ЫНТЫМАҒЫ ЖАРАСҚАН, ТУҒАН ӨЛКЕМ – ҚАЗАҚСТАН

Осы орайда Арал жұртшылығы бейбітсүйгіш елдің бірлігін айғақтайтын ұлы мейрамды кең көлемде тойлады. Ырыс пен ынтымағы жарасқан қазақ елінің мерейлі мерекесі «Ынтымағы жарасқан, туған өлкем – Қазақстан» атты тақырыпта ұйымдастырылып, орталық алаңда барлық мекемелер мен мектеп ұжымдары мерекелік шеруге шықты.
Салтанатты шеру одан әрі «Ақтолқын» би тобының орныдауындағы өзге ұлт өкілдерінің биіне ұласты. Сонымен қатар, биылғы жастар жылын жырына қосқан өнерпаздар әуезді ән шырқап, арнайы глобустан ақ көгершіндер көкке қанат қақты.
Осылайша шат-шадыман көңіл-күймен бастау алған мерекеде аудан әкімі Мұхтар Оразбаев сөз алып, алаңға жиналған қауымды бірлік мерекесімен құттықтап, ақжарма лебізін білдірді.
Татулық пен келісім қағидасын, ынтымағымыз бен бірлігімізді паш еткен мерекелік шара одан әрі мәдени көпшілік концертке ұласты.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.