Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ата Заң – ел ынтымағының ұйытқысы

Ата Заң – ел ынтымағының ұйытқысы


Осыдан жиырма бес жыл бұрын, 30 тамызда Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басқан еді. Содан бері қарай тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата Заң – мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды.Бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституция барлық қазақстандықтар үшін ең басты құндылықтарды бекітті. Бұл – бейбітшілік, келісім, бірлік, теңдік, заң үстемдігі. Осы құндылықтар – елдің саяси тұрақтылығы мен табысты дамуының негізі саналады.
Қоғамның өркендеуіне қарқын қосып, Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген республикамыздың тұғырлы қағидаттары бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеп келеді. Ынтымағы жарасқан Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналды. Мұның өзі біздің Ата Заңымызда бүкіл адамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің қамтылғанын айғақтайды.
Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекетіміздің іргесін нығайтудағы қарышты қадамдардың қалыптасуы мен жаңа жүйенің орнығуына, саясат сахнасында Қазақстан Республикасының қанат жаюы жолындағы бірден-бір бастаушы заң, серпінді сенім, әділет жолын көрсетер мемлекетіміздің Ата Заңы, айшықты құжаты.
Еліміздің Ата Заңы жүздеген жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарын өз бойына сіңірді. Конституциямызда азаматтардың табиғи құқықтары мен бостандықтары, билік институттарын демократиялық жолмен қалыптастыру және дамыту, Қазақстан аумағында азаматтық қоғам құру туралы дүниежүзі таныған прогрессивті идеялар бекітілді. Ол елімізде сан алуан идеологиялық, сенімдік, ұлттық, азаматтық ұжымдар мен топтардың бірлесіп бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған. Конституцияда бекітілген нормалар Қазақстан Республикасын дамыту мақсатында еліміздің барлық азаматтарының бірлесіп қызмет етулері үшін жағдай жасайды.
Біздің Ата Заң – дүние жүзіндегі ең жас Конституциялардың бірі. Конституция біздің Тәуелсіздігімізді нығайтты, мемлекетті және бүкіл қоғамды берік етті. Біздің ендігі парызымыз – ата-бабаларымыз армандап кеткен Тәуелсіздік туын берік ұстап, осы тәуелсіздіктің нышаны іспетті Конституциямызға құнттылықпен қарап, оны өз Отанымызды, тарихымызды құрметтегендей, құрметтеу.
Конституция күні – тәуелсіз Қазақстанның құқықтық өмірінде мән мен маңыздылығы жағынан ерекше орынға ие, халқымыздың ең жоғары дәрежеде атап өтетін басты мерекелерінің бірі. 
Сондықтан барша қазақстандықтарды алда келе жатырған айтулы да мерейлі дата – Конституция күнімен, Ата Заңымыздың қабылданғанына 25 жыл толу мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!    
Камшат Садуақасова,
Арал аудандық сотының төрағасы
29 тамыз 2020 ж. 1 086 0