Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімінің құттықтауы

Аудан әкімінің құттықтауы

Құрметті жерлестер!
Ардақты ағайын!
Баршаңызды халқымыз үшін маңызы зор мереке – Конституция күнімен  құттықтаймын!
Биылғы жыл еліміз үшін айтулы күндер мен мерейтойларға толы.  Соның бірі және бірегейі, ел тәуелсіздігінің кепіліне айналған Ата Заңымыз – Конституцияға 25 жыл толып отыр.
Қай елдің болмасын тұрмыс-тіршілігі қандай да бір заң қағидаттарымен реттелетіні сөзсіз. Осы орайда қазақ елі де өз отауын тіккелі елдің берекесі мен бірлігін сақтайтын заңын қабылдаған болатын.
Елбасымыз айтып өткендей, Ата заң – мемлекеттік биліктің қайнар көзі – халықтың өзі екенін айқындады, жаңа Конституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Конституцияны қабылдау кезінде жүргізілген референдум егеменді еліміздің дербестігі мен саяси тұрақтылығын сипаттаған бірден-бір тарихи, әлеуметтік маңызы зор құжатқа айналды.
Расында, кез келген зайырлы елдің даму бағыттарын белгілейтін басты құжаты – Ата заңы. Осыдан 25 жыл бұрын бүкіл халықтық референдумда кең байтақ Қазақстанның көп ұлтты халқы өзінің егемендік құқығын барша әлемге паш етіп, көптеген елдермен терезесі тең, іргетасы мықты демократиялық жолмен дамып келе жатқан мемлекет екендігін танытты. Сөйтіп, 1995 жылдың 30 тамызында Қазақстан Республикасының Ата заңы өмірге келді.
Тоғыз бөлім мен тоқсан сегіз баптан тұратын Ата заңның алғашқы бабы: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» – деп басталады. Бұл мемлекетімізде адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарының өте жоғары дәрежедегі құндылық ретінде бағаланатындығының айқын дәлелі. Еліміздің Ата заңы халқымыздың дербес ел болуды армандаған, мүддесін заң тілінде айшықтаған, жер шарына «Қазақстан» деген мемлекет бар екенін паш еткен ерекше құжат. Ата заңымыздың өзгешелігі Қазақстан Республикасының тәуелсіз дамуының мемлекеттік тұғырын, басқару тәсілін, билік тармақтарын бекітіп, «байырғы қазақ жерінде мемлекет құрылғанын» жария етті. Конституция бізге, адамдық қадір-қасиетімізге қол сұғылмауына, тіліміз бен дініміздің дамуына, ар-ождан бостандығын қорғауға, адал еңбегімізбен тапқан мүлкіміз бен меншігімізді сақтауға кепілдік береді. Конституция қабылданғаннан бергі уақыттағы тарихи өлшемдер біз үшін бүкіл өткен жолымызды таразылап, ой елегінен өткізуге толық мүмкіндік беретін белгілі бір үлкен кезең болып табылады.
Қазақстан Республикасының Конституциясы қазіргі кезеңде қазақ елінің бірден бір мызғымас бірлігінің символы және оның заңдық тұрғыдан алғандағы құқықтық қамтамасыз етуші құжаты.
Конституция күні – мемлекеттік мереке. Конституция күні біз үшін қасиетті күн болу керек. Өйткені, Ата Заңымыз – Қазақстанның әлемдік өркениетке қарай қарыштай қадам басуының алғы-шарттарын жасап берген жасампаз құжат. Олай болса, біздің міндет – Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау. Өзіміздің елімізді, өзіміздің тарихымызды, өзіміздің жетістіктерімізді қалай құрметтесек, оны да солай аялауымыз керек. Конституцияны сыйлай білмесек, оның талаптарын мүлтіксіз орындай алмасақ, онда қоғамдық келісімге, тәртіпке, бейбітшілікке және тыныштыққа жету мүмкін болмайды, яғни мұндай жағдайда Отанның ырыс-берекелі болашағы туралы айтудың да қажеті жоқ.
Осы орайда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақстан Конституциясы халықтың бірлігі мен мемлекет тәуелсіздігінің берік негізі» саналатынын айтқан болатын. Сондықтан Конституцияны құрметтеу және оны ұлықтау біздің басты парызымыз!
Қымбатты жерлестер!
Баршаңызды Ата Заңымыз – Конституция күнімен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, еңбекте табыс, отбасыларыңызға бақыт тілеймін. Ынтымағы жарасқан еліміздің бағын асыратын, мерейін тасытатын үлкен істе жаңа жетістіктерге жетулеріңізге тілектеспін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Көк байрағымыз көгімізде желбірей берсін!
Ізгі тілекпен, аудан әкімі М.Оразбаев
29 тамыз 2020 ж. 1 041 0