Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ата заң – алтын қазығым

Ата заң – алтын қазығым

Мемлекеттің ішкі тәртібін қамтамасыз етіп, ондағы тұрақтылық пен тыныштықты қалыпты ұстап тұру үшін Ата заңның орны ерекше. Кез келген мемлекеттің өз заңдары болады. Қазақстан Республикасының қазіргі Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданды. Содан бері қарай тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата заң – мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси – экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды.
Қазақстанның Ата заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болып саналады. Бүкіл мемлекеттік құрылымды айғақтайтын, елдің бастауы болып табылатын құжат енді ғана жиырма сегіз жасқа толып отыр. Әрине, тарих ауықымымен айтқанда бұл азғантай ғана мерзім. Десе де, осындай алмағайып заманда Қазақстанның Ата заңы уақыттың сынынан сүрінбей өтті. Өзінің заман талабына лайықтығын жан-жақты дәлелдеді. Негізгі заң тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық және мемлекеттің құрылысының іргелі қағидаттарын бекітіп, демократиялық институттардың дамуына мықты қуат берді. Қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм және мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен шешу республика қызметінің түбегейлі принциптері болып бекітілді. Ата заңымыз бойынша мемлекеттік биліктің бірден-бір көзі – халық болып табылады.
Мемлекетте   демократияның  басты негізі адамның, жеке тұлғаның құқықтық жағдайы болып табылады. Сондықтан  да, адам құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау механизміне нормативті құқықтық   актілер   жатады. Барлық  қазіргі заманға сай конституциялар, оның ішінде Қазақстан Республикасының   Конституциясы да бұл мəселеге ерекше назар аударады. Көпшілігінде адам мен  азамат  құқықтары мен бостандықтары алғашқы бөлімдерде келтірілген, бұл мемлекеттің жеке тұлғаның құқықтық жағдайына қаншалықты қарым қатынаста болатындығын көрсетеді.
Қазақстан Республикасының Конституциясы ең жоғары құндылық ретінде адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп бекітті. Бұл қағида демократиялық мемлекеттің  қызметі мен оның халықаралық құқықтық міндеті. Конституцияда бекітілген жеке тұлғаның құқығы оны жүзеге асыру мен қорғаудың тиімді механизмін құруды болжайды. Адам құқығы, оны сақтау мен кепілдік беру бүгінгі таңдағы маңызды мəселелердің бірі. Адам құқықтарын сақтаудың шындық жағдайы – демократияның маңызды көрсеткіші, оның кемеліне келуі мен руханилығының белгісі.
Өркенді дамуымыздың басты құжатына айналған, бүкіл халық болып қабылдаған Ата заңды құрметтеу біздің міндетіміз әрі парызымыз. Конституциямызда Қазақстан азаматтарының міндеттері туралы жазылған бапта Қазақстан Республикасының Конституциясын құрметтеу және сақтау көрсетілген. Қазақстан қоғамының ұзақ жылдарға арналған өркенді дамуының бағытын нық айқындап берген Конституцияға деген құрметіміз ешқашан таусылмайды.
Н. Марат

30 тамыз 2024 ж. 67 0