Көрісу – жаңа жыл, жаңа өмір, жаңа күн

Ал енді ерекше күннің шығу тарихы да көпке қызық болар. Кей мәліметтер бойынша 1918 жылы 24 қаңтар күні Халком кеңесі Григориан күнтізбесін қолданысқа енгізген. Бірақ екі күнтізбе айырмашылығы 13 күн болып қалады. Сол себепті 1918 жылдың 31 қаңтар күні ескі күнтізбені аяқтап, 14 ақпанда келесі айды бастаған екен. Осы ақпаратты басты назарға алсақ, 1 наурыз – 14 наурызға тура келеді. Ол – жыл басы, күнтізбедегі ылдың алғашқы күні болып саналған. Сондай-ақ бұл мерекенің қай уақыттан бастап пайдаланып келе жатқаны туралы дерек жоқ. Мерекенің де бүгінгі күнге дейінгі тарихын әлі де толықтай зерттеп, зерделеу қажет.
Көпшілік бұл күнді тек батыс өңірлерінде ғана атап өтеді дейді. Дегенмен бұл жаңсақ пікір екені мәлім. Себебі осы мерекені әрбір қонақжай қазаққа ортақ ескіден қалған асыл мереке.
Көрісу күні жасы кіші жастар өзінен үлкен ақсақалдарымыз бен ақ жаулықты әжелерімізді аралап, дастарқаннан дәм татып, ізгі тілектерін білдіреді. Кейін үлкендеріміз кішіге ақ батасын беріп, алғыс айтады. Мереке күні әр шаңырақ басында от жағылып, таң сәріден бауырсақ пісіріп, үйге көрісуге кіретін пейілі ақ адамдарды тағатсыз күтеді. Көңілде біріне деген өкпелері болса, кешіреді.
Қазақтың ауыз әдебиетін зерттеуші, танымал жазушы Мұхтар Мағауиннің өз туындысында: «Шу бойындағы төрт халықтың тоғысында жеңісіне жол ашқан» деген мағынасы кең сөздер бар. Қазақ сенімінде тоғыс – наурыздың 14-і мен 15-і күндер аралығына сай келеді. Көпке белгілі халық ырымдары жетерлік. Соның бірі – тоғыстың алдындағы қыс мезгілінде қойдың құмалағы қалың қарға батса, жақсылыққа жорып, келесі жылды берекелі болады деп дәметкен. Сонымен бірге Шәкәрімнің ұлы Ахаттың жазбаларында: «14 март әкей айтты: «Бүгін қазақша Жаңа жыл, Ұлыстың Ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың ескі атауы – Наурыз, бұл фарсы тілі. «Жаңа күн» деген сөз. Қожа-молдалар «ескі әдетті қалдырамыз» деп, құрбан, ораза айттарын «Ұлыс күні» дегізіп жіберген. Ескі қазақша, ескі түрікше Жаңа жыл күннің аты – Ұлыс. Жаңа жыл басының ұлыс екеніне мынадай дәлел бар. «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы болар» деп жазған.
Жыл басынан бірін-бірімен жүздесіп үлгермеген алыстағы тума-туыстар жыл ортасына дейін көрісе береді. Яғни, бұл мереке осы күнмен ғана шектеліп қалмайды. Наурыз айының 14-і нен бастап ай соңына дейін жалғаса береді. Бұл дегеніміз – келешек ұрпақты бауырмалдыққа, ізеттілік пен сыйластыққа үйрететін амал. Иә, қазақ халқының әрбір дәстүрі бала бойына үлкен тәрбие берері сөзсіз.
Бүгінгі Көрісу мерекесі құтты болсын! Еліміз аман болып, бейбіт күннің астында жадырап-жайнап жүре берейік!
А.НҰРЛАНОВА