Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ең басты құндылығымыз

Ең басты құндылығымыз

Конституция – әрбір Қазақстан азаматының заңда белгіленген мүмкіндіктерін қамтамасыз етуші. Иә, Ата Заңымыз – Конституцияның қабылданғанына биыл, міне, 26 жыл толып отыр. Бүгінгі таңда қолданыстағы Конституцияның басты артықшылығы – адам және оның құқықтары мен бостандықтарын мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы, байлығы деп тануында.
Қазіргі Ата Заң жалпыхалықтық референдум негізінде 1995 жылдың 30 тамызында қабылданып, 5 қыркүйегінде күшіне енді. Ол 9 тарау және 98 баптан тұрады. Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, Қазақстанда Конституция тұңғыш рет 1924 жылы және кейінірек 1937, 1978, 1993, 1995 жылдары жазбаша түрде қабылданды. Қазіргі Ата Заңымыздан бұрын Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 28 қаңтарда алғашқы Конституция қабылданған болатын.
Конституция қабылданар сәтте Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: "Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақ алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз", – деген тарихи сөзі бар.
Ата Заңымыз – тарихи жеңістің, халқымыздың арман-мүддесін заң жүзінде айқындаған, бүкіл әлемге Қазақстан деген азат елдің бар екендігін паш еткен маңызды құжат. Конституциямызда тәуелсіз еліміздің даму бағыты, басқару жүйесі, билік тармақтары жария етілген. «Қасым ханның қасқа жолымен», «Есім ханның ескі жолымен» жүріп, Әз Тәукенің «Жеті жарғысына» арқа сүйеген қазақ елі тарихтың небір тауқыметті жылдары мен сындарлы сәттерін басынан өткерді.
Кез келген азамат Конституциялық құқығын пайдалана отырып, заң шеңберінде әрекет ете алады. Конституция – еліміздің негізгі Заңы. Мемлекетіміздің ішкі, сыртқы саясатының негізгі бағдаршамы. Республикамызда енгізілгелі жатқан кез келген заң Конституцияға сүйене отырып жасалады. Ата заңымыз қазақ халқының бейбітшілік сүйгіш, толерантты халық екендігінің көрінісі. Ұлтына, нәсіліне, дініне қарамай, азаматтарының құқығы ардақ тұтылған еліміз татулықтың өрнегі. Конституциямызда еліміздің демократиялық мемлекет екендігі көрсетілген. Демек, Конституциямен өмір сүру – демократияның ең жоғарғы сатысында болуды көрсетеді.
Ата Заңымыз – халық таңдауы болғандықтан оны әрдайым құрметтеуіміз керек. Адам өмірі мен бостандығы ең жоғары құндылық деп бағаланған Конституциямыздың қоғам өмірінде алатын орны ерекше. Адам өмірінің басты құндылық екендігінің дәлелі Конституциямыздың 9-бөлімінің екеуі адамның бостандығы мен азаматтардың құқығына арналған.
Ата Заң – біздің күнделікті жүріс-тұрысымызды реттейтін, қауіпсіздігімізді қамтамасыз ететін ең маңызды құжат. Елдің дамуына үлес қосқысы келетін азамат сол құжатқа мойынсұнып оны құрметтемейінше, елдің дамуын ойлау мүмкін емес. Әрбір азамат оны қадірлеп- қастерлеуге, ардақ тұтуға міндетті.

К.МАХСҰТ 
28 тамыз 2021 ж. 842 0