МӘМС аясында ауыртпалықсыз эндоскопия
Асқазан-ішек жолы ауруларын анықтаудың ең ақпараттық әдістерінің бірі - фиброгастродуоденоскопия (ФГДС). Бүгінде бұл зерттеуден «МедАрт» клиникасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында ауыртпалықсыз өтуге болады.Медициналық орталықта мұрын қуысы немесе ауыз арқылы енгізілетін диаметрі небәрі 4,2 мм болатын өте жұқа зонды бар заманауи жапон эндоскопы қолданылады. Құрылғының жұқалығының арқасында тексеру барынша жайлы өтеді. Пациенттерде құсу рефлексі мен тамақтағы жағымсыз сезімдер болмайды.
«Эндоскоп мұрын-жұтқыншақ арқылы ешқандай жайсыздық тудырмай оңай өтеді. Тексеру барысында асқазанның жағдайын қарады, полиптің өскені анықталды. Диагностикалық тексеруге жергілікті емхана жолдады, енді емімді жалғастырамын. МӘМС аясында қажетті медициналық қызметтерді уақытылы алуға мүмкіндік бар», — деді Қызылорда қаласының тұрғыны Сауле Оспанова.
Процедура бірнеше минутты алады. Осы уақыт ішінде мамандар өңеш пен асқазанның шырышты қабатының жағдайын бағалайды және қажет болған жағдайда әрі қарай гистологиялық зерттеу үшін тіндерден сынама алынады.
«ФГДС NBI - тар жолақты бейнелеу технологиясын қолдану арқылы жүзеге асырылады. Бұл жағдайда шырышты қабаттағы қан тамырлары мен капиллярлардың контрастылығын арттыратын көк және жасыл түсті жарық қолданылады. Мұндай әдіс тіпті кішігірім өзгерістерді, соның ішінде қатерлі ісікке дейінгі жағдайларды анықтауға мүмкіндік береді. Заманауи диагностикалық әдістердің арқасында әртүрлі патологияларды анықтау көрсеткіші айтарлықтай артты. Бұл МӘМС жүйесінің тиімділігін көрсететін мысалдардың бірі», - деді «Клиники МедАрт» ЖШС директоры, дәрігер-гастроэнтеролог Бақыт Калиев.
Клиника мамандары күн сайын шамамен 30 пациент қабылдайды. Ағымдағы жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен жасалған шарт аясында медициналық ұйымға халыққа қызмет көрсету үшін шамамен 33 миллион теңге бөлінді.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының
Қызылорда облысы бойынша филиалының ақпараты бойынша










