Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдық дәрігерлер өңеші жарылған науқасты аман алып қалды

Аралдық дәрігерлер өңеші жарылған науқасты аман алып қалды

Өңештің жарылуы, асқазаннан қан кету, өңешке бөгде заттың түсуі және басқа да бірқатар патологияларды Арал көпсалалы орталық аудандық ауруханасының мамандары анықтап, емдеуде.

Биыл көктемде Арал аудандық ауруханасына «Olimpus» эндоскопиялық бейнежүйесі орнатылды. Жапондық жаңа медициналық жабдықтары асқазан-ішек жолдары мен тыныс алу жүйесінің ауруларын диагностикалаудың ең жақсы әдістерін біріктіреді.
Асқазанның қатты ауырсынуына шағымданып, ауданның 61 жастағы тұрғыны Қаншагүл Ахметова (аты-жөні өзгертілген) келіп түсті. Дәрігерлер эндоскоптың көмегімен науқаста өңештің өздігінен жыртылуын анықтады (Бурхаве синдромы). Тексеру барысында науқасқа тамақтануы үшін зонд орнатылды. Жарылған жері сауығып кеткенде, зонд алынып тасталды. Қазір Қаншагүл апаның денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.
– Қатты кекіру салдарынан өңеш жарылған. Содан кейін кеуде және асқазан ауырды, дене қызуы көтерілді. Эндоскопия арқылы өңештің 20 сантиметрлік жыртылуы және гематома анықталды. Жыртылған жер сауығып кетті. Казір өзімді әлдеқайда жақсы сезінемін. Медицина қызметкерлеріне кәсіби шеберлігі үшін мың алғыс, – дейді Қаншагүл апа.
Көбінесе ауыл тұрғындары өңеш пен асқазанның ауырсынуына шағымданады. Бір-екі жастағы балалар тиын жұтады, ал ересек аралдықтардың өңештерінен негізінен балық сүйектерін алып тастаймыз, дейді эндоскопиялық хирург Әділет Гиззатов.
Эндоскопиялық бейне жүйесінің арқасында қазір мамандар ішкі қан кетудің көзін барынша дәл анықтайды.
«Эндоскоп ұлпаның тереңінде орналасқан қан тамырларының көрінуін жақсартады. Егер науқаста асқазаннан қан кетсе, ошақтарды анықтаймыз және қыспа орнатамыз. Осылайша, қан кетуді тоқтатамыз. Бұрын мұндай жағдайлар күрделі ота жасауды қажет ететін. Айта кету керек, МӘМС жүйесін енгізгелі денсаулық сақтауды қаржыландыру айтарлықтай өсті. Қазіргі таңда пациенттерге жоғары технологиялық медициналық көмек қолжетімді», -деп атап өтті эндоскопиялық хирург Әділет Гиззатов.
Жалпы, жыл басынан бері аудандық ауруханадағы эндоскопиялық бейнежүйемен 700 жүзге жуық медициналық тексеру жүргізілген. Көптеген патологиялар анықталды, соның ішінде қатерлі ісіктер. Дәрігерлер уақтылы скринингтен өтуге кеңес береді.
2023 жылы ТМККК және МӘМС шеңберінде Арал көпсалалы орталық аудандық ауруханасына Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 6,5 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді.
24 қазан 2023 ж. 306 0