КОНСТИТУЦИЯ – ЖУРНАЛИСТ ЕРКІНДІГІНІҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ
«Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деп ұлы ақын Абай айтқандай, қоғамның түзелуі ең алдымен сөздің түзелуінен басталады. Ал сөздің шынайылығы мен әділдігіне жауапты мамандықтың бірі – журналистика. Журналист халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, ел мен билік арасындағы алтын көпірге айналған ерекше кәсіп иесі. Сондықтан журналистің еркін әрі жауапты қызмет етуіне жағдай жасау – кез келген құқықтық мемлекеттің басты міндеттерінің бірі.Қазақстан Республикасының Конституциясы – азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарының кепілі. Онда журналистерге арналған жеке бап болмаса да, олардың кәсіби қызметіне негіз болатын маңызды құқықтық қағидалар бекітілген. Конституцияның 23-бабында сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріліп, цензураға тыйым салынатыны және әркімнің заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен ақпаратты еркін алуға әрі таратуға құқығы бар екені нақты көрсетілген. Нақтырақ көрсетіп кетейік.
"23-бап:
1. Сөз еркіндігіне, ғылыми, техникалық, көркем шығармашылық еркіндігіне кепiлдiк берiледi.
2. Зияткерлік меншік заңмен қорғалады.
3. Мемлекеттік құпияларды қоспағанда, еркін ақпарат алу және тарату құқығы заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен іске асырылады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтер тізбесі заңда айқындалады.
4. Сөз еркіндігі және ақпарат тарату еркіндігі басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтірмеуге, қоғамдық тәртіпті бұзбауға тиіс.
5. Цензураға тыйым салынады.
6. Қазақстан Республикасының конституциялық құрылыс негіздерін күштеп өзгертуді, аумағының тұтастығына, Егемендігі мен Тәуелсіздігіне қол сұғуды, қоғамдық тәртіпті бұзуды, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруді, соғысты, қарулы қақтығысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, этностық, діни басымдықты немесе алауыздықты, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға, сондай-ақ осындай әрекеттерге шақыруға жол берілмейді" – деп көрсетілген Конституцияда. Бұл – тәуелсіз журналистиканың басты құқықтық тірегі.
Ахмет Байтұрсынұлының: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген қанатты сөзі бүгінде де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Расында, қоғамдағы әрбір өзгеріс, әрбір жаңалық алдымен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа жетеді. Сондықтан баспасөздің еркіндігі – мемлекеттің демократиялық даму деңгейінің басты көрсеткіштерінің бірі.
Қазақ журналистикасының тарихында ел тағдырына ықпал еткен тұлғалар аз болған жоқ. ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы және Әлихан Бөкейхан шығарған «Қазақ» газеті ұлттың рухын көтеріп, халықтың саяси санасының қалыптасуына ерекше үлес қосты. Басылым қазақ жерінің тұтастығын сақтау, білім мен ғылымды дамыту, ұлттық бірлікті нығайту мәселелерін үздіксіз көтерді. Бұл қазақ баспасөзінің ел тағдырына ықпал ете алатынын дәлелдеген тарихи кезең болды.
Кеңестік дәуірде цензураның қатаң болғанына қарамастан, көптеген журналистер халықтың мұңын жеткізуге тырысты. Тәуелсіздік жылдарында отандық журналистика жаңа белеске көтеріліп, сөз бостандығының ауқымы кеңейді. Бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық көтеріп, мемлекеттік басқарудағы жариялылықтың артуына ықпал ете бастады.
Қазақстан тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі – 2022 жылғы 5 маусымда өткен республикалық референдум болды. Бұл референдум нәтижесінде Конституцияның үштен біріне жуық баптарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Азаматтардың басым бөлігі реформаларды қолдап дауыс берді.
Конституциялық реформалардың негізгі мақсаты – «Жаңа Қазақстан» идеясын жүзеге асыру, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және азаматтардың құқықтарын күшейту болды. Өзгерістердің нәтижесінде Конституциялық Сот қайта құрылды, өлім жазасына толық тыйым салынды, Парламенттің өкілеттігі кеңейтілді, Президенттің өкілеттіктерінің бір бөлігі қайта қаралды, сондай-ақ адам құқықтарын қорғау тетіктері күшейтілді.
Бұл реформалар журналистика саласы үшін де маңызды болды. Себебі құқық үстемдігі күшейген сайын ақпараттың ашықтығы артып, қоғам мен мемлекет арасындағы диалог нығая түседі. Конституцияда бекітілген сөз бостандығы қағидалары журналистердің кәсіби қызметін қорғаудың негізгі кепілі болып қала береді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты жаңа мемлекеттік модельдің негізі екенін атап өтті. Бұл реформалардың түпкі мақсаты – азаматтардың мемлекет ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, ашық әрі әділетті қоғам қалыптастыру.
Журналистің басты қаруы – шындық. Қазақтың белгілі қаламгері Шерхан Мұртаза: «Журналистің ең үлкен капиталы – халықтың сенімі» деген болатын. Бұл сөз бүгінгі ақпараттық ғасырда бұрынғыдан да маңызды. Себебі жалған ақпараттың таралуы қоғамға үлкен қауіп төндіреді.
Әлемдік тәжірибеде де журналистиканың қоғамға әсері орасан зор. Мысалы, АҚШ-тағы Уотергейт оқиғасын зерттеген журналистердің еңбегі нәтижесінде ел Президенті Ричард Никсон қызметінен кетуге мәжбүр болды. Бұл оқиға журналистиканың қоғамдағы әділдік пен заң үстемдігін қамтамасыз етудегі күшін бүкіл әлемге көрсетті.
Қазақстанда да журналистік зерттеулердің арқасында көптеген әлеуметтік мәселелер көтеріліп, халықтың талап-тілегі билікке жетіп келеді. Су тапшылығы, экология, жол сапасы, әлеуметтік қолдау, білім мен денсаулық сақтау салаларындағы мәселелердің шешімін табуына бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалы зор.
Иә, ғасырға жуық тарихы бар жергілікті "Толқын" газетінің де қоғамның ахуалына еткен ықпалын өткен жылдар күнтізбесі айқындап тұр. Жоғарыда "журналистің басты қаруы – шындық" дегенімізге дәлел бола алатын авторлар мен тілшілердің талай жазбасы өз уақытында өзекті мәселелерді өзеурей көтергенінің кепілі. Бүгінде ауданның абызына айналған Шәкірат Дәрмағамбетов, сыни мақалалардың майталманы Кеңес Өмірзақовтардың кемшілікті дөп басуы ауданның дамуына серпін берді.
Оңталап ЖОЛДАСОВ










