Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Наурыз тойы басталды

Наурыз тойы басталды

Халқымыз ерте заманнан бастап-ақ бала тәрбиесіне айрықша мән берген. Оның салт-дәстүріміз бен жөн-жоралғыларымызды жетік меңгергенін қалаған. Үлкенге құрмет көрсетуден бастап, сәлемдесу әдептерін де бала тәрбиесінен қалыс қалдырмаған. Осы сынды айрықша тәрбиелік мәні бар, қадір қасиеттілік нышан-белгілерімен қатар үлгі-өнегелік көрсетер дәстүрлеріміздің бірі – Наурыз мейрамы.
   Ахмет Байтұрсынов айтқандай: «Наурыз» – парсы сөзі. Бұл қазақша айтқанда, «жаңа күн» деген сөз» демекші, дана халқымыз аса қадірлейтін күн. Сондай-ақ Шығыс халықтарының ерте кездегі бас мерекесі болып саналған. Міне, көріп отырғанымыздай «наурыз» сөзі жаңа жыл, жаңа күн, сонымен бірге күн мен түннің теңелу сәті, барша қалың қазақтың шаттық күні болып табылады. Бұл мереке күні әр шаңырақ басында ақ дастарқан жайылып, түрлі тәттілер қойылады. Барша халық бір-біріне ізгі тілектерін білдіріп, ақсақалдарымыз жас буын өкілдеріне бата береді. «Ақ мол болсын!», «Ұлыс құтты болсын!» деген сынды бір-біріне жүрекжарды жылы лебіздерін білдіреді.
     Қазақтың тұрмыс-тіршілігінде маңызы бар бұл мереке кей өңірлерде «Наурыз тойы» деп аталып кеткен екен. Ұлы ақын Абай атамыз: «Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, Наурызнама қыламыз деп той-тамаша қылады екен» деген. Мереке күні адамдарға бір-бірімен ренжісуіне тыйым салынады. Яғни, бұл күні барлық адам көңілді жүріп, сән-салтанат құруы қажет. Сондай-ақ мереке күні халқымыздың ежелден келе жатқан ұлттық ойындарымыз жалғасын табады. Атап айтар болсақ, ат жарыс, палуан күрес, қол күрес және арқан күрес сынды көптеген спорт түрлерінен түрлі жарыстар ұйымдастырылады.
  Айтулы мерекеде дастарқаның көркін ашатын, өзіндік маңызы бар тағамымыз – Наурыз көже. Бұл тағамсыз мерекені елестету тіпті мүмкін емес. Жеті санын киелі деп сенген қазақ халқы, көжеге де жеті түрлі өнім қосады. Сонымен бірге молшылық пен береке болсын деп ырымдаған. Ең алдымен көжеге су құяды. Иә, тіршіліктің де бастауы су емес пе?! Сусыз қай тағам дайындалсын?! Сол үшінде көженің маңызды бөлігінің бірі болып саналады. Кейін ет қосылады. Қай уақытта болмасын қазақ дастарқанының берекесін келтіретін осы – ет. Бұл да бір ас мол болсын деген ниетпен қосылады. Етті қайнатып болған соң, арпа қосады. Арпаны денсаулыққа пайдалы және тойымды өнімге жатқызамыз. Содан кейін тары мен күріш сынды дәнді дақылдарды қосады. Бұл дегеніміз осындай жер астындағы бір тамырдан өсіп-өнген дәндер секілді ұрпағымыз да көбейсін деген тілек. Кейін көжеге сүт құйылады. Бұл – бір аспан астында сүттей ұйып отырайық деген мағына. Соңғы тағам әрине – тұз. Қай тағам түріне болсын дәм беретін өнім түрі.
  Ертеректе әйел адамдар қолдарына шағын ыдыс ұстап алып, әр үйдің дастарқанынан көже құйып алып жүрген. Бұл әрекеттің өзінде үлкен мағына жатыр. Яғни, өз үйіне апарып барлығын бір ыдысқа араластырады. Мұның себебі дәм-тұзымыз араласып, осы көжедей дәмді қарым-қатынаста болайық, біріміздің несібеміз бірімізге жұғысты болсын деп ырымдаған екен.
 Байқағанымыздай, халқымыздың мерекелік ырым-тыйымдары мен салт-дәстүрлері өте көп. Сондай-ақ оның әрқайсысының берер тәрбиесі де жетерлік. Осы бір атадан балаға тараған Наурыз мерекесін келешек ұрпақ санасынан ұмыт қылмай, әрі қарай жалғай берейік. Әр адам үшін үлкен той болып саналатын мерекенің де жас буынға берер үлгісі жоқ емес.

А.НҰРЛАНОВА
17 наурыз 2022 ж. 770 0