Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АРАЛДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ШЕРУ ӨТТІ

АРАЛДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ШЕРУ ӨТТІ

Бүгін Арал ауданының тұрғындары  орталық алаңдағы «Балалар мен жасөспірімдердің музыкалық ансамбльдері және оркестірлерінен құралған» ерекше шеруді тамашалады. Арнайы, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай сап түзеген шеру биыл да «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын іске асыру бағытында рухани адамгершілік, эстетикалық, патриоттық тәрбие беру бағытындаұйымдастырылды. Сонымен қатар, биылғы шеру Астана қаласының 20 жылдығы мен Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына арналды.
Арал қаласында екінші рет ұйымдастырылған шеру балғындарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Аудан орталығындағы мектептер, қосымша білім беру мекемелері (аудандық оқушылар үйі мен аудандық өнер мектебі) мен колледждер және спорт мектебі мен білім бөлімі ұжымдарының басын қосқан шеруге жалып 1500-ге жуық оқушылар, студенттер мен ұстаздар атсалысты.
Жаздың шуақты мерекесіне арналған салтанат шымылдығы ең алдымен балабақша бүлдіршіндерінің «Қазақстан – Отаным менің» әнімен ашылды.   
Осы тұста салтанатты шараға қатысқан аудан әкімі М.Оразбаев құттықтау сөзінде «Мінекей, көңілдің гүлі, көздің нұры саналатын балаларға қуаныш сыйлап, олардың білім алып, дене және рухани дамуы үшін лайықты жағдай жасау мақсатында бүгін аудан орталығынан жаңа балалар ойын алаңы пайдалануға беріліп жатыр. Ендеше, балғындарымыздың мерейлі мерекесіне орай есігін айқара ашқан ойын-сауық алаңы баршаңызға құтты болсын! Әрдайым еліміздегі жас өскелең ұрпақтары аман болып, Отанымыздың мақтанышы болуларына тілектеспін!», - деп өзінің ізгі лебізін білдіріп, шеруді ашып берді.
Сән-салтанаты жарасқан шеруді білім қызметкерлерінің үрмелі-соқпалы аспаптар ансамблі бастап шықты. Одан әрі шеруге қатысушы 14 ұжым бірінен соң бірі алаңға шығып, ән-жырларын төгілтіп, биді нақышына келтіре билеп, бар өнерлерін паш етті. Осылайша бүгінгі өткен шеру армандарды асқақтатып, өнерімізді шарықтатты. Шеру соңында барша қатысушылар  «Қазақстан - Отаным менің» әніне флешмоб биледі. Балалар күні одан әрі думанды концерттік бағдарламаға ұласты.
01 маусым 2018 ж. 2 275 0