Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ата заңымыз – адам құқығын қорғаудың кепілі

Ата заңымыз – адам құқығын қорғаудың кепілі

Еліміздің тәуелсіздігін бекітіп, бүгінгі заманғы ұстанымына бастау болып, заңдарымыздың негізін салған Ата заңымыздың қабылданғанына биыл 30 жыл толады. Конституцияға сәйкес, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Сәйкесінше заң да халық үшін, халықтың жайлы да тыныш өмірі үшін жасалады.
«Конституцияда ештеңені бұзбаңыз. Мұны сақтау керек, өйткені бұл біздің бостандығымыздың жалғыз кепілі», – дейді АҚШ-тың 16-шы Президенті Авраам Линкольн. АҚШ секілді алып елді басқарған Линкольнның бұл сөзі шындықпен тамырлас. Себебі Конституция сөзінің түп негізі адам құқығын қорғау, бостандығын сақтау, теңдігіне кепіл болу тұжырымына келіп тіреледі. Қазақстанның дамуына ықпал етіп, мемлекеттің ең қымбат қазынасы адам, оның бостандығы мен құқығы екенін бекіткен Ата Заңымыз да елге тұтқа, халыққа бағдар болып, тәуелсіз мемлекетіміз татулықтың тал бесігіне айналып отыр.
Өткенді қорытып, келешекке меже белгілеуде 30 жыл аз уақыт емес. Осы жылдар ішінде Конституция өркениетті елдер сапына қосылуымызға жол ашты. Оның негізгі қағидалары халықаралық стандарттарға сай келіп, қоғам мен мемлекетті дамытудың осы кезеңдердегі ең жетілдірілген үрдістерімен үйлесім тапты. Мемлекеттің тәуелсіздігін нығайтып, экономикалық реформаларды жүргізудің басты құралына айналған Ата Заң адамдардың барлық азаматтық құқығы мен бостандығын қамтамасыз ете отырып, олардың мемлекеттің сенімді қорғауында екенін терең сезінуіне жағдай туғызды.
Қазақтың заңға бағынғаны, адамның құқығы мен бостандығы дала заңында да басты орында тұрғаны тарихи деректерде тайға таңба басқандай нақты жазылған. Сонау Қасым ханның Қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, әз-Тәукенің Жеті жарғысынан бастау алған дала заңдарының негізгі көздегені – адамның ары мен ұятын сақтау, азаматтарды кемсітуге, төмендетуге жол бермеу, тең құқылы қоғам құруға бағытталған. Бұл идеялардың барлығы қазіргі Конституциядан да көрініс тапқан. 
Қазақстанның тұғыры саналатын бүгінгі Конституция – халықтық жоба, ел тілегі, көпшілік қалауының жемісі. Ата Заңымыз 1995 жылы 30 тамызда референдум қорытындысына сай қабылданды. Референдум – демократиялық жүйенің бір көрінісі.
«Басты қазынасы – адам» екенін бекіткен құқықтық, зайырлы мемлекетте бас құжат та, ондағы өзгерістер мен толықтырулар да сол азаматтардың пікіріне, талабына, қажеттілігіне сай дайындалуы керек. Сөз бен істің үйлескеніне біз бүгінгі күнге дейін анық көз жеткізіп келеміз.
2022 жылы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жалпыхалықтық референдум өтіп, конституциямызға өте маңызды және өзекті саналатын өзгерістер енгізілді. Жалпы құқықтық жағынан алғанда негізгі өзгерістердің бірі — Конституциялық Соттың құрылуы болды. Конституциялық Сот азаматтардың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Республика Конституциясына сəйкестігін қарайды. Бұл да өркениетті, құқықтық мемлекетте адам құқығының басты назарда екенін дәлелдейді.
Конституцияның 13 және 14 баптарындағы «Әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар», «Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең»-деген қағидалар - еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бастап бүгінгі күнге дейін құқық саласындағы басымдық беріліп келе жатқан негізгі бағыттарға айналды.
Осы конституциялық қағидатты қамтамасыз етуде мемлекеттік биліктің дербес тармағы – сот билігінің рөлі ерекше. Еліміздің сот жүйесі қоғамның барлық саласында заң үстемдігінің орнығуын қамтамасыз ете отырып, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғап келеді. Өз құқықтарын қорғау мақсатында сотқа жүгінетін азаматтар қатарының көбеюі cоның айқын дәлелі.
Конституцияның пәрмені мықты, маңызы жоғары болуы үшін әрбір азамат өзінің ғана құқығын қорғап қоймай, өзгенің де құқығы мен бостандығына құрметпен қарағаны, заңнан аттамағаны абзал. Сонда ғана Конституция өз мұратына жетеді.
Руслан Алдамбергенов,
Арал аудандық сотының төрағасы.

Фото: Нұрболат Нұржаубай 
22 мамыр 2025 ж. 79 0