға кетуге әзірленеді. Құзар шыңға ұя салатын ақиық қыранның балапанын үйіне әкеліп баптауды ойлайды. Сапарға шығатын күні ұйқысынан шошып оянады. Бір бәлені жүрегі сезеді. Әйеліне:
– Мен аңға шыққан мезетте жеті шелпек таратып жібер, – деп тапсырады. Әйелі:
– Жарайды. Айтқаның болсын, – деп, ері аттанған кезде жеті шелпек пісіріп, көршілеріне таратып жібереді. Жұрт: «Қабыл болсын!» – деп, күлше наннан дәм татысады.
Аңшы бұдан бұрын да бүркіттің балапанын алып кетеді екен. Қыран аңшының тағы келерін сезеді. Олжа іздеп кетер кезде ол балапанын тауға аманаттайды:
– Бөгде біреу ұяма тиісіп, балапанымды алып жатса, жартасты жаңғырықтырып хабар берерсің. Оны құздан лақтырып, көздерін ояйын, – дейді. Тау бүркіттің өтінішін қабыл алады. Біршама уақыттан соң, қыран ұяға келсе, балапаны жоқ. Ол аңшының алып кеткенін біліп, қатты налиды. Тауға:
– Саған хабар жеткіз деп едім ғой. Балапанымды неге беріп жібердің? – деп ренжиді. Тау:
– Мен саған хабар бергім келген. Бірақ, аңшы балапаныңды алып жатқанда жеті күш жеті жағымнан басып, тырп еткізбеді. Қозғалуға мұршам болмады, – деп ақталыпты. Жеті күлшенің шарапаты алып тауды басып, аңшыны бәледен сақтапты. «Жеті шелпек жеті түрлі бәледен сақтайды» деген сөз осыдан қалған деседі.
Әрине, осыдан кейін барлығымыздың ойымызға жеті шелпек неге жетеу деген сауал келеді емес пе?! Шелпектің жетеу болуы жайлы аңыз Оңтүстік Қазақстан өңірінде жақсы сақталған.
Қазығұртта өмір кешкен Ысқақ қожа есімді әулие кісі болыпты. Ол ел-жұртын адамгершілікке, арлылыққа, ізгілікке шақырып, зұлымдықтан тыйып отырады екен. Ысқақ қожа дүниеден өткенде, баласы Ысмайыл қожа әкесін жерлеп, қырқына дейін бейсенбі күні жеті шелпек пісіріп, халыққа таратыпты деседі. Бір күні одан біреу:
– Тақсыр, неліктен жеті күлше таратасыз? Бір күлше берсе болмай ма? – деп сұрапты.
– Жеті күлшенің сауабы жеті атаңа, одан асса, жетпіс атаңа кетеді. Ал, бір күлше өз қара басыңа ғана жетеді, – депті. Садақаға таратылатын күлшенің жетеу болуында да осындай мән бар екен.
Иә, жеті шелпегіміз де көненің көзіндей сақталған кәделі ұлттық тағамымыздың бір түрі. Сондай-ақ, дінімізде де маңызды рөл атқарады. "Алла тағаланың назарында садақа үшін берілген бір үзім нан Ухуд тауындай үлкейеді" деген аят жолдары бар екен. Әдетте бізде жеті шелпекті жаман түс көргенде немесе түсімізге аруақтар кірген кезде таратады. Әрине, бұл – дүниеден қайтқан ата-бабаларымызды еске алудың бір жолы. Сол үшін де жеті шелпекті жиі таратып, дініміз бен дәстүрімізді әрі қарай жалғастырып отырайық. Болашақ ұрпақ тәрбиесінен де ұмыт қалдырмайық. Қазірден бастап бала бойына осы бір асыл қасиеттеріміздің қаншалықты маңызды екенін түсіндіргеніміз абзал.

Айсәуле НҰРЛАНОВА
24 қаңтар 2022 ж. 8 953 0